Қазақстанның азық-түлік тауарларын өндірушілері пұшайман хал кешуде. Өйткені жергілікті өнімдерді импорт тықсырып барады. Оған азық-түлік ритейліндегі монополис­тер ықпал етуде.
Ұлттық қауіпсіздік дастарқаннан басталады
257
оқылды

Алдағы 3-5 жылда жағдайды түзеп алмасақ, ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төнбек. «Қазақстанның азық-түлік секторының салалық одақтары альянсы» осылай деп дабыл қағып отыр. Осы мақсатта альянс әуелгіде өз алдына бөлек заң жобасын дайындап шыққан екен. Бірақ мемлекеттік органдар түрлі уәж айтып, қабылдамай тастаған.

Импорт жаншып барады...

Елімізде азық-түлік им­пор­ты жылдан-жылға еселеп артып барады. 2023 жылдың ста­тис­тикасына көз салсақ, Қазақстан 5,9 млрд АҚШ долларына азық-тү­лік өнімдерін импорттаған екен. Со­ның ішінде шұжықтар мен сүт өнім­дерінің басым бөлігін, қантты 95%, консервіленген жеміс-жидек пен көкөністерді солайымен сырт­тан тасимыз. Бұл тенденция биыл да сақталып қалып отыр. Economy.kz сайтының мәліметінше, 2024 жыл­дың бірінші жарты­жылдығында им­­порт $2,4 миллиардты құрапты. Өт­кен жылдармен салыстырсақ, өсу қар­қынын сақтай отырып, 2016 жы­лы – $2,6 млрд, 2018 жылы – $3,3 млрд, 2021 жылы $4,0 млрд бол­ған. Бұл тұста ең үлкен им­пор-т­ер Ресей (43%) екені айтпаса да түсінікті. Екінші орында Қытай (7%), үшінші орында Өзбекстан (5%) тұр. Одан өзге, Испания, Бе­ла­русь, Түркия, Польша, Италия, Гер­мания, Франция, Грузия, Үнді­с­тан сынды және тағы да басқа им­порттаушы-мемлекеттерді атап өту­ге бо­лады. Міне, осы елдерден кел­ген тауар­лар легі отандық азық-түлік өндірушілерді жылдан-жылға тық­сырып, тіпті тұншықтырып бара­ды. Сапасы мен ассортименті жа­ғы­нан біздің өнімдер ше­­­тел­дік­термен бә­се­келесе алғанымен, ба­ғасы жа­ғы­нан еңсере алмай тұр. Ал нарыққа кіру үшін бағасын тө­мен­деткен жағ­дайда импорттау­шылар демпинг жа­сап жолатпайды. Оған себеп: жер­гілікті кәсіпкерлерге ырық бер­мей отырған бірнеше фак­­тор бар. Соның бірі – сауда же­­лілерін­де­гі монополия. Ол тура­лы төмен­де айтатын боламыз.

Сондықтан да тығырықтан шы­ғудың бір жолы ретінде қа­зақ­стан­дық азық-түлік өндірушілер ішкі нарықты қамтитын әлеуеті бо­ла тұра, өнімдерін сыртқа жө­нелт­кенді құп көреді. Мәселен, был­тыр елімізде экспорт $5,4 млрд бол­ған, яки алдыңғы жылмен са­лыс­тырғанда 4,3%-ға төмендеген. Ол тауарлардың көш басында ұн, өсім­дік майлары мен макарон өнім­дері тұр. Ал шындығында өсім­дік майлары немесе макарон өнім­дерімізбен өзімізді толық қам­ти аламыз. Бірақ сапасы жоғары өзі­міздікін сатып, сапасы белгісіз им­портты тұтынып отырмыз. Сол сияқ­ты темекі өнімдерінің де 70%-ын экспорттап отырмыз. Ұнды да сырт­қа сатамыз, бірақ жылына $200 миллионға ұн өнімдерін са­тып аламыз. Бұл ұннан түскен пай­даның тең жартысы. Егер ұн­ның шикізат түрінде шетел ас­қан­нан қалғанын іште өңдеуді жолға қой­сақ, өндіріс, жұмыс орны, са­лық­тай түсімдер есебінен біраз ұт­қан­дай екенбіз.

