Нәтижелерге сәйкес, Z буыны (22-27 жас) арасында жасанды интеллект құралдарын қолдану ерекше жоғары деңгейде екені анықталды. Респонденттердің 93%-ы ChatGPT, DALL-E, Otter.ai сияқты құралдарды аптасына кемінде екі рет пайдаланатынын мойындаған. Орта буын (28-39 жас) арасында бұл көрсеткіш 79%-ға жетеді.
Google Workspace өнімінің вице-президенті Юлие Квон Кимнің айтуынша, жас қызметкерлер жасанды интеллектті электрондық хаттарды қарап шығу, құжаттар жазу, жиналыс жазбаларын жазу немесе идеялар ойлап табу үшін жиі қолданады.
– Жаңа буын көшбасшылары бұл технологияны тек қолданумен шектелмей, оны тиімді қарым-қатынас орнату мен стратегиялық мәселелерге уақыт бөлу үшін пайдалануда, – дейді ол.
Жасанды интелектті қолдану барысында таяуда Ресейде қызық оқиға болды. Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетінің студенті Александр Жданов ChatGPT-ге 15 сағатта диплом жұмысын жаздырып, оны 8 сағатта өңдеп, барлығы 23 сағатта дайындап, қорғап шыққан. Студент ол туралы Twitter желісінде жариялады. Мәтін 82 пайызға түпнұсқа деп танылған. Комиссия мүшелері студентке мәтіндегі тіл сәйкессіздігі мен ой тізбегінің дұрыс үйлеспегені үшін ескерту жасап, жұмысты «қанағаттанарлық» деп бағалаған. Кейін біреу ол жұмыстың ChatGPT-де жазылғаны туралы университетке шағымданған екен. Қазір білім мекемесінің әкімшілігі тексеру жұмыстарын бастаған көрінеді.
– Жасанды интеллект құралдары алғаш енгізілген кезде калькулятордың пайда болу тарихы секілді қоғамда үлкен пікірталастар туғызуда. Калькуляторлар алғаш рет пайда болғанда, адамдар олардың математика білімін төмендетеді деп алаңдады. Көптеген мұғалім оқушылар есептеуді үйренбей, дайын нәтижелерге сүйеніп, ойлау қабілетін жоғалтады деп қорықты. Бірақ уақыт өте келе, калькуляторларды дұрыс қолдану тәсілдері анықталды. Олар қайталанатын және ұзақ есептерді жеңілдетіп, күрделі мәселелерді шешуге мүмкіндік берді, – дейді IT саласының маманы Ғасыр Құралбайұлы.
Оның сөзінше, ЖИ қоғамға көптеген пайда әкелгенмен, белгілі бір қауіптері де бар. Жасанды интеллект бизнес-процестерді автоматтандырып, өнімділікті арттырады. Диагноз қоюда, емдеу әдістерін анықтауда үлкен көмек көрсетеді. Ал қауіптілігі оны қалай қолданатынымызға байланысты. Құралдарды сауатты қолдансақ, қауіп азаяды.
Chat GPT-ге тыйым керек пе?
Speech Lab компаниясының Data Science тобының жетекшісі Артём Рычко чат-боттар адамды толығымен алмастыра алмайды, сол үшін де тыйым керек емес деп топшылады.
– ChatGPT-тің қазіргі нұсқасы адамдарды алмастырмайды, бұл сөзсіз. Тарих көрсеткендей, уақыт өте келе адамдар істейтін кей жұмыстарды технологиялар атқара бастайды, бірақ бұл жерде ешқандай қауіп жоқ. Ол Google немесе Microsoft Word сияқты жұмысымызды жақсырақ әрі жылдам орындауға көмектесетін құрал ғана. Мысалы, мен ChatGPT-дің арқасында жұмысымның бірнеше сағатын үнемдедім, – деп түсіндірді Артём Рычко.
Дегенмен Sortlist Data Hub жүргізген зерттеу миллениалдардың 43 пайызы чат-боттардың кесірінен жұмыстан айырылып қалуы мүмкін екеніне алаңдайтынын көрсетті. Шын мәнінде, ол негізсіз емес. Өйткені Buzzfeed контентінің кей бөлігін ChatGPT-ден алатынын мәлімдеген. Сондай-ақ жұмыс берушілердің 51 пайызы маркетинг жұмыстары үшін чат-боттарды пайдалануы мүмкін екенін айтқан.
