Бір өкініштісі, жастар әскери билетке ие болуға асықпай тұр. Басым бөлігі сол жердегі жағдайдан үрейленеді. Оның себебі әлеуметтік желіге әлсін-әлсін жарияланатын сарбаздар туралы жайсыз хабарлар болуы мүмкін бе?
Бейбіт заманда әскердегі баласының табытын құшақтап қалуы кімді болмасын бейжай қалдырмайды. Интернетті кезген мына бір статистика да көңілге біткен жараның аузын тырнап тұр. Елімізде кейінгі үш жылда 270 әскери қызметкер қаза болған. Ал Бас әскери прокуратура кейінгі төрт жыл ішінде әскерде 90-ға жуық суицид фактісі тіркелгенін мәлімдеген.
Әскерде әлімжеттік бары белгілі. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Сот шешімі шыққан бір істі мысал етейік. 29 қазанда ғана Жетісу облысы Сарыөзек аулындағы 29 108 әскери бөлімінде 19 жастағы сарбазды ұрып-соғып, өліміне себеп болған лейтенант «Билікті асыра пайдалану» бабымен 7 жылға сотталған-ды. Ал әскерге сау кетіп, төсекке таңылған Ербаян Мұхтардың да оқиғасы ел есінде. Қиыны сол – оларды әскерге көшеден ұстап әкеткен. Қорғаныс министрлігінің таяудағы брифингінде бұл әдіс енді қолданылмайтынын мәлімдеген. Бірақ жергілікті военкоматтар әлі сол көшеден күштеп әкету әдісімен сарбаз жинауды тоқтатпай тұр.
Сонымен жастар әскерден неге қашады? Әлде, жастар әскери билетсіз де нан тауып жейміз, өлмейміз деген түсінікпен өмір сүре ме? Айтпақшы, иә, біздің елде әскери билетсіз де нан тауып жейсіз, тіпті өте жақсы карьера да жасауға болады. Басқа саланы айтпаған күннің өзінде осы әскери сала, ішкі істер органдары, прокуратура секілді мүйізі қарағайдай мекемелердің өзіне жұмысқа тұру үшін әскери билеттің қажеті жоқ. Тіпті, нағыз қажет деп жатса 40 күндік әскери оқуды аяқтап, сол құжатты тапсыра салады. Осыдан келіп әскери билеттің құны көк тиын болып қалғандай... Жалпы, Қазақстанда әскери билеттің беделі қалды ма?
Сананы тұрмыс билейтін нарық заманында көп дүние нан табу мен жан бағудың ара жігімен өлшенетіні ешкімге жасырын емес. Бұл – нарық заңы. Бірақ таразының екінші ұшында Отан деген қасиетті ұғым тұр. Бүгінгідей геосаяси жағдай тұрақсыздау заманда осы Отанды кім қорғайды деген сұрақ шығады алдымыздан. Ал жастар болса әскерге барғылары келмейді. Сөзіміз дәлелсіз емес. БҚО-да 4 бірдей жігіт бір түнде казармадан қашып кеткен. Казарманың үшінші қабатына секіргелі жатқанда одеяло үзіліп кетіп, төртінші жігіт төменге құлаған. Қазір оның жағдайы өте ауыр. Омыртқасы жараланған. Дәрігерлер мүгедек болып қалуы мүмкін деп жатыр.
– 30 қараша күні түнгі екіден кете төрт бала БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ішінде орналасқан әскери казармадан қашып шыққан. Казарманың үшінші қабатынан секіріп, қашпақшы болған төрт жігіттің бірі жерге құлап ауыр жарақат алды. Ол қазір облыстық ауруханада ем алып жатыр. Жігіттің қазіргі жағдайы нашар. Оның омыртқасы жараланған. Казармадан қашқан жігіттер үшінші қабаттан бірнеше төсенішті байлап төменге түскен. Олар терезені, терезеге қойылған торды бәрін сындырған, – деп атап өтті БҚО Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Альберт Бекмұханов.
Казармадан қашып, ауыр денежарақатын алған С. есімді азамат – 19 жасар жігіт. Оған әскерге шақыру туралы хабар бірнеше мәрте жіберілген. Енді казармадан қашқаны үшін қылмыстық жауапкершілік пен қоса материалдық залал келтіргені үшін жауапкершілікке тартылады.
А.Бекмұхановтың айтуынша, казармадан қашқан төрт жігітке қатысты әскери қызметтен жалтару бабы бойынша қылмыстық іс қозғалатын болады. Казармадан қашып кеткен төрт жігіттің үшеуі өз еріктерімен кері оралыпты. Олардан түсініктеме алынып жатыр. Ал төртінші жігіт аурханада жатыр. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ішінде күзет қызметі бар, айнала толған камера. Төрт жігіттің терезені сындырып, қашып жатқанын күзет қызметіндегілер неге көрмеген, неге тоқтатпаған деген заңды сұрақ туындайды.
