Оққағарлар

Аруақтарынан айналайын, кешегі ұстаздарымыздың әрбір сабағы құлағымызға қорғасынмен құйғандай қатып, сіңіп қалушы еді.

Бастауыш сы­нып­тағы математика сабағында «қосыл­ғыш­тардың орындарын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейді» деген шындығы шымшықтай шырылдаған теория бүгінге дейін шып-шырғасы шықпастан жарғақ құлағымызда жаңғырып тұр.

Жаңғырып тұрған соң қаңғырып жүрген бұралқы ит емес, не балақтағы бит емес. Қазақта «жүйелі сөз жүйесін, жүйесіз сөз иесін табады» деген тәп-тәуір тұжырымды сөз бар. Осы амалға шеге қағып бекітсек, жо­ғарыдағы тұжырымы терең теория тия­нақтала түседі.

Япыр-ай, ит жылғы кикілжіңді ұмыт­пай­тын кекшіл кіді кісілер сияқты баяғыда ұмыт болатын түбің түскір теория неге есіме сайтандай сарт етіп түсе қалды екен? Тоқ­тай тұр. Ә бәлем, қолға түстің бе?

Сөйтсем, бұл теория тектен-тек тіліме ора­ғытылмапты. Әй, әйткенмен, «қашқан қоян жатқан қоянды ала кетеді» демекші, бүгінгінің белсенділері баяғыда санада бұғып қалған амалды бұғалықтан босатып жіберген екен ғой.

Біздің қалада қызыл империяның тұ­сын­да да, тәуелсіздік туы астында да мем­ле­кеттік қызметтің түбін түсірген ат төбе­ліндей тімірсік топ бар. Өздері шеттерінен «сен тұр, мен атайынның» нақ өзі. Өзі болмаса да көзі. Сидиған денелеріне, жыра-жыра беттеріне, сыпсиған сақалдарына, сидамдаған жүріс-тұрыстарына қарама­саңыз, Шыңғыс ханның әбден шыныққан сарбаздарындай ширақ. Енді ширақ дегенде тау қопарады деп ойлап қалмаңыз. Бірақ тұзы жоқ қара көжедей сылдыр сөзге, дәмсіз әңгіме-дүкенге, түлкідей түрленіп жағымпаздануға, әкім-қаралардың жамбас­тарына көпшік қоюға келгенде ешкімге есесін жібермейтін сайыпқыран шетте­рінен. Бұл жағынан қолдары жүріп тұр. «Тау мен тасты жел бұзады, адамзатты сөз бұза­ды» деген ып-ырас сөз. «Сіз ұлы адамсыз» деп кез келген әкімнің мақтауын асырып, жаманын жасырып, қолтығына кіріп алудан ешқайсысы арланбайды. Есесіне барлық марапат солардың омырауларында, шапан-шаттық солардың иықтарында. Балалары, немерелері құзырлы мекеме­лерде жіліктің майлы басын  ұстап отыр. Олардың арасында атақтарынан ат үркетін мүйізі қарағайдай зиялы қауым өкілдері де бар.

Ана бір жылдары рэкет дегендер шықты ғой. Олардан кейін коммерсант, іскер адамдар қаптады. «Жаңа қазақтар» деген ұлтымыздың тағы бір «руы»  пайда болды. Осы азаматтар Құдайдың бейбіт күндерінде қақ маңдайларынан бір безбүйрек бұзақы, қағынған қанішер «тарс»  еткізіп атып кететіндей, айналасына пілдей-пілдей оққағар ұстады. Оларды «оққағар» деп атағаннан гөрі «отшашар» деу тиімдірек. Өйткені Салқынбектің сүзеген сиырындай  көздері зәрленіп от шашып тұратын. Содан соң қайда барса да, тіпті патшалардың өздері жаяу баратын сайға барса да соңда­рынан көлеңкесіндей ілесіп бірге баратын. Қазір де қалада осындай жанын Құдайға қимайтын қыршаңқы қорқақтар қыруар.

