Бұл іс-шараны Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры ұйымдастырды. Конференцияға әлемнің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар, зерттеушілер, халықаралық ұйымдар мен түркі елдерінің өкілдері қатысып, осы ұлы еңбекке және оның әлемдік мәдениет пен лексикографияға қосқан үлесіне баға берді.
ЮНЕСКО аясында бұл атаулы күнді атап өту осы ұлы еңбектің тарихи маңызын және бүгінгі мәдениетаралық диалогтегі рөлін айқындайды. Бұл ретте халықаралық беделді ұйыммен серіктестік – жаһандану заманында ортақ мұрамызды сақтауға бағытталған ізгі қадам екенін атап өткен жөн.
Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры конференция аясында екі жаңа басылымды ұсынды: Әзербайжанда 86 жыл өткен соң табылған, Халид Саид Ходжаевтың әзербайжан алфавитімен латын қарпінде жазылған қолжазбасы және «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінің көрнекті ғалым, түркітанушы Зифа-Алуа Әуезованың орыс тіліндегі аудармасы. Бұл еңбектер – түркі мәдени мұрасын сақтау және насихаттау жолындағы біздің міндетіміздің айғағы. Сонымен қатар конференция аясында еңбекке арналған деректі фильм көрсетіліп, арнайы көрме ұйымдастырылды.
«Диуани лұғат ат-түрік» дегеніміз не?
«Диуани лұғат ат-түрік» сөзсіз, түркі жұрты ғана емес, әлемдік өркениетке үлес қосқан құнды мәдени мұра, рухани қазына. XI ғасырда Махмұд Қашқари жазған түркі тілдерінің алғашқы энциклопедиялық сөздігі тілдік қана емес, сонымен бірге мәдени және тарихи деректердің қайнар көзі болды. Қолжазбада 9000-нан астам түркі сөзі араб тіліндегі баламасымен түсіндірілген, сондай-ақ түркі халықтарының тұрмысы, әдебиеті, әдет-ғұрыптары және мәдени байланыстары туралы құнды мәліметтер берілген. Бұл еңбек – түркі тілдерінің байлығы мен мәдени әртүрлілігін жүйелі түрде жинақтаған алғашқы еңбек. Сонымен қатар ол түркі мәдениетінің күнделікті тұрмысын, салт-дәстүрлерін және әдеби мұрасын терең зерттеуге мүмкіндік береді.
Кітаптағы ең ерекше жаңалықтың бірі – Махмұд Қашқари жасаған Түркі әлемінің алғашқы картасы. Бұл картада түркі тайпаларының географиялық орналасуы, олардың мәдени және тілдік байланыстары көрсетілген. Ортағасырлық картография мен этнографияның айрықша ескерткіші болып саналатын бұл карта қазіргі түркі мемлекеттерінің аумағымен сәйкес келеді.
Махмұд Қашқари еңбегі түркі жазба мұралары арасында «Орхон ескерткіштерінен» кейінгі маңыздылығы бойынша екінші орында тұр. Сөздікте географиялық деректер (50 провинция, 63 қала, 22 ел мен ауыл), тұрмыстық заттар (106 құрал-сайман, 62 түрлі киім-кешек), соғыс қарулары (58 құрал) және әдеби шығармалар (758 өлең, 266 мақал-мәтел) туралы мәліметтер бар.
Еңбектің қайта жандануы және маңызы
«Диуани лұғат ат-түрік» 1072 жылы жазыла бастап, 1074 жылы аяқталған. Орта ғасырларда үлкен танымалдылыққа ие болған бұл еңбек кейін жоғалып кеткен. ХХ ғасырдың басында ғана Ыстанбұлдағы кітап дүкенінен табылып, ұлы ғалым Али Эмири Эфенди оны сатып алып, Түркияның ұлттық кітапханасына табыстаған.
1994 жылы «Диуани лұғат ат-түрік» қазақ тілінде Асқар Егеубаевтың аударуымен жарық көрді. Ал 2003 жылы бұл еңбек Зифа-Алуа Әуезованың аудармасында орыс тілінде басылып шықты.
2017 жылы ЮНЕСКО «Диуани лұғат ат-түрікті» адамзаттың мәдени мұрасы ретінде танып, 950 жылдық мерейтойын 2024-2025 жылдардағы маңызды мерекелер тізіміне енгізді.
