Бірақ пәрмені оны тек 3 аптаға кідіртуге жетіпті. Ары қарай арыны қатты алпауыттардың тізгінін қоя бермек. Аңтарылған жұрт антимонополиялық органға қарады. Ол саланың азуы алты қарыс алыптарына тісі неге батпағанын айтып, мәлімдеме жасады. Байланыс саласының басқа түйткілдері де әшкере болды.
Алпауыт өзіне жомарт, елге сараң
Ұялы байланыс монополистері тарифтерін жылына бірнеше рет жоғарылатады. Сонымен бірге түрлі сарапшыға, ұйымсымақтарға түрлі «зерттеулерге» тапсырыс береді, олар алпауыттардың бұл қадамын жаппай ақтайды. Мысалы, Қазақстандағы ұялы байланыс тарифтерін дамыған елдермен, Еуропамен салыстырып, оларға қарағанда біздегісі ең арзаны дегенге келтіреді. Шынында, Қазақстанды өз аймағымен – Орталық Азиямен салыстырса, ең қымбаты болып шығады.
Қынжылтатыны, қымбат тариф жоғары сапаны білдірмейді. Азаматтар мобильді интернет жылдамдығының төмендігіне, елдің көп өңірінде ұялы байланыстың ауламайтынына наразы. Өткен аптада, мысалы, қазақстандық монополист Kcell-дің мобильді интернеті істемей, клиенттерін әуреге салды. Осыған орай компания басшысы елден кешірім сұрап, айыбын бонустармен жуып-шаюға уәде етті.
– Бірқатар абонентіміз желідегі ақауларға байланысты интернетке уақытша қосыла алмады. Бұл жағдай жабдықта болған техникалық қателік салдарынан кетті. Шұғыл түрде желіні қалпына келтіру жұмыстарын жүргіздік. Барлық қызмет штаттық режимде жұмыс істеп тұр, интернет жылдамдығы реттелді. Компания атынан сіздерден уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын! Сондай-ақ абоненттерге қосымша бонустар берілетінін хабарлаймын, – деді Kcell басшысы Асқар Жамбакин.
Кейбір азаматтың шағымдануынша, бонус дегені мазаққа көбірек ұқсайтын болып шықты. Компания жұмада, 6 желтоқсанда клиенттерге 5 ГБ бонус сыйлаған. Көп ұзамай, 8 желтоқсанда оны жоя салыпты. Құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Саида Таукелева сол күні байланыстың жоқтығы салдарынан сот процесін кейінге қалдыруға тура келгенін айтады. Ұялы байланыс алпауытының жұмысындағы ақау, сөйтіп шұғыл шараларға кесірін тигізді.
– Kcell тарифін үнемі көтереді. Тарифпен бірге сапасын, қамту аймағын арттырса дұрыс қой. Қаланың мен тұратын ауданында Kcell ауламайды. Үйімде оның телефон байланысынан да, мобильді интернетінен де жұрдай болып қаламын. 5G-ді айтудың өзі ұят, 4G-ді де ұстамайды. Үйге келсем болды, байланыс аясынан тыс жерге тап боламын, ешкім маған қоңырау соға алмайды, – дейді елорда тұрғыны Дана.
Антимонополия неге азусыз?
Сонымен, 7 желтоқсанда Цифрлық даму министрлігі қазақстандықтарға қайырылып, «сүйінші» сұрады. «Байланыс қызметтерінің бағасы жылдың соңына дейін өзгеріссіз қалады», – деді. Еске сала кетейік, жыл соңына дейін 21 күн, тура 3 апта ғана қалды.
«Министрлік байланыс операторларымен талқылау нәтижесінде байланыс қызметтерінің қолданыстағы тарифтерін 2024 жылдың соңына дейін сақтап қалу туралы келісімге келгенін хабарлаймыз. Министрліктің бұл бастамасы азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған! Себебі байланыс құнының тұрақтылығы цифрлық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді», – деді ведомство.