The Guardian басылымының деректеріне сәйкес, ChatGPT аудиториясы 2023 жылдың ақпан айында 100 миллион белсенді пайдаланушыға жеткен. ChatGPT іске қосылғаннан кейін бес күннен кейін ғана 1 миллион пайдаланушыға қол жеткізді. Іске қосылғаннан кейінгі алғашқы айда чат-ботты 57 миллион адам пайдаланған екен.
ChatGPT әлемдегі ең жылдам дамып келе жатқан интернет қызметі болып табылады. Салыстырмалы түрде әлеуметтік желі Instagram іске қосылғаннан кейін 2,5 айдан кейін ChatGPT-тің қолданушылар санына қол жеткізе алды, ал Netflix бір миллион қолданушы аудиториясына тек 3,5 жылдан кейін қол жеткізді.
ChatGPT бүкіл әлемде танымал қолданба болып кетті. Әсіресе, АҚШ (15,36%), Үндістан (7,07%), Франция (3,35%) және Германия азаматтары (4,65%) осы чат-ботты жиі пайдаланады екен. OpenAI мәліметтері бойынша, 2023 жылы ChatGPT чат-боты әлемнің 161 елінде қолжетімді болды. Арасында Ресей, Украина, Беларусь, Қытай, Венесуэла, Иран, Ауғанстан сынды мемлекеттерде бұл қолданбаға тыйым салынған.
– Менің ойымша, жасанды интеллектке тыйым салуға болмайды. Керісінше, оны қолданыста кеңейтуге күш жұмсауымыз керек. Бұл – атқа отыру секілді дүние. Атпен жүру қауіпті, бірақ тақымды қысып, дұрыс отырсаңыз мүлде қаупі жоқ. Асау атты қолға үйреткендей, ЖИ-ді де үйреніп алуымыз керек. Оның көпфункциялы мүмкіндіктерінің арқасында біз жаңа деңгейге шыға аламыз. Қазіргі заманның бір тренді десем де артық емес. Мұндай ЖИ-ге негізделген қолданбалар, боттарды жас ұрпаққа үйрету – міндеттеріміздің бірі. Әрине, тек қана қолданбай, саналы ойлаудың жүзінде пайдалануымыз қажет, – дейді IT саласының маманы Ерболат Мәмен.
ЖИ-ді пайдалану – бұл тек мүмкіндік қана емес, сонымен қатар жауапкершілік. Тыйым салу прогресті тежеуі мүмкін, бірақ оның реттелмеуі де айтарлықтай қауіпті болмақ. Сондықтан тиімді шешім ретінде технологияны дамыту мен оны жауапкершілікпен пайдалану арасындағы теңгерімді табуды алға қою керек.
– ЖИ-ге тыйым салу – мәселенің түпкі шешімі емес. Тыйым уақытша кедергі болуы мүмкін, бірақ бұл технологиялардың кең таралуын тоқтату мүмкін емес. Біз ол технологиялық революцияны тоқтата алмаймыз. Оның орнына, біз ЖИ құралдарын жауапты түрде пайдалануды үйретіп, олардың артықшылықтарын қоғамға пайда әкелетіндей қолдануды үйренеміз. Елімізде саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін ЖИ құралдарын қолданудың дұрыс ережелерін орнату керек. ChatGPT сияқты құралдар дұрыс пайдаланыла білсе, білім беру үдерісін байытады және оқушылардың дамуына үлкен үлес қосады, – дейді Ғасыр Құралбайұлы.
Жасанды интеллект – заманауи технологиялардың қарқынды дамуының айқын дәлелі. Оның денсаулық сақтау, білім беру, бизнес және өнеркәсіп сияқты салаларға енгізілуі қоғамның әртүрлі аспектілерін түбегейлі өзгертуде. Дегенмен ЖИ-дің артықшылықтарымен қатар, оның қауіптері мен этикалық мәселелері де бар. Сондықтан бұл технологияны дамытуда тепе-теңдік сақтап, оның қоғамға оң ықпал етуін қамтамасыз ету маңызды.
Әсет ҚАЛИ