Айтыс десе, елең ете қалатын қауым үшін Мейірбектің орны бөлек. Орамды ой, шешен сөйлейтін ақынның сырбаз қалыбы да көрерменді ерекше тәнті етеді. Айтыс сахнасында найзағайша жарқырап жүрген Мейірбек жақында Астанада өткен «Төрлет, еңбек адамы!» республикалық аламанда топ жарып, «Алтын домбыраны» иемденді. Айтыскер дейтін бір өзгеше қауым ғой, сол қауымның ортасынан ойып тұрып орын алған ақынның айтары да бөлек болса керек-ті.
– Мейірбек, «Алтын домбыраң» құтты болсын! Мұны біз айтыстағы көп жылдық еңбегіңнің ақталғаны деп түсінеміз. Дегенмен бұл сыйлықты алған кездегі сезімің қандай болды?
– Көп рақмет! Ең бірінші тілеуімізді тілеген өнерсүйер ағайынға, елге мың алғыс айтқым келеді. Сол тілеуімді тілеген ағайынның қатарында сіздердің газет ұжымы да бар екен. Бала күнімізден бастап әр қадамымызға тілекші болып, жетістігімізге сүйсініп, елден сүйінші сұраған жақындарымның да бар екенін айта кетейін. Әрине, арқадан ауыр жүк түскендей сезімде болып отырмын. Алмас Алматов ағамыздың айтатын сөзі бар еді: «Кезеңің келмей, кезегі келмейді» деп. Кешегі бәйге бабымыз бен бағымыздың қатар жанған сәті болса керек. Сезім бөлек, жан бөлек боп тұр. Әлі де толқыныс басылмай жатқан секілді. Ең басты қуанғаным – былтырғы айтыста да көп көрермен, айтыс жанашырлары келер жылы менің алатыныма үміттеніп, маған жанкүйер болатынын айтып жатты. Бірақ сол сенімнің үдесінен шығу ең ауыр міндет. Сондықтан екі есе жауапкершілікті арттырған кез болды. Осылайша, мәреден көрініп, ойға алған мақсатқа қол жеткізіп отырған жайымыз бар.
– «Алтын домбыра» демекші, бұл сыйлық айтыскер ақындардың қол жеткізетін ең биік шыңы деп қабылдаймыз ба?
– Бір жағынан солай десек те болады. Өйткені «Алтын домбыра» 13 жыл ішінде айтыстың брендін қалыптастырған үлкен жобаға айналды. Жер-жерде, өңірлерде айтыстар өте береді. Бірақ «Алтын домбыраның» бәсі биік. Өйткені көрермен ең күтетін сөз сайысының бірі. Және бұл сайысқа қатысатындар –жылдағы үздік, бәйгелі болған ақындар, бас жүлде мен бірінші орыннан көрінген ақындар. Солардың жекпе-жегі әрі жылдың қорытындысы болғандықтан басқа сайыстарға қарағанда бәсекесі де өте жоғары болады. Бірақ «Алтын домбыра» иелену – ақынның шыққан шыңы, не болмаса өміріндегі жетістігі деп қабылдауға болмайды. Бұдан кейін де айтатын сөзің дұрыс болуы керек, «Алтын домбыра» алғаннан кейін елге не айтамын екен деген екі есе жауапкершілік жүгі жүктелетін дүние. Бәріне уақыт таразы. Ертең тарихта қалатын нәрсе – ақынның аузынан шыққан сөзі, алған жүлдесі емес.
– Дұрыс екен. Қайта айтысқа оралсақ. Кеше мен бүгінді салыстыра аламыз ба? Тіпті, бес жыл бұрынғы уақытты бүгінмен салыстыру мүмкін емес. Осы жылдар ішінде айтыстың қаншалықты деңгейі өзгерді?
– Өткен айтыс пен қазіргі айтысты салыстырып, нақты өлшемін бере алатын тонометр жоқ. Бірақ қай жағынан алсақ та жетістік те, кемшілік те бар. Бұрынғы айтыстардың ең бір артықшылығы – шынайылығында. Сол жердегі айтыстың негізгі табиғатының сақталуы деп жатамыз. Ол кезде көрерменнің де айтысқа деген ықыласы керемет еді. Ол кезең айтысқа шөліркеп келетін. Қазақтың рухани дүниесіне қолдау бөлек болатын. Ақынның бір шумақ өлеңі елді дүр сілкінтетін жағдайға жеткен. 1990 жылы Республика сарайында өткен айтыста Ерік Асқаров Дінмұхамед Қонаев жайлы шырқаған сәтінде халықтың айрықша қошеметіне риза болып, орнынан үш рет тұрып, көрерменге бас иген еді. Бүгінгі айтыстың бір ұтымды тұсы – әлеуметтік желінің дамыған кезіне тұспа-тұс келуі. Кез келген ақынның бір айтылған ұтқыр ойы болса, TikTok, Facebook, Instagram секілді желілерде тарап кетеді. Бір қиын тұсы – бұрын айтыс пен «Тамашаға» шыққан өнерпаз ертеңінде жұлдыз болып жатса, қазіргі ақынның танылуы қиын.
– Керісінше, әлеуметтік желі көбірек танымал етпей ме?
– Өйткені контент өте көп, ақпарат ағыны толассыз келіп жатыр. Неше түрлі шоу-программа, кино, реалити-шоу, одан бөлек, әлемдік мәдениет, ресейлік шоулар арасында айтыс өз көрерменін жоғалтпай келе жатқаны – үлкен жетістік.
– Айтыстың жиі өткені дұрыс па? Әлде, көрерменді жалықтырып жібере ме?
– Қазір айтысқа айтылатын сынның бірі – осыған байланысты, яғни айтыстың жиі өткізілуі. Сондықтан «Алтын домбыра» айтысын көрермен жыл сайын күтеді. Сол сияқты республикалық деңгейде жылына 4 не 3 айтыс өткізгеннен гөрі, үлкен жоғары дәрежеде 1 айтыс өткізсе, ал облыстық, аудандық айтыстар өте беруі керек. Өйткені сол өңірдегі таланттардың танылуына, жастардың болашағына жол ашатын дүние.
Өңірдегі айтыстарға да жан-жақтан ақындар жиналғаны жөн. Бұл да айтыстың деңгейін өсіреді. Бірде Қызылжар өңірінде үлкен айтыс өтті. Сонда қатты қобалжығаным бар. Өңірдегі көрермен менің айтысымды қалай қабылдайды деген қорқыныш болды. Бірақ елдегі ағайынның айтысқа деген махаббатын көргенде, жан-дүниеңмен сезінгенде, өңірлерге көбірек бару керек екенін түсіндім.
Мысалы, солтүстік өңірлерінде қаншама ағайын бар. Бірақ ол жақтарда айтыс көп өте бермейді. Алдағы уақытта солтүстікке көбірек барсақ, артық болмас деген ойдамын.
Астанада өткен «Алтын домбыра» айтысында 30 шақты Мәжіліс депутаты залда отырды. Бұл да айтыстың абыройын көтереді. Ақындар елдің, елдегі ағайынның мәселесін, мұң-мұқтажын айтады. Мұны тыңдаған депутаттар сауал жолдап, мәселенің оң шешілуіне ықпалын тигізуге мол мүміндік.
Кезінде ақындардың бір сөзі бір газеттің ашылуына, я болмаса бір жолдың салынуына әсер еткен. Сол секілді осылай жүйе қалыптасса, бұл ақындардың да сөзінің дуасы бар екеніне, халықтың сенімінің артуына ықпал ететін еді. 2011 жылы Семейде айтысқа бардық. Ол кезде облыс әкімі – Бердібек Мәшбекұлы. Сонда Абай ауылына баратын жолдың нашарлығын айтып келіп, «Абай жолын» жазудан қиын емес, Абайдың жолын жөндеп берсе болды» деп айтқан едім. Сол айтыс біткеннен кейін Бердібек Мәшбекұлы «ақындар осындай орынды сөзін айтты» деп, мәселені келер жылдан қалдырмайтынын айтқан. 2012 жылы Өскемен қаласына айтысқа барғанымызда «Былтыр ақындар осы мәселені көтеріп еді, биыл сол жолды салдық» деді. Бұл үлкен қуаныш сыйлаған дүние болды. Сол сияқты өткен айтыстың да, бүгінгі айтыстың да өзіне тән кемшілігі мен жетістігі көп.
– Әдетте, айтыс десе, ерте кездегі ақындардың айтыс өнеріндегі еңбектерін айтып, бағалайтынымыз анық ғой. Бұл заман о заманнан бөлек қой, қазіргі ақындарды (айтыс ақындарын) осынау өнерге байлап тұрған не нәрсе?
– Қай жағынан алсақ та, өнерге деген махаббат деп білеміз. Әрине, жолай қосылған адам да болады. Ол бұрынғы айтыста да болған. Бұрынғы кезде қолына домбыра ұстатып, шапан кигізіп, партияның жетістігін жырлатып, өлеңін қағазға жазып беріп шыққан «ақындар» да болды. Бірақ олардың емес, шынайы таланттардың аты ел аузында қалды. Сол секілді нағыз таланттар іріктеліп, сахнада қалады. Керегі мен кебегін халықтың өзі ажыратып алады. Қалай болса да бойындағы қазақтық пен ойындағы айтысқа деген махаббат шығар. Әйтпесе, қазіргі жастарда танылуға деген мүмкіндіктің неше түрі бар. Тез танылудың жолы тұрған кезде айтысқа деген құрметі бөлек, соның оқуын оқып, әр өңірге барып жүрген жастарды көргенде қуанамыз. Кешегі «Алтын домбыра» айтысында 100-ге келген ақсақал Жамбылға ұқсап, айтыстың шымылдығын ашып берді. Бұл 43 жылдан кейін қайталанып тұрған тарихи сәт. Ақсақалдың жанында арнау айту үшін жасөспірімдер шықты. Ең кішісі – 6 жаста. Ұрпақ сабақтастығы деген – осы. Міне, осындай балалардың бар екенін білгенде өнер өлмейтініне, төл өнеріміздің төрден түспейтініне сенім ұялайды екен.
Астанада бір ерекше бала бар. Осыдан үш жыл бұрын сол бала маған хабарласты. Үйіне кездесуге бардым. Ата-анасы Ресейде қызмет еткен кісілер екен. Айтуынша, баласына кішкентай кезінде You Tube арнасынан домбыра қосып береді екен. Домбыраның үнімен ұйықтап жүріпті. Бір күні айтысты қосып беріпті. Содан кейін бала тек айтысты тыңдап ұйықтайтын болыпты. Телефонды қолына берсе, өзі айтысты тауып алады екен. Осы күнге дейін айтыспен өмір сүріп келе жатыр әлгі бала. Тіпті, қызыққаны соншалық, айтыс ақындарының суретін шығарып, альбом жасап қойған.
Ата-анасы «осы баланың арқасында қазақша үйрендік» дейді. Мектепке бармаса да, айтысқа деген махаббатымен домбыра үйреніп алыпты. Ел ішінде осындай адамдар. Сондықтан «айтыс керек емес, жабылсын» деген – бекер әңгіме. Айтысты сүйетін көрермені бар да мәңгі жасайды.
– «Айтыс – дала театры» дейміз. Бірақ біз қазір оны шоуға айналдырып алған секілдіміз. Солай ма?
– «Айтыс – дала театры» деген Мұхтар Әуезовтен қалған сөз ғой. Айтыстың әр жанрында әзіл де, ұтымды ой да, уытты сөз де болады. Бұл ақынның стиліне байланысты. Кей ақындар шоу жасаймыз деп соңынан кетіп қалады. Оны өз басым құптамаймын. Сахнада айтылған сөз сол эмоциямен ерекше өтіп кетуі мүмкін, ертеңгі күні қағазға хаттаған сәтте оқуға да тұрмайтын дүние шықпауы керек. Әр ақын өзіне жауап беруге тиіс деп ойлаймын. Шоу екен деп жеңіл дүниеге бара берген жөн емес. Тұтастай алғанда айтыс – синкретті өнер. Мұнда менің сөзім тәуір екен деп қалған дүниені ысырып қоюға болмайды, одан бөлек мақамды құбылту, сахнада өз-өзін ұстау, импровизация, тоқсан өнер тоғысқан кезде барып, шын таланттың мүмкіндігі көрінеді.
– Қазір мойындасақ та, мойындамасақ та, «сананы тұрмыс билеген» заман боп кетті. Күн сайын айтыс, тіпті болмаса, ай сайын айтыс өткізіп жатқан жоқ. Айтыс ақындары қалай күн көреді?
– Жақсы сұрақ. Кейбіреулер ақындар барған сайын көлік ұтып, шалқып өмір сүріп жатыр деп ойлайды. Жоқ, ақындар да қарапайым, қоңыр тіршілік кешіп жатыр. Әркімнің жұмысы, жеке кәсібі бар. Көбі ұстаздық қызметте немесе мәдениет саласында жұмыс істейді. Одан бөлек, тойға шығып, асабалықпен айналысатындар да бар. Өзім кейде той басқармасам да, беташарға шығамын. Ырымдап, «келіннің бетін өзіңе ашқызсақ» дейтін тыңдармандарым бар. Ықыласпен шақырған ағайынға «жоқ» деп айта алмаймын. Бұл да олардың менің өнеріме деген құрметі болса керек.
– Соңғы жылдары байқасақ, сахнаға шығып жүргендердің көбі көпшілік білетін есімдер. Жаңа есімдер, талантты жастар көрінбейді. Әлде, қазір айтысқа қызығушылық азайды ма?
– Көпшілік есімдер жоқ дегеніміз – жоғарыда айтылған мәселеге қатысты да болса керек. Өйткені жан-жақтан толассыз кеп жатқан ақпарат, бір ақынның өз стилімен жарқ етіп шықпағаны да бұған себеп болатын сияқты. Бұрын Арқадан Аманжол аға, Батыстан Меліс ағамыз, Жетісудан Оразалы Досбосыновтың өз стилі, өзіндік өрнегі болды. Оларды даралап тұрған да сол дүние еді.
Қазір әлеуметтік желіден тыңдап өскен бала өзі ұнатқан ақынына еліктеп, мақамына дейін ұқсатып алады. Өзіндік стиль, өзіндік даралық жоқ, жеке ерекшеліктер жойылып бара жатыр. Қытайдағы қазақ айтысы да солай. Ол жақтағы мақам-әуездер ерекше естілетін еді, қазір олар да осы жақтың мақамына салып айтады да, айырмашылық болмай қалған. Арамызда сондай ақын көбейді, жастар ізденістен шет қалып жатыр. Бір-екі айтыста жарқ етіп көрінеді де, кейін көптің арасында есімдері ұмытылып қалып жатады.
Жас уақытта көп іздену керек, көп оқыған жөн. Тек поэзияны немесе көркем әдебиетті оқу деп қарамау керек, барлық жанрды қамтыған жөн. Қаптаған ақпаратқа сүзгі керек. Оның бәрін жұта беруге тағы болмайды.
Жуырда «Қола домбыра» деген республикалық оқушылар айтысы өтті. Сол айтысқа шыққан балалардың талабын көріп, қарқынына қуандық. Кешегі «Алтын домбыра» айтысында да Айым Асылбекқызы деген қарындасымыз қандай тамаша өнер көрсетті. Ақтөбеден келген Нұрбол Жауынбай 24 жасында «Айтыстың ақтаңгері» атанып жатыр. Осындай есімдердің «Алтын домбырада» шыққанына қуандық. Өйткені «Алтын домбырада» жаңа есімнің табылмай жататыны жасырын емес. Сақа ақындар ғана тізімге ілініп, солар ғана бәйгенің басынан көрінетін еді. Осы жолы Нұрбол Жауынбаев І орынды, Айым Асылбекқызы ІІ орынды алды. Алдағы айтыстарда да есімін ел танып жатады деп ойлаймын.
– Жалпы, айтыскер ақын қанша жасқа дейін сахнаға шыға алады?
– Айтыста белгілі бір жасқа дейін шығу керек деген заңдылық жоқ. Бірақ қазір айтыс жасарып кетті. Мұны мойындауымыз керек. Баяғыда алпыстағы ақындар сахнаға шығып жатса, қазір 40-тан асса, сахнадан өздері жылыстап жатады. Өйткені қазіргі жастардың қарқынына ілесу, көрерменді өзіне тарту деген нәрсе бар. Бекарыс Шойбекті ерекше мойындауымыз керек. Бала күнімізден айтыстың 4-5 буынымен айтысып, әлі де бәйгенің басында келе жатқан жүйрік айтыскер.