Монополия мүддесі – қанау

Осы ретте атай кетер бір жайт, ақ­шалай өсім бар болғанымен, им­порт тауарларының нақты кө­ле­мі жыл сайын 3,5-3,6 миллион тонна төңірегінде сақталып қалып отыр. Бұл олардың бағасының да есе­леп қымбаттап жатқанын біл­ді­реді. Ендеше түпкі ауыртпалық қа­рапайым тұтынушының, яки сіз бен біздің қалтамызға түсіп жатыр де­­ген сөз. Ал одан да қиыны – отан­­дық өндірушілерді тұн­шық­ты­рып бара жатқаны. Бұлай жал­ға­са берсе, азық-түлік қауіпсіздігімізге, одан да сорақысы ұлттық қауіп­сіз­дігімізге қауіп төнуі мүмкін. «Қа­зақ­станның азық-түлік секторы­ның салалық одақтары альян­сының» осыны айтып шырылдап жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Олар импорт тауарлар бірінші кезекте азық-түлік ритейліндегі мо­но­по­лист сауда желілеріне қолайлы бо­лып отырғанын айтады. Сон­дық­­тан да түрлі сылтау айтып, отан­дық өндірушілерді дүкен­де­рі­нің сөрелеріне жібермей отыр. Бір­ақ бәрінен сорақысы – мем­ле­кет­тің оларды монополист деп мойындамай отырғаны.

«Бірінші кезекте елімізде мо­но­полияны айқындау әдістемесі ши­кі. Мәселен, Бәсекелестікті қор­ғау жә­не дамыту агенттігі (БҚДА) елі­міз­дің қай өңірінде болмасын сау­да алаңдары, соның ішінде базар, қонақүй, мейрамхана, шағын сауда орындары мен отын құю станса­лары сияқты және тағы да басқа биз­нес нысандарынан тұратын же­лілер, 30%-дан аспайды, ендеше мо­нополия да жоқ деп санайды. Бұлай дұрыс емес. Сауда желілерін бөлек қарастыру қажет. Өйткені азық-түліктерінің 70%-ы осылар ар­қылы өтеді. Тек А, В және С фор­матындағы бөлшек сауданы са­най­тын болсақ, монополиялық си­пат­тар анық көрінеді. Қазақстанда 2 ғана алпауыт сауда желісі бар. Қай өңір­де болмасын сол екеуінің бі­реуі азық-түлік ритейлін моно­по­лиялап алған боп шығады. Ал егер Еу­ропадағыдай 5-6 сауда желісі бо­лар болса, жергілікті өндіруші­лер біреуі болмаса біреуін таңдап ке­тіп қалар еді. Бізде олай емес, не со­лардың қанаушылық шарт­та­ры­на көнесің, не нарықтан кетесің. Сол себепті бізге әдістемені өз­гер­ту керек. Мемлекет ұлттық бизнес­ке болысып, оларды монополист деп танып, арнайы реттеуге алуға тиіс», – дейді «Қазақстанның азық-түлік секторының салалық одақ­тары альянсының» үйлестірушісі Андрей Кукушкин.