– Казармадан қашқан жігіттерді жауапкершілікке тартамыз. Әскери полиция мен әскери прокуратура тергеуді бастады. Әскери қызметтен жалтару бабы бойынша іс қозғалды. Казарманың ішінде екі камера бар. Дәлізде де камера бар. Күзет қызметі бар. Олардың бәрінде рация бар. Енді сол күні түнде неге дереу шара қолданбағаны туралы тек тергеу анықтайтын болады. Біз өз кінәмізді жоққа шығармаймыз. Бірақ түнде не болғанын білмейміз, – деді А.Бекмұханов.
Алайда бізбен сөйлескен жараланған 19 жастағы жігіттің ағасы басқа жайтты баяндады. Оның ағасы інісі әскерге шақырту туралы ешқандай хабарлама алмағанын мәлімдеді.
Оларды үшінші қабаттағы жатын бөлмеге орналастырған. Сол кезде бір бейтаныс жігіт бұларды казармадан қашуға үгіттеген. Ол өзін қаладағы атақты бір ресторатордың баласымен деп таныстырыпты.
«Ақшадан қысылмаңдар, айыппұлдарыңды өзім төлеп беремін» деп азғырыпты. Менің інім мен оның достары сол жігіттің алдауына сеніп қашып шыққан. Кейін біз анықтадық. Ол ешқандай да байдың баласы болмай шықты. Бірінші болып сол бала өзі төменге түскен. Кейін қалған үш бала түседі. Соңғы болып менің інім түсіп келе жатқанда байланған жабындар үзіліп кетіп, төменге құлайды. Жігіттер бәрі қашпақ болып дайындалғанда, менің інім орнынан тұра алмайтынын айтқан. Оны көтеріп тұрғызбақшы болады, бірақ ол тұра алмаған. Ол өзі үш жігітке сендер қаша беріңдер, маған жедел жәрдем шақырсаңдар болды депті. Кейін үш жігіт қашып кетеді. Ал терезеден қарап тұрған қалған жігіттер кезекшіні айқайлап шақырады. Ол өз орнында болмай шығады. Кейін бірдене етіп кезекшіні тауып, жедел жәрдемді шақырған. Бірақ менің інім сыртта 1 сағаттай мұздап жатып қалған. Інімнің жараланғанын мен сол жедел жәрдемде істейтін танысымнан естідім. Інім қазір төсекке таңылып жатыр, дәретке де шыға алмайды. Оған екі ота жасалады деп күтіліп отыр. Казармаға сау кірген баламыз ғой. Неге олар жастарды дұрыстап күзетпейді, неге қарамаған?», – деп қынжылады Нұрхат Абулғазиев.
Ал сол күні түнде қашып шыққан жігіттердің бірі «мен әскерге барудан ешқашан бас тартқан емеспін» деп отыр. «Онда неге қаштың?» деген сұрағымызға «білмеймін, байқамай еріп кеттім» деп жауап берді.
– Біз үш доспыз. Үшеуміз де әскерге барудан қашқан емеспіз. Бірақ жанымыздағы жігіттің алдауына сеніп қалдық. Неге еріп кеткенімді өзім де түсінбеймін. Біз үш дос бірге әскерге барайық деп келгенбіз. Бірге барып келейік деп шешім шығарған едік. Мен өзім 18-ге тек кеше маусым айында ғана толдым. Маған ешқандай әскерге шақырту келген емес. Мен сол қашқан күні қақпадан секіріп құлап қолымды сындырып алдым. Ал досымның жағдайы өте ауыр, – деп атап өтті Әли Бейбіт.
Бұл бір ғана факт. Ал әскерден қашып жүрген жастар қаншама.
Әскери міндетін орындаудан жастардың не себептен бас тартқаны әзірге белгісіз. Оны мамандар анықтай жатар. Ал біз өз кезегімізде БҚО бойынша әуе десантшылары бірлестігінің төрағасы Марлен Ғиылманұлын әңгімеге тартып көрдік. Марлен Ғиылманұлы бәрі тәрбиеден басталатынын айтты.
– Негізі көп нәрсе отбасындағы тәрбиеден басталады. Бала шыр етіп дүниеге келгенде анасын көреді. Одан кейін балабақша мен мектепте де әйелдердің саны басым. Ер адамның тәрбиесін көрмеген баладан не күтесіз? Бұл – бірінші проблема. Екінші проблема, қазір әскерді тозақтай етіп көрсету, жаман жағын ғана насихаттау үрдісі белең алып тұр. Әскерден қашудың басты себебі сонда. Жастар әлеуметтік желідегі ақпаратты сараламайды, жұта береді. Ал үйде «балам, дұрыс бол, азамат бол, берік бол» деп отырған әкесі бар ма? Міне, гәп осында. Үшіншіден, қазір әскери билеттің де құны қалмады. Әскерге барған бала да, бармаған бала да бірдей. Мен әскери билетті бір ай оқып алатындарды мүлде қолдамаймын. Бұл билетті сатып алу деген сөз. Бір айда не үйренеді? Не түсінеді?, – дейді БҚО бойынша әуе десантшылары бірлестігінің төрағасы Марлен Ғылиманұлы.
Қазіргі әскери казармадан қашып шыққан төрт жігіттің бірі әскерге жіберілді. Ал қалған үшеуі елде. Бірінің жағдайы ауыр, дәрігерлер алда күрделі екі ота жасаймыз деп отыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы