Тұңғыш рет барлық өңірдегі баспанаға мұқтаж тұрғындарды кезекке қоюды, олардың арасында тұрғын үйді бөлуді орталықтандырылған түрде, бір жерден жүзеге асыратын республикалық ұйым пайда болады. Үй кезегіндегі көптеген адам одан шығарып тасталады. Өзге де жаңалығы жетерлік.
Жаңа институт құрылады
Мемлекет басшысы 2024 жылғы 22 қарашада «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған болатын. Құжат ертең күшіне енеді. Бірақ оның бірқатар бабы осы заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 6 ай өткен соң, алдағы жылғы мамырда ғана қолданысқа енгізілмек.
Мұндай өтпелі кезең бірнеше себеппен беріліп отыр. Біріншіден, осы жарты жыл ішінде Отбасы банкі «ұлттық даму институты» деген жаңа мәртебесіне сай қайта құрылады. Екіншіден, содан кейін бүкіл 20 өңірдің әкімдігі бірыңғай республикалық электрондық базаға енгізу үшін өзіндегі тұрғынжайға мұқтаждар есебінде тұрған Қазақстан азаматтары, қандастар туралы мәліметтерді жаңа ұлттық даму институтына береді. Осыдан кейін ондаған жыл бойы әкімдіктер жүргізіп келген үй кезегі тарих қойнауына жол тартады. Жұртшылық соған дейін кезекке тұрып қалуға жанталасып, әкімдіктерді шабуылдап, дүрбелең туғызуы мүмкін, мемлекет соған дайын болғаны жөн.
Үшіншіден, 6 ай ішінде Отбасы банкі жанынан «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» құрылады. Ол аталған бірыңғай республикалық электрондық базаны жүргізеді, оған азаматтар мен қандастарды есепке қоюмен айналысады.
Алдағы тұрғын үй реформасының басты бір жаңалығы сол, Отбасы банкінің қазіргі екінші деңгейлі мемлекеттік банк мәртебесі «ұлттық даму институтына» өзгереді. Екінші жаңалық та осыдан туындайды: тұрғынжайға мұқтаждардың бірыңғай, орталықтандырылған, республикалық тізімін жүргізу соған тапсырылады.
– Қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті әкімдіктер мемлекеттік тұрғын үй қорын есепке қоюмен, кезекті жүргізумен, үйлерді бөлумен айналысады. Жаңа заң бойынша осы функциялар Отбасы банкіне беріледі. Бірақ мұндай мемлекеттік қызметтерді банк жүзеге асыра алмайды, сондықтан ол ұлттық даму институтына айналдырылады. Сонымен бірге Отбасы банкінің өзі қазір тұрғын үй салмайды. Сондықтан оны квазимемлекеттік ұйымдары арқылы тұрғызып немесе нарықтан сатып алып, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету әрі қарай да жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады, – деп түсіндірді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.
Мұның сыртында Отбасы банкі үй кезегіндегілер жалға алған жекеменшіктегі пәтерлердің жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялауды, жеңілдетілген ипотека беруді жалғастырады.
Тұрғын үй кезегі жекешелендіріле ме?
Министрдің айтуынша, бұл реформа 2021 жылы әзірленген. Алайда заңы қазір ғана қабылданып отыр. Осыған орай кейбір сарапшы оны ескіріп қалды деп санайды. Өйткені жуырда Отбасы банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова төл реформаларына қатысты ұсыныстарын бөлісті. Ұсыныстары мемлекет шығысын қысқарту үшін Отбасы банкінің үлкен бөлігін IPO арқылы жекешелендіруді және онда тұрғын үй құрылысы жинағын жинайтын клиенттерге жыл сайын төленетін мемлекеттік сыйақыны шектеуді қарастырады.
Экономист Ғалымжан Айтқазин Отбасы банкі БЖЗҚ-дан тұрғын үй құрылысы жинақтарына бөлінетін барлық қаржының операторына айналғанын, ата-аналардың өз баласының болашағына жинайтын білім депозиттері де соған берілгенін еске салды. Келесі жылы бүкіл ел бойынша ортақ баспана кезегін жүргізу және тұрғынжайды мұқтаж азаматтар арасында бөлу функциялары соған тапсырылады. Ал бұл – тікелей мемлекеттің функциясы.