Біздің шалдар осы оққағарлардан қоян­ның егіз көжегіндей, тауықтың шөпілдеген шөжегіндей ұқсас болмаса мұрнымды кесіп берейін. Абыз ақсақалдарымыздың кез келген адамның бойына біте бермейтін тағы бір  сиқыры бар. Ол өңірге келген жаңа әкімді, мейлі ол қайдан келсін, мейлі Айдан келсін ағайын-туыс етіп ала қоятыны. Олардың әкімнің қасынан көлеңкесіндей еріп қалмайтыны соншалық, «япыр-ай, осылар басшымен қойындасып бірге ұйықтайды ма екен?» деген де сұмдық  ой сумаңдап, жаныңды жай таптырмайды.

Тегі «бөрі арықтығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» деген сөздің де жаны бар. Қанша жерден тепсініп, түгі бетіне шығып, алдына келгенді тістеп, артына келгенді теуіп, асаулық танытқанымен, қай әкім де жынынан айырылған бақсыдай біздің шалдардың алдында мойнына бұғалық түскен тайдай жуасып қалады. Олардың алдында бөгелек тиген жылқыдай басын шұлғи беретін атау-ақіреті жоқ белгісіз бір жұқпалы ауруға ду­шар болады. Осы дерттің ши­па­сын әзір­ге еш­бір елде тапқан шипа­гер жоқ. Соған қара­ғанда бұл ши­қан­ның алдында қазіргі медицина да мешел-ау шамасы.

Жуырда біздің облыс­қа жаңа әкім тағайындалды. «Кім екен?», «Қайдан екен?», «Қай жүздің баласы?» деген жымыс­қы жасырын сауалдар бұл жолы да садақтың сансыз жебесіндей жан-жақтан жаңбырша жауды. Қызық болғанда, облыстың бүкіл ауылын ішек-қарынына дейін қотарып ақтарғанда бұл әкімге туыс болып келетін бір пенде шықсашы. Қас қылғанда бұл әкім кісікиіктей саяқ жүретін қақатұяқ біреу екен. Мустангтей жалына қол тигізбейді, жанына жан жолатпайды.

Біздің шайтанды да шыр айналдыратын шебер шалдар алдарынан өткел бермес ор кездескендей үрпиісіп қалды. Әкімшілік ғимаратын әрі айналды, бері айналды, саңылау таппады.  Ақыры амалдары адасып, шөл аймақтан қаталап келгендей діңкелері құрып, әкелері жаңа өлгендей аһ ұрып, бүйі тигендей бүк түсіп жатып қалды.

Түйнек тигендей дөңбекшіп жатқан Титыққа құрдасы Қитық хал сұрай келді.

–  Ау, Титықжан, мына әкіміңіз сиырдай мөңкіп, маңайына жан жолатар емес. Не амал бар? –  деп бір бүйірлей келіп жанына жантайды.

–  Сен босқа тантима. «Әкіміңіз» деп маған меншіктеп қоятындай немене, екі туып, бір қалғаным ба еді? –  деп  дөңбекшіп жатқан Титықтың талағы тарс айырылды.

–  Жә, жә, жетер енді. Сонша тулағаның не? Сөздің сіралғысы да менікі. Япыр-ай, мына әкім кілтін қырық  қабат жердің астына көмген құлып сияқты ашылмас па екен?  Мұны қалай етуге болады? –  деді Қитық көтерілген сатысынан бір баспалдақ төмен түсіп.

– Үркекбас біреу сияқты ғой. Өзі балалар үйінен шыққан неме емес пе екен? – деді Титық.

–  Ойпырым-ай, неткен көрегенсіз! Тап бастыңыз. Бұл пақырыңыз балалар үйінен шыққан безбүйректің  дәл өзі, –  деді Қитық.

