«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Гвинея-Бисау президенті Умару Сисоку Эмбалоны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, – деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало шағын құрамда келіссөз жүргізді
164
оқылды

«Ақорда» резиденциясында Қазақстанға ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, – деп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Умару Сисоку Эмбало бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы президенттерге рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан соң мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Президенттің айтуынша, Гвинея-Бисау – Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктесі.

– Біз екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы ықпалдастықтың келешегі зор деп санаймын. Ол үшін үкіметтер өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыруға бар күш-жігерін салады. Сонымен қатар халықаралық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Біз басты халықаралық құрылымдардағы, ең алдымен, БҰҰ және Ислам ынтымақтастық ұйымындағы Сіздің еліңіздің өкілдерімен байланысты күшейтуге дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ауыл шаруашылығы, тау-кен өнеркәсібі, цифрландыру және көлік-логистика бағыттары бойынша өзара қарым-қатынасын дамытуда әлеуеті зор екеніне назар аударды. 

Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдірді. 

– Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатудың мәні зор. Мен бұған дейін еліңізге Премьер-министр ретінде келген едім. Бұрнағы жылдары Гвинея-Бисаудың студенттері Қазақстанда оқыған болатын. Олардың басым бөлігі техникалық мамандық бойынша білім алды. Біз осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастырғымыз келеді. Себебі Қазақстаннан үйренеріміз көп, – деді Гвинея-Бисау президенті.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.