– Мұндай жағдайда Отбасы банкін жекешелендіру мүлдем қисынсыз. Себебі мемлекет те, азаматтар да осы банкке қатты тәуелді болып қалады. Ендеше, халық пен билік тәуелді ұлттық даму институты жеке, бөтен біреудің қолына тисе, ол елімізге өз билігін жүргізіп, өз саясатын таңа бастамай ма? Демек, бұл мәселеге ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан өте мұқият қарауы керек. Ибрагимова IPO аясында бірнеше кезеңмен мемлекеттік акциялар пакетінің басым бөлігін жекешелендіру идеясын ілгерілетпек. Мен мұны орынсыз санаймын. Мемлекет толығымен тәуелді активті сатып жіберу ақылға қонбайды, – деді экономист.
Оның пікірінше, Отбасы банкіне мемлекеттік қолдау қысқарса немесе тоқтаса, оның барлық активі құндылығын жоюы мүмкін. Алайда 2017 жылғы ақпаннан қазірге дейін Отбасы банкін табан аудармай басқарып келе жатқан Ләззат Ибрагимова жекешелендіру идеясын жұртшылыққа жария етіп қойды. Ал ол өз бастамаларын аяғына дейін жеткізетін менеджер ретінде танылған.
Елді толғантқан екі қадам
Сарапшылар жаңа реформа кейбір отбасыларға жан күйзелісін әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Үкімет болса, оған мәжбүрлі түрде барып жатқанын алға тартты. Шенеуніктер мен әкімқаралар жетімбұрыш жағалаған қазақстандықтардың бәрін баспанамен қамти алмады. Қамтымағаны тұрсын, үй кезегі кейінгі жылдары еселеп ұлғайып барады. Мысалы, ресми дерек бойынша 2021 жылы әлеуметтік баспана алу кезегінде 287 мыңдай адам тұрыпты. 2024 жылы баспана кезегіндегілердің қатары 650 мың адамға жетті!
Үкімет осы кезекті барынша қысқарту үшін қос радикалды қадамға барады. Бірінші қадам – үй кезегіне түгендеу-инвентаризация жүргізіп, одан жүздеген мың адамды шығарып тастамақ. Бұл процесс басталып та кетті. Биылғы жылдың жеті айында ғана әкімдіктер жалпы саны 34 мыңдай азаматты кезектен шығару туралы қаулы қабылдады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, бүгінде тұрғын үй кезегінде тұрған 650 мың қазақстандықтың тек 255 мыңы ғана халықтың әлеуметтік осал топтарына жатады. Қалғаны – бюджет қызметкерлері, сот, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскерилер, мемлекеттік қызметшілер, қандастар және басқасы. Министрлік «тұрғын үй кезегінде тұрғандардың тізімін жыл сайынғы түгендеу Қазақстанда 300 мыңға жуық адамның тізімнен шығарылуы мүмкін екенін көрсеткенін» жария етті.
Министр Қанат Шарлапаевтың түсіндіруінше, ашықтықты қамтамасыз ету үшін келесі жылдан бастап, Отбасы банкінің интернет ресурсында үй кезегінде тұрғандардың тізімдері ашық жарияланады. Бұған қоса, тоқсан сайын 1 рет инвентаризация жүргізіледі. Оның барысында кезекте тұрған азаматтардың заңнама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Салыстырсақ, қолданыстағы заңнамаға сәйкес инвентаризация жұмыстарын әкімдіктер жылына тек бір рет жасайтын. Оның қорытындысында тізім оңтайландырылып тұрады.
Екінші қадам – мемлекеттен баспана ала алатындардың санаты азайтылады. Сенатор Ләззат Рысбекованың түсіндіруінше, аталған жаңа заңда азаматтардың кейбір санатына арналған қолданыстағы жеңілдіктер мен басымдықтар қайта қаралды.
– Заңда Қазақстан азаматтары мен қандастарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж деп тану шарттары өзгертілді. Бұдан былай келесі санаттар мұқтаж деп танылмайды, оларға мемлекеттік баспана берілмейді. Біріншісі – өздерінің тұрып жатқан тұрғынжайы белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келмейді деп танылғандар. Екіншісі – жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатқан жағдай. Үшіншісі – отбасы құрамында денсаулық сақтау ведомствосы бекіткен аурулардың тiзiмi бойынша кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып, онымен бiр үйжайда, пәтерде бiрге тұру мүмкiн болмайтын жағдай, – деді Сенат депутаты.