–  «Таста тамыр жоқ» деген тап рас. Мынауың тасжүрек біреу болып шықты, –  деп Титық құрдасының сөзін қуаттады.

Ақсақалдар ақылдаса келе жаңа әкімнің түп тамырын тереңнен қазып түгендемекке уағдаласты. Бұл аса маңызды, жауапкер­шілігі жоғары барлау қызметіне ұйқыдағы кісінің қандай түс көріп жатқанын бетіне қарап біле қоятын, ел ауызында «Зымиян» деген зілмауыр лақап аты бар Нұртай бірауыздан сайланып, бекітілді.

Қолына қасиетті қызмет тиген Нұртай ырғалып-жырғалып жатқан жоқ, су жаңа жұмысына білек түре кірісіп кетті. Әкімнің туған жерін індете іздестіріп кеп беріп еді, Ешкіөлмес деген жерде шақалақтың кіндігі кесілген болып шықты. Ешкіөлмес ит өлген жердегі бір қиыр шетте жатқан жер екен. Жаз­ған құлда шар­шау бар ма? Нұр­тай бір «тайға» мініп, шоқы­рақ­татып Ешкі­өлмеске де жетті.

Қас қылған­да, Ешкі­өлместің ең­кіш тартқан елгезек­тері, мыжырайған шал-шауқаны, ақсақал­дылары мен қарасақал­дылары Жолдан Тауыпалғанұлын білмейтін болып шықты. Тер сіңген қара бөркін шекесінің мына ше­тіне бір, ана шетіне бір қи­сай­­тып, ұзақ ой­ланыңқырап қалған Жотабай шал қолындағы таяғымен жерді дүңк-дүңк еткізіп ұрып,  шегір көзін алысқа қадап тұрып қалды. Ашық ауыздар, жабық ауыздар, сығарайған көздер, мыжы­райған көздер ошырылып Жотабайдың насыбай сасыған ерініне  емексіп елжірей қарасты. Бұл жолы насыбай иісі аңқыған ауыздан жауыз сөз емес, шындыққа бастайтын дәу із сынды лепес шықты.

– Ту-у, қара басқыр басым-ай, қара басып, дәл іргемізде тұрған балалар үйін есімнен тарс шығарып алыппын ғой. Жолдан деген жүгермек дәу де болса сол үйде тәрбиеленген болса керек, –  деп Жотабай жондана сөйледі.

Нұртай шешесі шекесі торсықтай ұл тапқандай қуанды. Жол сілтеген Жотабай жәкесімен  асығыс қоштасып, Ешкіөлмес­тегі балалар үйіне тікесінен тік тартты.

– Сондай бір бала болыпты, –  деді ескі құжаттарды аудастырып-төңкестіріп отыр­ған балалар үйінің директоры, –  бірақ оның соңғы жылдары қайда жүргені біз үшін белгісіз.

Әккі тыңшыдай тиянақты Нұртай тығырыққа тірелді. Тәрбиешілер Жолдан деген жеткіншекті жыға танымайтын болып шықты. Одан беріде қанша жыл өтті, қанша су ақты. Сол кездегі тәрбиеші апайлардың біразы төмпешікке ай­налыпты. Қалың тұманда адасқан адам­дай мең-зең болып тұрғанда тәр­биеші Жұпаркүл жерден жеті қоян тауып алғандай орнынан секіріп тұрып, айқайлап жіберді.

– Ағай, мен білемін! – деді кекеш­тене сөйлеп.

–  Нені білесің?

– Жолданды тәрбиелеген апай­ды білемін.

–  Ол кісі қайда? 

– Осында тұрады.Зейнеткерлікке бая­ғы­да шығып кеткен. Бүгінде жасы тоқсанға келіп қалды-ау шамасы. Сол апайға бір кісінің жиі келіп тұратынын Зеберкүлден естігенмін.