Ұрпаққа үлгі – ұлы мұра
«Диуани лұғат ат-түрік» – түркі мәдениеті мен тілінің тереңдігін, байлығын және өркениет жетістіктерін көрсететін ерекше туынды. Сондай-ақ еңбек тарих пен мәдениеттің мұрасы ғана емес, ол – тілдің бірегейлігі, мәдени жады және ұлттық бірлік идеяларының айнасы және түркітанудың іргелі негізі болып қала береді. Еуропа төрінде, әйгілі Париж қаласында осы тарихи туындының ұлықталған сәтіне куә болдық. Халықаралық конференция барысында таныстырылған зерттеулер мен ізденістер, пікірталастар мен түрлі ұсыныс бұл еңбектің мәнін терең түсінуге жаңа жол ашады. Егер Махмұд Қашқаридің өз сөзімен айтсақ: «Бұл еңбек білімге ұмтылған әрбір жанға жол көрсетіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгілік мұра болмақ».
Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының миссиясы қандай?
Ал халықаралық конференцияны ұйымдастырып отырған Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры туралы айтар болсақ, қор адамзатқа ортақ рухани мұралар мен адамзат өркениетіне түркі халықтарының қосқан рухани-мәдени мұрасының зерттелуіне қолдау білдіріп, олардың ғылыми айналымға түсуіне ықпал етуді мақсат тұтады. Басты миссиясы – түркі мәдени мұрасын сақтау, қалпына келтіру және дәріптеу, Түркі ынтымақтастық ұйымдарын (Түркі мемлекеттер ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мемлекеттерінің парламенттік ассамблеясы) біріктіретін негіздерінің біріне айналу. Ұйымның қызметі «Түркі әлемінің келешегі – 2040» және Turktime бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады. Қазір түркі мәдениеті мен мұрасын дәріптеуде халықаралық деңгейде үйлесімді жұмыс жүргізу арқылы қор жаһандану дәуірінде түркі мұрасының сақталуын қамтамасыз етуге бар күшін салуда. Қордың мәдени құндылықтарды қалпына келтіру, қорғау және зерттеу жолындағы ұмтылысы – болашаққа жасалған маңызды қадам. Ал ғаламдық мұраны сақтау – біздің ортақ мұратымыз. Тіл мен мәдениетті сақтау – тек аймақтық емес, бүкіл әлемдік міндет. Бұл ретте түркі мәдениеті мен мұрасы қоры өз жұмысын жалғастыра беретінін жеткізгім келеді.
Қазір қор халықаралық ынтымақтастығын кеңейту бағытында бірқатар міндетті көздеп отыр. Жақында Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитінде Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев мырза Өзбекстанның қорға толық мүше болуға дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Түркі мәдениеті құндылықтарын насихаттау мақсатында Венгрия мемлекеті қормен бірлескен ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді.
Бұл ұйым 2012 жылы 23 тамызда Бішкекте өткен Түркітілдес мемлекеттер кеңесінің шешімімен Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия елдерінің басшыларының бастамасымен құрылды. Дегенмен қордың нақты қызметі 2015 жылы Әзербайжан үкіметімен қабылдаушы ел туралы келісімге қол қойылғаннан кейін ғана басталды. Осылайша, қордың штаб-пәтері Баку қаласында орналасып, 2022 жылы толыққанды халықаралық ұйым ретінде жұмысын бастады. Бұл кезеңде түркі елдерінің жарналары негізінде қордың бюджеттік жоспары бекітілді.
Қордың мәдени мұраны қорғау және дамыту жолындағы қызметі Қазақстанның мемлекеттік саясатына толықтай сәйкес келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде: «Қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдік экономикалық ахуалдың күрделі кезеңінде Түркі әлемінің ынтымақтастығы нығаюда. Елдеріміздің саяси, экономикалық және мәдени ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруі қажет. Бұл – Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі», – деп атап өтті.
Ұйымның стратегиялық бағыттары мен бюджеттік жоспары 2024-2025 жылдарға бекітіліп, TurkHeritage құжатын әзірлеуден басталмақ. Бұл құжат түркі мәдени мұрасын қорғауға бағытталған нормативтік акт болып табылады. Сонымен қатар көптілді Turk Heritage каталогінің баспа және электронды нұсқалары дайындалуда. 2025 жылы ақпанда Астана қаласында қордың келесі кеңесі өтеді деп жоспарланған.
Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА,
Түркі мәдениеті мен мұрасы
қорының президенті
Париж