Оның айтуынша, сауда же­лі­лері жекелеген тауар са­нат­тары бойынша 40%-ға дейін «рет­робонустарын» тықпалайды екен. Өз бетінше айыппұл салады, со­ның ішінде өндіруші келісім­шарт­ты бұзуға ұмтылған жағдайда да солай. Тауарды алмай қояды не­месе өткен тауардың ақшасын бір жылға дейін бермей жүріп ала­ды. Жеңілдіктерді, акцияларды не­гізінен өндірушінің есебінен жүр­гізеді. Сөрелерде отандық та­уар­ларды бірінші көз түсетін жер­лерге қоймайды. Өнімдерді еш не­гізсіз қайтарып жібереді. Им­порт тауарлардың демпингіне жол бе­реді. Бір сөзбен айтқанда, отан­дық кәсіпкерлерге тиімсіз қанау­шы­лық сипат көзге ұрып тұр. Бұл түп­теп келгенде бағаға әсер етеді. Сол себепті альянсқа мүше барлық ұйым мұндай ахуалға түбегейлі қар­сы.

«Ретробонустарды тықпалау бү­гінгі күннің бас ауруы болып отыр. Мәселен, «Сауда қызметтін рет­теу туралы» заңның 31-бабында әлеу­меттік маңызы бар тауарларға рет­робонус қосуға болмайды де­лін­­ген, ал қалған санаттағыларға 5%-дан аспау қажет. Бірақ бұл сақ­та­лып отырған жоқ, заң жұмыс іс­­­­те­мейді. Ретробонустар 40%-ға дейін барады. Өйткені оның нақты анықтамалығы жоқ, тек нақты бір сауда желісіндегі тауарды өткізуге ба­ғытталған кез келген қызмет үшін алынатыны айталған. Сон­дық­тан да оны ақпараттық мәлімет бер­гені үшін, қоймаға орна­лас­тыр­ғаны үшін, жарнама жасағаны үшін деп ала береді. Ол аздай Сауда жә­не интеграция министрлігі рет­робонустардың мөлшерін көтеру ке­рек деп бастама жасап отыр. Бұл дұрыс емес. Керісінше, бұл мә­се­лені нақты реттеп, барлық алым-тө­лемдерді жойып, тек сауда бә­сін­­­­дегі үстемеақыны қалдырып, биз­­нестегі тараптар тең дәрежеде ын­­тымақтаса алатындай жағдай жа­­сау керек», – дейді «Қазақ­стан­ның ет өңдеуші кәсіпорындары ас­­­социациясы» атқарушы ди­рек­торы­ның орынбасары Юлия Нам.

Бар үміт – Мәжілісте

Альянс әуелгіде өз алдына бө­лек заң жобасын дайындап шық­қан екен. Ол «Кейбір заңнамалық актілерге сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. Мақсат – отандық өндірушілердің мүддесін қорғау. Бірінші кезекте қазақстандық азық-түлік өнімдерін ішкі бөлшек саудасында өткізу үшін қолайлы жағдай жасау. Онысын Мәжіліс депутаттары да, соның ішінде «AMANAT» фракциясы да қол­да­ған. Бірақ мемлекеттік органдар оны сол күйінде өткізбей отыр.

«Біз әуелгіде ұсыныстар дайын­дап, түрлі бағыттағы 40 пунк­т­ке жуық түзетулері бар толыққанды заң жобасын жасап шыққан болатынбыз. Оны тиісті орган­дар­мен қарқынды түрде талқыладық. Олар – бірінші кезекте СИМ, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, ДСМ Санитариялық-эпидемиология­лық бақылау комитеті. Бұл бағытта бізге қолдау көрсеткен Мәжіліс де­путаттарына, соның ішінде жұ­мыс тобының жетекшісі болған «AMANAT» партиясы жанындағы Аграрлық сектордың мәселелері жөніндегі республикалық кеңес же­текшісі, Мәжіліс депутаты Нұр­жан Әшімбетовке зор алғыс айт­қым келеді. Талқылау барысында біз көтеріп отырған мәселелер енгізілген бірнеше заң жобасы бар еке­ні анықталды. Сол себепті мем­лекеттік орган өкілдері бізге өз ал­дына бөлек заң жобасын дайын­дағаннан гөрі ұсыныстарымызды бөліп-бөліп осы уақытқа дейін дайындалып қойылған заң жоба­ларына енгізуімізді ұсынды. Со­ның ішінде қазір Мәжілісте қа­ралып жатқан «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заң жо­ба­сына біз түзетулеріміздің бір бө­лі­гін жолдадық. Екінші бөлігін «Ве­­тинария туралы» заң жобасына ұсынуға дайындап жатырмыз. Оны АШМ-ның комитеті дайындауда. Қалай болғанда да бар үміт Мә­жілісте», – дейді «Қазақ­стан­ның азық-түлік секторының салалық одақтары альянсының» үйлестіру­шісі Андрей Кукушкин.