Мына сүйінші хабар Нұртайдың баяғы­да өліп қалған әкесі тіріліп келгенінен бе­тер әсер етті. Нұртай талып қалмаса да, талмаусырап барып есін зорға жинады. Орнынан ұшып тұрып Жұпаркүл­дің ыстық күнде бояуы  айғыз-айғыз ағып тұрған екі бетінен алма-кезек шөп-шөп сүйді.

Нұртай Клара Владимировамен көптен көрмеген туысын сағынып тапқандай айқайлап келіп амандасты. Арса-арсасы шыққан шандыр шешейге екі қолын ала жүгірді. Клара Владимировна құлақтан қалғанымен, санасы сембепті.

– Ой, Жолданчик, ой, мой золотой! Ол менің балам ғой! – деп көзіне жас алды.

Есіне әлденелер түсіп, айналасы жыра-жыра көк көзін орамалмен қайта-қайта сүрткіштей берді.  Барлаушы үшін ең сұмдығы сол, он ойланып, мың толғанса да Жолданның қай қазақтың баласының ұрпағы екенін тап басып айтып бере алмады.

Нұртайдың зымиян басына бір сұрқия ой келді.

– Клара Владимировна, мен Жолда­н­ның жеті атадан туысатын бауыры едім. Сіз осыны балаңызға мықтап, шегелеп түсін­дірсеңіз екен, – деген бақайесебін бажай­лап жеткізді.

– Ой, Боже мой! Соншама жыл Жолданчигімнің бір туысы табылмаған еді. Сіз қайдан келдіңіз? Жерден шыққан Мәдісіз бе, әлде көктен түскен періштесіз бе? – деп кемпір шоршып түсті.

Мұндай қулық-сұмдықтың талайын қолдан жасап үйренген Нұртай небір түлкібұлаңға салып бақты. Бірақ шүйкедей кемпірді сендіре алмады.

Амалы таусылған Нұртай облыс орталығындағы қадірменді қарияларды бір қойын сойып үйінде күтті. Алдағы шараның жоба-жоспарын олардың құлақтарына майдай сіңіріп болған соң бір автобусқа тиеп, Клараның алдына алып келді. Шатақ шалдардың арасында сайтанның өзін шатыстырып, алдап жіберетін Алдар­көселер пішен еді. Олар шүйкедей кемпірді шыр айналдырды. Шыр айналмақ түгілі бір айналғанға құлап түсетіндей қауқары бар Клара «өтірік айтатын жер бұл ара емес еді ғой» деуге шамасы келмей шалқалай құлады.

Кемиек кемпір көнді. Көнбесіне қойды ма? Оның үстіне, Клараға да күнара келе бермейтін бір ой келген. «Түбі қазақ болған соң осы Жолдан балама шыққан тегі де керек қой. Бұл қазақтың тегі жоқ адамды өзектен тебетін бәлесі бар. Араларында есі бүтін шалдары да бар екен. Соларға баламды еншілеп берейін.  Қазағының мазағына емес, тазалығына ілінсін» деп ойлаған.

Сонымен, Жолдан  Тыраш руының Құраш деген атасының бел баласы болып шыға келді. Уф!

Бүгінде Жолдан Табылғанұлының айналасы ақылмандарға толы. Сақалдылар­дың тұла бойлары сорғалап тұрған сөз. Қойны-қоныштарынан ақыл-кеңес желіні сыздап келіп иіген сиырдың сүтіндей шелектеп құйылады.

Шайтан шалдардың сөздері де өтімді, өздері де өтімді.

Иә, оңай дейсіз бе, қазаққа қосып алу тегі жоқ бір жетімді!

Сонымен, әңгімеміздің  біссіміласын­дағы математикалық амалға оралайық. Мұны «әкімдер өзгергенімен, оққағарлары өзгермейді» деп бүгінгі күн талабына сай түрлендірсек, қатып кетпейді ме?

Жаса, оққағарлар!

Сабырбек ОЛЖАБАЙ