Оның мәлімдеуінше, байланыс операторлары мемлекет бастамасына қолдау көрсетіп, «экономикалық қиындықтарға қарамастан», қолданыстағы тарифтерді сақтап қалуға дайын екенін білдіріпті. Мұндай «жомарттығына» айырбасқа олардың мемлекеттен нендей жеңілдік сұратқаны айтылмады.
– Байланыс – күнделікті өмірдің, жұмыстың және оқудың ұстыны. Байланыс қызметтерінің тарифтерін тұрақты деңгейде сақтау – азаматтардың мүдделерін қорғауға, әлеуметтік маңызды бастамаларды қолдауға деген ұстанымымыздың айқын дәлелі. Министрлік міндеттемелердің орындалуын қадағалауды жалғастырады. Елдің телекоммуникациялық инфрақұрылымын одан әрі дамыту шараларын қабылдайды, – деп уәде етті министр Жаслан Мәдиевтің командасы.
Шектен шыққан монополистердің табанына тас қоятын құзырлы орган қайда? Ол болса, ақталумен айналысып жүр. Айтуынша, шара қабылдайды, алайда сала алпауыттары онымен соттасып, талабын орындамайды. Салдарынан, бұл жолғы түгіл, былтырғы әділетсіз баға көтеруін «заңсыз» деп тани алар емес.
– Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2023 жылы ұялы байланыс қызметтері бағасының өсу фактілерін қарау аясында «Кселл» АҚ (Kcell, Activ бренді), «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Tele2/Altel бренді) және «КаР-Тел» ЖШС (Beeline бренді) операторларына қатысты тергеп-тексерулерді бастаған еді. Олар Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы бойынша «тарифтерін келісілген түрде көтеруіне» байланысты айыпталды. Сондай-ақ ұялы байланыс операторларының төл тарифтік жоспарларында қоңырау құнына 1 минуттық тілдесу үшін 18 теңге мөлшерінде бірдей баға белгілегені әшкереленді. Олардың әрекеттерінде құқықбұзушылық белгілері анықталғандықтан, операторларға бағаны негізделген түрде төмендетіп, бұзушылықты жою туралы хабарламалар жіберілді, – деді антимонополиялық орган.
Негізі, әдетте шаруа осымен бітеді. Мемлекет пен халықты алдамақ, қанамақ болған жүгенсіз монополист айыбын қымсына мойындап, тапқан-таянғанын өзінде қалдырғанына қуанып, тарифін бұрынғы қалпына келтіреді, азды-көпті әділдік орнайды. Бірақ басқа монополистер – бір төбе, ұялы операторлар – бір төбе. Бұлар билік өкілінің бұйрығына пысқырмаған. Антимонополиялық органның бар бітіргені – алпауыттардың заңгерлеріне жұмыс тауып берді.
Ведомствоның хабарлауынша, ұялы байланыс операторлары оның қабылдаған шараларына қарсы сотқа шағым түсірген. Антимонополиялық агенттікке тиісті сот шешімдері қабылданғанға дейін тергеу істерін де тоқтатуға тура келді. Ұялы операторлардың іздегені де осы, енді олар бұл процесті ғасыр аяқталғанша созады немесе агенттік басшылығындағы кезекті ауыс-түйісті күтеді.
Бұл жерде сарапшылар бар айыпты агенттікке таға беруге болмайтынын, ол заңмен берілген азын-аулақ құзыреті аясында қал-қадари қимылдап жатқанын алға тартып жүр. Заңнаманың қолдан жасалған солқылдақтығы, өкілеттігінің шектеулілігі ведомствоның аяқ-қолын матап тастады. Осыдан кейін операторлар ойына келгенін істейді.
Мысалы, 2024 жылғы 19 қарашада агенттіктің Астана қаласы бойынша департаменті «КаР-Тел» ЖШС-ға нарықтағы үстем жағдайын теріс пайдалану белгілерін жою туралы хабарлама шығарды. Компания «тарифтік пакеттерінде үй интернетінің жылдамдығын таңдауда тұтынушыларын шектеп» тастапты.
