Орталық Азия елдерінің ортақ диалогы

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Оған Орталық Азия елдері парламенттерінің өкілдері қатысты. Іс-шара барысында парламенттер мен жергілікті өкілді органдардың Орталық Азия елдерінің орнықты дамуын қамтамасыз ету жолындағы рөлі талқыланды. Сондай-ақ қатысушылар аталған бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.

Мәулен Әшімбаев отырыстың кеңейтілген форматы өңір елдері парламенттерінің стратегиялық диалогын нығайту­ды көздейтінін атап өтті. Сондай-ақ ол мұндай қадам өзара ынты­мақ­тастықты арттырып, Орнықты дамудың жаһандық мақсаттарына қол жеткізу үшін бірлесіп әрекет етуге ықпал ететінін айтты.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты тұжырымдамалық мақаласында өңірдің орнықты дамудың жаһандық күн тәртібін­дегі рөліне кеңінен тоқталды. Орнықты дамудың күн тәртібі қазіргі таңдағы ортақ жаһандық және аймақтық проблемаларды шешуге бағытталған. Бұл ретте климаттың өзгеруі, құрғақшылық, су ресурстарының тапшылығы және экология мәселелері өңір үшін өзекті екені белгілі. Сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі арттыру да елдеріміз үшін ортақ міндет», – деп, палата Спикері мемлекет басшылары белгілеген өңір елдерінің орнықты дамуын қамтамасыз ететін бірың­ғай басымдықтар қатарында да аймақты өркендету жолындағы ортақ мақсаттар бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар Сенат Төра­ғасы жаһандық жылыну, Каспий теңізінің тартылуы, Аралдың жойылуы сияқты өзекті климат­тық сын-қатерлерге назар ау­дар­ды. Бұл проблемаларды оңтайлы шешу үшін Орталық Азия ел­дерінің нақты үйлесімді жұмысы қажет. Онсыз еңсеру мүмкін емес. Бұл ретте парла­ментаралық өзара іс-қимыл, заң­намалық тәжірибе алмасу және жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен ынтымақ­тастық орнату маңызды рөл ат­қарады.

Отырыс кезінде Парламенттік комиссия мүшелері мен сарапшы­лар Қазақстанның ОДМ-ға қол жет­кізу жолындағы бастамалары­на назар аударып, 10 жыл ішіндегі аралық нәтижелерді талдады. Сондай-ақ олар өңір елдерінің орнықты дамуын баяулатып отырған осал тұстарды талқылады.

Іс-шараның нәтижесінде мемлекеттік органдардың және Орталық Азия елдері парламент­терінің өкілдері мен сарапшылар Комиссия қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ойларымен бөлісті. Одан бөлек, қатысушылар ОДМ-ды интеграциялауға және ұлттық заңнамаға озық тәжірибе­лерді енгізуге қатысты пікір білдіріп, ұсыныстарын айтты.

Парламенттік комиссияның отырысында Комиссия мүше­лерімен бірге Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұр­лан Байбазаров, Қырғыз Рес­публикасы Жогорку Кенеші Ха­лықаралық істер, қорғаныс, қауіпсіздік және көші-қон ко­митетінің төрағасы Шыңғыс Ай­дарбеков, Тәжікстан Респуб­ликасы Маджлиси Оли Маджлиси милли Конституциялық негіз­дер­ді, адамның, азаматтың құқық­тары мен бостандықтарын және заңдылықты қамтамасыз ету жөнін­дегі комитетінің төрағасы Дилшод Рахмон, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенаты Қорғаныс және қауіпсіз­дік мәселелері жөніндегі коми­теті­нің төрағасы Кутбидин Бурханов, БҰҰДБ-ның Қазақ­стандағы Тұрақты өкілі Катар­жина Вавьерниа, БҰҰДБ-ның Түрікменстандағы құқықтық консультанты Ширин Ахмедова, Назарбаев Университеті Мемле­кеттік саясат жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшесі Серік Оразға­лиев, халықаралық ұйымдар мен ғылыми-сараптамалық қоғамдас­тықтың өкілдері және басқа да сарапшылар сөз сөйледі.