Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасына сүйене отырып, Түркістанда арақ-шарап сатуға тыйым салуды ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сонымен қатар депутат ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне:
- 600 жылдан астам уақыт бұрын салған кесененің құлау қаупі бар. Қабырғалары ылғалдың әсерінен түсіп, оның кейбір жерлеріне тұз пайда болған. Мұның бәрі ғимараттың негізін бұзып отыр. Сонымен қатар кейбір жерінде төбеден сылақ құлаған. Бұл мәселелердің бәрі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Осыны шешуге Мәдениет министрлігі қандай жұмыс атқарып отыр? Қабылданып отырған заң аясында кесенеге қол сұғушылық немесе сақталуы қамтамасыз етілген бе?-деп, сауал жолдады.
Одан кейін мәжілісте сөз алған депутат:
«Осы заңның аясында Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақ ішіп ләйліп көшеде жүруге тыйым салсақ. Өйткені Түркістан – рухани астанамыз. Бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек, ол жерде біздің бабаларымыз, әулие, батыр-билеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақтар келеді, сол кезде біздің азаматтарымыз арақ ішіп алдынан шығатын болса, ұят қой. Сондықтан осы заңның аясында «арақсыз қала – рухани қала» деп араққа тыйым салуға бола ма?», – деді.
Аталған сұраққа қатысты Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев ішімдік ішуге тыйым салу ұсынысына қатысты жауап берді.
«Бұл негізі жақсы бастама. Түркістан қаласында ақсақалдар, интеллигенция өкілдері, белсенді азаматтар арақсыз қала жасайық деп осы бастаманы көтерген. Бірақ облыс орталығы құрылғалы бері бізде инвестиция көлемі артты. Келетін туристердің саны миллионнан аса бастады. Оның үстіне, шетелдік туристердің саны 20 мыңнан аса бастады. Қажетті инфрақұрылымдар салынып жатыр. Қонақүйлер, бизнес орталықтар, т.б.
Бизнес қауымдастық бұл мәселеге келгенде екіұдай күйде. Соншама турист, қонақ келгеннен кейін оларға тиісті деңгейде сервистік қызмет, өздерінің талап деңгейіндегі қажеттіліктерді біз беруіміз қажет. Ол кісілердің тарапынан осындай пікірлер бар. Сондықтан бұл – өзекті мәселе. Әлі де талқылау үстінде», – деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.