Мұның сыртында, «Қазақтелеком» АҚ-дан ұқсас заңбұзушылық белгілерінің табылуына байланысты да тергеп-тексеру басталды. Бұдан нәтиже шыға ма? Неғайбыл. Антимонополиялық орган тегеурінді қимылдап, тәртіп бұзуды тыюы үшін заң түбегейлі өзгеріп, қатаңдатылуға тиіс. Айта кету керек, ұялы операторлар биыл тарифті онсыз да көтерді. Жыл соңында тағы өсірмек болды, жас министр оларды үш аптаға ұстап тұр. Содан соң тарифтің қымбаттауы ұялы операторлардың қымбатты клиенттеріне жасаған «жаңажылдық сыйлығына», сүйкімсіз тосынсыйына айналатын түрі бар.
«2024 жылы бағаның өсу фактілері бойынша агенттік биылғы кезеңдегі баға динамикасына талдау жүргізетін болады. Оның нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен құқықтық шара қолданылады. Сондай-ақ агенттік 2024 жылғы желтоқсаннан тарифтерінің көтерілетіні туралы жарияланымына байланысты ұялы байланыс операторларына бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға жол бермеу туралы ескертулер жіберген еді», – дейді антимонополияшылар.
Айыппұлға да айылын жимайды
Ендігі бар үміт – Мәжіліс депутаттарында. Олардың ескірген заңнаманы жаңартатын мүмкіндігі бар. Бұл ретте ұялы байланыс тарифтерінің тоқтаусыз өсімін құрықтау туралы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері бірнеше рет мәселе көтерген-тін. Өз кезегінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Кейбір заңнамалық актілерге телекоммуникациялар нарығын және деректерді өңдеу орталықтарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі.
«AMANAT» фракциясының мүшесі Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, бүгінде ұялы операторлар тарифтерінің қымбаттауы Қазақстандағы әрбір азаматқа кесірін тигізеді. Себебі байланыс құралдарынсыз өмірімізді елестету қиын.
– Мобильді байланыс күнделікті тіршілігімізге дендеп енді. Ұялы байланыс тарифінің күннен-күнге қымбаттауы халықтың қалтасын қағып, тынысын тарылтып барады. Тарифтер жыл емес, ай санап өседі. Ұялы байланыс қызметтерінің тарифтік жоспарлары 2023 жылы бірден 57%-ға өскен. Ал 2021‒2022 жылдары тарифтердің көтерілуі орта есеппен 13%-дан 37%-ға дейін болған. Яғни, бар-жоғы 2 жылдың ішінде тарифтер 90 пайызға көтеріліп отыр, – деді Елнұр Сабыржанұлы.
Өкінішке қарай, мобильді операторлар өзі би, өзі қожа. Қолданыстағы «Байланыс туралы» заңның 20-бабына сәйкес, операторлар байланыс қызметінің тарифтерін негіздей отырып, өзі белгілеп, өзі бекітеді.
Қарапайым мысал: егер қатардағы азамат өз баспанасын ішінен бөліп, баласына қосымша бөлме жасағысы келсе, алдымен мемлекеттен (сәулет, қала салу басқармасынан) міндетті түрде рұқсат алуға тиіс. Алмаса, үлкен айыппұл салынады. Бір топ депутат биыл сол үшін қылмыстық қудалау енгізуді де сұрап, депутаттық сауал жолдады. Ал егер ұялы операторлар елдің әрбір дерлік азаматына қатысы бар теріс қадамға барса, тарифін көтерсе, заң тіпті олардан Бәсекелестікті қорғау агенттігінің келісімін алуды да талап етпейді!
