Елімізде дәретханасы далада орнатылған мектептердің 60 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Аталған олқылықтың күзге дейін реттелетінін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшылығы айтты.
Жиында облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының (бұрынғыша білім басқармасы) басшысы Рахымбек Жолаев облыста жалпы 906 мектеп бар екенін айта келе, оның 900-і – мемлекеттік, ал алтауы жекеменшік еншісінде екенін жеткізді.
Рахымбек Жолаевтың айтуынша, биыл қосымша 12 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Облыста 5 үш ауысымда білім беретін мектеп бар. Өткен жылы үш ауысымда білім беріп келген 3 мектептің құрылысы пайдалануға берілген. Облыста 4 мектептің ғимараты апатты жағдайда болса, былтыр 2 апатты мектептің орнына жаңа ғимараттар салынып пайдалануға тапсырылды. 2020 жылы 7 апатты мектептің орнына жаңасын салу мақсатында 3 мектептің құрылысына қаржы бөлініп отыр.
Сондай-ақ, елді мекендерде ауыз су, ішкі су және орталықтандырылған кәріз жүйесінің болмауы күрделі мәселе болып тұр.
Сондай-ақ, 906 мектептің 174-нің ғимараты ыңғайластырылып салынған. Оның ішінде, саман қыштан салынған мектептің саны – 52.
Айта кету керек, 52 саман мектептің 16-сы жалпы орта мектеп, 11 негізгі орта мектеп, 25 бастауыш мектеп.
Жиын барысында облыстың бас ұстазы білім ошақтарының далада орналасқан дәретханасы жайлы да айтып берді.
Мәселен, облыстағы мектептердің 796-сы ауылдық елді мекендерде ораласқан болса, 110-і қалалық жерлерде. Осы 796 мектептің дәретханалары орталықтандырылған кәрізбен байланысы жоқ.
«Республика бойынша дәретханасы далада орнатылған мектептердің 60 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Қазіргі таңда, 584 мектептің ішкі дәретханаларын және ғимараты ыңғайластырылған 172 мектептің ауласында орналасқан дәретханаларды ретке келтіру үшін жергілікті атқарушы органдар тарапынан жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлеуде.
2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін барлық мектептердегі ішкі дәретханалар қалпына келтіріліп, сыртқы дәретханалар санитарлық талаптарға сәйкестендірледі.
Орта есеппен 584 мектептің ішкі дәретханасын ағымдағы және күрделі жөндеуден өткізуге жалпы 3 млрд 796 млн теңге қажет.
172 мектептің сыртқы дәретханасын қайта құруға жалпы 946 млн теңге қажет. Сонымен қатар, орта есепен 716 мектепке септик және су кіргізуге - 2 млрд 076 млн теңге қажет.
Мектептерге түгел қоршаулар қойылады», – деді басқарма басшысы.
Айта кетсек, 1904-1999 жылдар аралығында типтік жобада салынған 290 мектептің ішкі дәретханалары жеке бөлме, қойма немесе сынып бөлмесі ретінде пайдалануда, ал ыңғайластырылып салынған 125 мектептің сыртқы дәретханалары сын көтермейді.
2000-2019 жалдар аралығында салынған 444 мектептің 40%-нің ішкі дәретханалары істемейді, 48 ыңғайластырылған мектептің сыртқы дәретханалары орташа.
Оқушылардың қауіпсіздігі үшін облыстағы мектептедің 98 пайызында бейнебақылау жүйесі орнатылған. Жыл соңына дейін облыстағы мектептер бейнебақылау жүйесімен 100% қамтылмақ.
Айта кетерлігі, оқушыларды қосымша біліммен қамтуды 70 пайызға жеткізу мақсатында 11 ауданда «Оқушылар үйі» ашылуда.
Тельман БЕЙСЕНОВ,
Түркістан облысы