Баяғы әзіл-сықақ театрларының көріністеріне қазіргі көрермен күлмеуі мүмкін. Сол секілді қазіргі әзілге тамсанып отырған көрерменді келешек буын қабылдамайды. Сол секілді айтыс та өзгере береді. 80 жылғы айтыстарды, 80-90 жылы айтысқа шыққан ақындарды сахнаға шығарса, көрермен қабылдамауы мүмкін. Жүрсін ағамыз талай ретро-айтыстар өткізді. Бірақ көрермен талғамының өзгергені, айтыс форматының ауысқаны белгілі. Сондықтан жас кезде айтысқа шығып, әрі қарай толыса берген, өнерін жетілдіре берген дұрыс деп ойлаймын. Бірақ бұл ақынның қарым-қабілетіне байланысты. Мысалы, Серік Құсанбай ағамыз 2019 жылы Бейімбет Майлиннің мерейтойына арналған айтыста әлі де бабында екенін көрсетті.
– Соңғы кездері «ақындар қарсыласын анықтап, келісіп алады екен» дейтін пікірлер жиі айтылып жүр. Расында солай ма?
– Бұл туралы сұрақтар да көп қойылып, талай талқыға түскен мәселе. Ақындар ішінде де көтерілді. Соңғы «Алтын домбыраны» көрген көрермен түсінер. Дидар Қами екеуміз шыққан супер финалдың өзі 55 минут болыпты. Ешқандай ойласпаған, сол сахнадағы ситуацияда туған нәрселер. Кез келген ақынның қарым-қабілеті 1-2 сағатқа жетеді деп ойлаймын. Бірақ ақын ойының ұшқырлығы сөз табуына байланысты туады. «Түйе мінген қазақтың өзі төрт ауыз өлең біледі» дейді халқымыз. Ақындардың «мына мәселені айтамын, ана тақырыпты қозғаймын» деп ізденуі – көрерменді сыйлауы, айтысқа жауапкершілікпен қарауы. Кейде айтам деген ойды өзіңнен бұрын басқа ақын айтып кетуі мүмкін. Айтыстағы ізденіс пен ақпаратты сүзгіден өткізуі өзгеше болғанымен, өлең құрау стилінің ұқсас болуы ойының бірдей болуына әсер етуі мүмкін. Айтыста қарсыласының белгілі болғаны – ақындардың дайындалуына, сол өңірді жіті бақылауына әсер етеді.
– Өзің де «Еларнада» «Кімнің есінде?» деген бағдарлама жүргізіп жүрсің. Өзіңнің де есіңде не қалды?
– Айтыста жүрген соң, қызықтар таусылмайды ғой. Әр айтысқа барған сайын өнердегі ірі тұлғаларды, олардың болмысын, өзін-өзі ұстауын сырттай бақылап, қызығып қарап жүремін. Мүмкін болашақта естелік әңгімелер де жазғым келеді. 2011 жылы Семей қаласындағы Бесқарағай ауданына айтысқа бардым. Ол кезде атақты Тұрсынғазы Рахимов қазылар қатарында болды. Бір кезде Тұрсынғазы ағамыз сыртқа шығып кетті. Ілесіп мен де шықтым да, не істеп жүргеніне қызығып қарадым. Сөйтсем, кішкентай баламен әңгімелесіп отыр. 4-5 жастағы баланы басынан сипап, үлкен жігіт көріп сөйлеп отыр. «Сәби болғым келеді» деген әнін бүкіл қазақ біледі. Ал мұндай әнді жазу үшін осындай болмыс пен таза бала көңіл болуы керек екен ғой деп, сыртынан қарап сүйсіндім.
Қарқаралыда үлкен айтыс, дүбірлі той болды. Алдымен бәріміз мейрамханаға жиналдық. Айнала у-шу, жұрт даурығып әңгіме айтып жатыр. Бірінен кейін бірі игі жақсылар сөз сөйлеп, тілек айтуда. Мен де айтысқа дайындалу үшін ойымды жинақтайын деп, тойхананың сыртына шығып кеттім. Сыртта Тоқтар Әубәкіров ағамыз қасындағы кісімен әңгіме айтып, іштегі шудан барынша алшақтап тұр екен. Тоқтар ағаның қарапайым қалпына таңғалдым. Төрге таласып тұрған жоқ. Сөз сөйлейін деген ой да жоқ. Қарапайым кейіпте есік алдындағы орындықта әңгіме айтып отыр. Адам биіктеген сайын қарапайым болмысымен шынайы көрінетініне көзім жетті. «Кімнің есінде?» дегенде елдің есінде қалатын айтыстар көп ғой. Сол секілді ақындардың да есінде қалатын хабарлар көп болсын! Тәуелсіз елдің ғұмыры ұзақ болсын!
– Әңгімеңе көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Гүлзина БЕКТАС