Байланыс алпауыттары заңды аяусыз бұзып, өрескел қателік жасаса да, жазасы жеңіл: монополистік қызмет нәтижесінде тапқан заңсыз кірісінің небәрі 5%-ы алып қойылады. Қалған 95%-ын өзінде қалдырады. Сондықтан Е.Бейсенбаевтың пікірінше, оларға тарифтерін 59%-ға дейін көтеру, біраз жылдан кейін қылмысы дәлелденсе, 5%-дық айыппұл төлей салу әлдеқайда тиімді болып тұр.
Проблемасы көп сала
Айтқандай, Цифрлық даму министрлігі «Байланыс туралы» заңын өзгертетін жаңа заң жобада 2017 жылы жойылған «байланыс қызметінің тарифін мемлекеттік реттеуді» қайтаруды сұрап отырған жоқ. Оны қайтаруға Мәжіліс табандаса оңды болар еді.
«Тарифтердің былайша жөнсіз көтеріле беруіне біріншіден, заңның жұмсақтығы, екіншіден, операторлардың нарықта монополиялық жағдайды иемденуі себепкер. Бұдан бөлек, операторлардың клиентке ескертпестен біржақты тарифтік жоспарды өзгерту, интернет-трафикті ұлғайту, бағасын қымбаттату фактілері жиі кездеседі. Тұтынушылардың шағымы негізінде тиісті министрлік Байланыс қызметін көрсету ережесіне тұтынушылар құқығын қорғау бойынша өзгерістер енгізген. Ұялы байланыс операторлары мұнымен келіспей соттасып, ол өзгерісті жойғызуға күш салып жатыр», – дейді депутат.
Жалпы, байланыс саласында шешілмей, жыл өткен сайын қордалана берген проблема көп. Мысалы, Президенттің «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығымен Цифрлық даму министрлігіне 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін байланыс операторларының кәбілдік кәрізге (кабельная канализация) толыққанды әрі тең қолжетімділігін қамтамасыз ету жүктелді. Ел байқаған шығар, олардың көбінің қақпақ-люгында «Қазақтелеком» деп таңбаланған.
Қазақстанда кәбілдік кәріздің жалпы ұзындығы 14 мың 449,59 канал/шақырым болса, соның басым бөлігі – 13 мың 510,679 канал/шақырымы «Қазақтелеком» АҚ-ына тиесілі. Бұдан басқа, республикада 100-ден астам субъектінің меншігінде телефондық кәбілдік кәріз бар. Алайда министрлік бүгінгі таңда мемлекет меншігіндегі және жекеменшік кәбілдік кәрізді жалға беру мәселелері шешілмеген күйінде қалғанын жеткізді. Салдарынан, нарыққа жаңа интернет провайдерлері, байланыс операторлары кіре алмайды. Президенттің Жарлығындағы тапсырма да уақытында орындалмай қалайын деп тұр.
Республикада әлі күнге интернет жетпеген ауыл жетерлік. 2023 жылы елде қалған 6 290 ауылдың шамамен 1,5 мыңына мобильді интернет те болмаған. Тағы 902 ауылда тек бір ғана мобильді оператор бар. Тұтынушыда ешқандай таңдау жоқ. Содан кейін «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегеннің кері келіп, операторлар қалаған бағасын қоймай қайтсін?! Осы және басқа мәселелер салаға арналған жаңа заң жобасы аясында шешілсе жөн.
Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, қазақстандық байланыс нарығы ең қарқынды дамып келе жатқан сектордың бірі. Байланыс қызметтерін көрсетуден түсетін табыстың орташа жылдық өсімі мұнай және газ өндіру саласының даму серпініне теңесіпті. Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, 2024 жылғы қаңтар-қыркүйекте байланыс операторлары халықтың үстінен 1 триллион 3 млрд теңге табыс тапқан. Бұл былтырғыдан 12%-ға көп. Ендеше тарифті бір жыл көтермесе, оператордың ешқайсысы кедейленіп қалмайды, басқа да табысы жетеді.
Елдос СЕНБАЙ