Нұр-Султан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Сәуле Қисықова бүгінгі күні елорда маңындағы арнайы мекемеде 100 адам оқшаулауға алынғанын айтты, -деп жазады inbusiness.kz.
«Әуе қатынасының қысқаруы, шекараның жабылуы себебінен осы айда елімізге келетін шетел азаматтарының саны азайды. Алты жүзден астам адам стационардан өтті. Қазіргі кезде карантинде жүзге жуық адам отыр. Олар негізінен студенттер, бірінші санаттағы тәуекелге жататын елдерге барып келген азаматтарымыз», – деп түсіндірді.
Сәуле Қисықованың айтуынша, еліміздің азаматтары әлемге тараған індеттен аман-есен.
«Бұл шаралар елімізге инфекцияны кіргізбеу үшін қолданылуда. Бүгінгі күні коронавирус жұқтырған адам анықталған жоқ. Аталмыш стационар қаланың сыртында жеке тұрған ғимаратта орналасқан», – деді Сәуле Қисықова.