Оның айтуынша, мем­ле­кеттік органдар тарапынан қарсылық қатты екен. Кейбір ұсы­ныс­тары қабылданғанымен, кей­бірі қабылданбай жатыр. Ал са­ла­лық одақтар альянсы өз ұсыныстар блогын басы бүтін қабылдауды та­лап етуде. Өйткені министрліктер мен сауда желілері қанша жерден жоққа шығарғанымен, жағдай шынымен де аянышты. Дүкен сө­ре­лерінен қазақстандық азық-тү­лік өнімдері құрып барады. Оларға импорттық тауарларды сатқан тиімді боп тұр. Өйткені оларды сату­дан көп пайда түседі. Бірақ бұл жерде мәселе азық-түлік қауіп­сіз­дігінде тұрғанын ұмытпауымыз ке­рек.

«Сауда мен өндіріс текетіреске түскен шақта мемлекет жергілікті тауар өндірушілерді қолдауы тиіс. Өйт­кені сауда кез келген дағдарыс­тан аман-есен өте алады. Ал өнді­ріс көп қолдауға зәру. Ол мық­ты бол­са, экономикамыз да мықты бол­мақ. Бүгінгі геосаяси жағдайды ес­кере отырып, бізге тездетіп отан­дық өндірісті жолға қою қажет. Им­портқа тәуелділік онсыз да на­шарлап тұрған жағдайымызды одан сайын ушықтыра түседі. Ая­қастынан импорт тыйылып қалса, тапшылық пен қымбатшылық қатар бой көрсетеді. Одан бөлек, импорт тауарлар бізге инфляцияны да импорттайтынын ұмытпауымыз керек. Мәселен, шетелде азық-тү­лік қымбаттаса, ол бізде де қым­баттайды. Ұлттық валютаның жиі әл­сіреуінде де бір себеп осы. Өкі­ніш­ке қарай, қазір кәсіпкерлер трей­дерлердің талабына мойын­сұнуға мәжбүр, солардың қызме­тіне мұқтаж. Ол үшін бізге өз ал­дына дербес заң керек. Сондықтан да қазақстандық өндірушілердің өнімдердін жергілікті саудада өт­кі­­зуде әділ жағдай туғызу қажет», – дейді «Қазақстан құс шаруашылығы одағының» президенті Руслан Ша­рипов.

Әрине, кәсіпкерлердің жа­най­қайы Парламент қа­быр­ғасына жет­кені қуантады. Бір­ақ оның нә­ти­жесі қандай бола­ты­ны белгісіз. Сондықтан қуануға ерте. Қатары 100-ден астам азық-түлік өндіру­шіден тұратын альянс бас­тамасы толық қолдау табуға тиіс. Ойы­мыз­ды Президенттің сө­зі­мен аяқтасақ: «Бізге сауда сая­са­тында батыл да жаңа бастамалар ке­рек. Отандық өндірушілерді қор­ғау – мемлекет­тің міндеті. Бір­ақ бұл біз сыртқы әлемнен эко­но­микамызды жауып тас­таймыз де­ген сөз емес, ол әр­қашан ашық бо­­­­лады, бірақ ұлттық бизнестің мүд­десі биік тұруға тиіс». Бір сөз­бен айтқанда, Отан отба­сы­нан бас­талса, ұлттық қауіпсіздік да­с­тар­қаннан басталатынын ұмыт­пағанымыз жөн.

Нұрлан ҚОСАЙ