Үйді адам емес, автомат үлестіреді
Қазіргі қолданыстағы заңнама бойынша олардың бәрі мемлекеттен баспана ала алатын. Енді ондай құқығынан жаппай айрылады. Осы мақсатта аталған жаңа заңмен қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 69-бабына өзерістер енгізілді және осы айтылған азаматтар 2025 жылы тұрғынжайға мұқтаждар қатарынан алып тасталады. Жаңа заң бойынша әлеуметтік осал топтар сыртында, тек жалғыз тұрғынжайы «апатты-авариялық» деп танылғандар ғана мемлекеттік тұрғынжаймен қамтамасыз етіледі.
Сенатор Л.Рысбекова санаттарды қысқарту мәселесі Парламент қабырғасында қызу талқыланғанын айтады. Жұмыс топтарының отырыстарында егжей-тегжейлі қаралған көрінеді. Ақыры үш санатты алып тастап, мемлекеттен баспана сұрайтындар қатарын күрт азайтуға шешім қабылданған. Сенат депутаты тек шенеуніктер бұрынғы заңнаманың игілігін пайдаланып, кезекке тұрып қойғандарды үй кезегінен қуып шықпайды деп үміттенеді.
«Жаңа заңды жүзеге асыру баспана алу кезегіне тұрып үлгерген азаматтардың жағдайын нашарлатпауға тиіс деп санаймыз. Олардың саны көп те емес. Мысалы, ауыр дерттермен ауыратын және отбасы мүшелері онымен бір бөлмеде тұра алмайтын науқастардың үй кезегіне тұра алғанының саны бүкіл еліміз бойынша 745 қана. Бұл азаматтар мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе арендалық үйден баспана алу құқығын сақтауы керек», – деді Ләззат Рысбекова. Алайда оларды кезекте сақтай ма, әлде қуып шыға ма, оны әрі қарай депутаттар емес, жауапты шенеуніктер шешеді.
Отбасы банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова болса, түгендеу кезінде олардың шығып қалуы мүмкін екенін жасырмады.
– Бұл 3 жағдай бойынша тоқсан сайын кем дегенде 1 рет инвентаризация жүргіземіз. Бірінші санатты алсақ, санитариялық-эпидемиологиялық, техникалық талаптарға сай емес үйде отбасының бірге тұратын әрбір мүшесіне Денсаумині бекіткен нормаға сәйкес, 15 шаршы метрден аз келсе, сонда ғана кезекте қалады. Айталық, 45 ш.м. ауданда 4 адамнан құралған отбасы өмір сүрсе, олар инвентаризациядан табысты өтеді, кезекте тұра береді. Бір шаңырақ астында бірнеше отбасы ресми тіркеліп тұрып жатса, олардың да осы нормаға сәйкес баспана алу құқығы сақталады, – деді Л.Ибрагимова.
Ол кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастары бар отбасылардың үй кезегіне тұрып үлгергендерінің саны аз екенін, оларды қамтуға мемлекеттің қауқары жететінін айтты. Бірақ ондай ауруы бар екені мемлекеттік ақпараттық жүйемен расталуға тиіс екен. Инвентаризация кезінде базада жоқ болып шықса, тиісті растаушы құжаттарды Отбасы банкіне әкелу құқығы берілмек.
Отбасы банкінің басшысы ұлттық даму институтына айналуға, сондай-ақ баспана үлестіруді, үй кезегінде тұрғандардың ортақ есебін жүргізуді «бір терезе» қағидатымен бір жерден жүзеге асыруға дайын екендерін мәлімдеді. Л.Ибрагимова таяуда болашақта халыққа үйді осы институт қызметкерлері емес, робот, жасанды зерде тарататынын жеткізді. Қазірдің өзінде банк мемлекеттік бағдарламаларды No human (адам жоқ) қағидатына көшіріп жатқан көрінеді. Яғни, онда шешім қабылдауға адам қатыспайды, шешім мемлекеттік дерекқорлар негізінде автоматты түрде қабылданады. Тамыр-танысы көптер емес, кімнің кезегі келіп тұрса, баспана соған ұсынылуға тиіс.
Жаңа заң бойынша Отбасы банк тұрғын үйді бөлу кезінде баспанаға мұқтаж азаматтардың кезекке тұрған күні мен қазіргі табыс деңгейін ескеретін болады. Бұл тұрғын үй кезегінде ұзақ жыл тұрған адамдарды қамтуға жол ашады. Заң жобасын әзірлеушілердің тұжырымдауынша, реформа мемлекеттен баспана алу құқығынан айрылғандарға қиын тимек. Бірақ Үкімет кезекте қала алғандардың үй алу мүмкіндігі жақсаратынына сендіреді.
Елдос СЕНБАЙ