Астанадағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы 2019 жылдың 26 тамызында қала әкімдігінің жанынан пилоттық жоба ретінде ашылған болатын.
Саналы қоғам қызды қорғайды
197
оқылды

Жобаның басты мақсаты – мемлекеттің әлеуметтік саясатын қолдау, қоғамның әлеуметтік өмір сүру жағдайын реттеудің бір бағыты ретінде қоғамның әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту. Сонымен қатар қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға психологиялық, әлеу­меттік және құқықтық көмек көрсету, отбасы институтын дамытуға жан-жақты қолдау білдіру секілді ауқымды шараларды қамтиды. 2020 жылдан бері коммуналдық мемлекеттік мекеме болып ресми түрде жұмыс атқарып келеді. Бүгінге дейін орталықта түрлі тағдыр теперішін көрген әйелдерге, балаларға, тіпті ер адамдарға да мейірімін төгіп, қолдан келген көмегі мен ақыл-кеңесін аямайтын абзал жандар қызмет етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та әйелдер мен балалардың құ­қық­тарын қорғау ісіне басымдық бере отырып, биыл жылдың басында тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа жазаны күш­ей­тетін екі заңға қол қойды. Сарапшы мамандар заңға енгізілген нормалар мен бірқатар түзету әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаң­датады, отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтады және отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздерін арттырады дейді. Мемлекеттің зорлық-зомбылыққа қатысты ұстаным­дарын жүзеге асыруда «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы сияқты ұйымдардың жұмыс істегені маңызды. Бұл орталық денсаулық сақтау және еңбек, әлеуметтік қорғау, көші-қон мәселелері бойынша кеңес беру, тұрғын үй мәселелерін шешуге көмек көрсету, мұқтаж аналарға оқыту курстарын өткізу, мүгедек балаларға тегін массаж қызметтерін көрсету және аз қамтылған отбасылармен тұрақты түрде қарым-қатынас жасау мәселелерін қамтиды.

Қазақстан халқымыздың ұлттық отбасы институты құндылықтарын сақ­тай отырып, зорлық-зомбылыққа қарсы жаһандық және халықаралық ұйымдардың ортақ нормаларын қолдайды. Мәселен, жыл сайын әлем елдері «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» хал­ықаралық науқанын ұйымдастырады. Бұл шара дәстүрлі түрде 25 қараша күні, яғни әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күрес күнінде басталып, 10 желтоқсанда, адам құқықтары жөніндегі халықаралық күні аяқталады. «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» халықаралық науқаны біздің елімізде де жалғасын тауып, түрлі ме­кемеде зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шаралар легі ұйымдастырылып жатыр. Мәселен, 26 қарашада Астана қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және от­басылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орын­басары Назгүл Мақжан қалада «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» науқаны басталғанын хабарлаған болатын.

Назгүл Мақажанның айтуынша, науқанның негізгі  мақсаты –тұрмыстық зорлық-зомбылық пен адам саудасының алдын алу және онымен күресу.

– Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның нәтижелі жұмысы оның құрамына тікелей байланысты. Комиссия құрамында 32 адам бар және үш жұмыс тобы құрылған. Яғни, әйел көшбасшы­лығы, қиын өмірлік жағдайдағы әйелдер, отбасылық құндылықтар бағытында жұмыс жүргізіледі. Көпбалалы отбасы­ларға, қиын жағдайда қалған әйелдерге қолдау көрсетіп келе жатқан комиссия 2024 жылы 80-нен астам іс-шара өткізді, – деді ол. 

Сондай-ақ Назгүл Сейітқожақызының мәліметінше, елорда тұрғындарының жалпы 52,4 пайызын әйелдер құрайды. 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Астана тұрғындарының саны 1 464 415 адам болса, оның 768 181-і – әйелдер. Сондықтан Астанада «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» халықаралық науқаны аясында көптеген түрлі іс-шара ұйымдас­тырылды. 

«Жанұяда» отбасының жылуы бар

Халықаралық науқанға Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жанұя» отбасы институты да қосылды. Орталықта «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» жаһандық науқанына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша семинар-тренинг өтті.

Шараға Астана қаласындағы «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының мүшесі, Астана қаласы бойынша Адам құқықтары жөн­ін­дегі өкілі, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Астана қаласы Есіл аудандық Полиция басқар­масының Әйелдерді зорлық-зомбы­лықтан қорғау бөлінісінің инспекторы және «Адал жүрек» әлеуметтік жобасы­ның жетекшісі, сондай-ақ қала тұр­ғындары қатысты. Семинар-тренингтің негізгі мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Жиынға қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тәсілдерін, зардап шеккендерге қолдау көрсетумен қатар отбасы құндылықтарын нығайту, жеке адамның құқығы мәселел­ерін талқылады. Сонымен қатар қоғамда болып жатқан түрлі заңсыздыққа жол бермеу үшін ең алдымен адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, отбасы институтының артықшылықтарын түсіндіру, дәстүрлі және отбасылық құн­дылықтарды нығайту, әлеуметтік көмек, құқықтық нормалар туралы сау­атты орта қалыптастырудың қа­жеттіліктері қандай деген нақты мәселелер қаралды.

Төрт жылдан бері «бір терезе» прин­ципіне негізделіп, қала тұрғын­дарының (көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және т.б) және азаматтардың жекеленген санаттарына кешенді кон­сультациялық қызметтер көрсетіп келе жатқан «Жанұя» орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөнін­дегі шараларды ұйымдастырып, әлеу­меттік көмек пен құқықтық сауат тиім­ділігін арттыру мақсатында қаладағы барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес дәстүрлі және отбасылық құндылық­тарды насихаттайтын, құқық нормалар мен бостандықтарын түсіндіру бойынша қызмет көрсететін барлық дерлік ұйым­дармен бірлесе жұмыс атқарып отыр. Сонымен қатар кез келген анықтамалық қызметті алу барысында орталықтың әлеуметтік қызметкерлері қызмет алу­шылардың сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, нақты кеңестер береді, құжаттарды толтырады және өтініштер қанағаттандырылғанға дейін оларды сүйемелдейді.

Мәселен, «Жанұя» ұжымы «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» жаһандық нау­қанына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша семинар-тренинг ұйымдастыра отырып, қатысушыларға құқықтық, моральдық тұрғыда ақыл-кеңес, бағыт-бағдар беруді мақсат тұтады. 

«Әкелер одағы» республикалық қо­ғамдық бірлестігінің филиалы төрағасының орынбасары Марат Көшкінбаевтың айтуынша, әкелер ода­ғы зорлық-зомбылыққа қарсы және бұл қазақтың тәрбиесі мен құндылығына жат.

– Қазақ халқы қыз балаға төрден орын беріп, қонақ деп мәпелеп өсірген. Саналы қоғам қызды қорғайды, қол­дайды. Сол сияқты саналы әке де өзінің жары мен отбасына, балаларына күшін-мінезін көрсетпейді, қорламайды. Мысалы, «Әкелер одағы» екі бағытта жұмыс істейді. Бірінші, әкелердің отба­сын­дағы тәрбиеге жауапкершілігін арт­тыру. Қазір әкелердің көбі табыс тапсам, отбасын асырасам деген желеу­мен отбасындағы бала тәрбиесінен қол үзіп кетті. Сондықтан әкелердің балаға және отбасына деген жауапкершілігі мен жанашырлығын ояту мақсатында жұмыстар атқарып жатырмыз. Екінші, отбасындағы ұрыс-керістің азаюына әсер еткіміз келеді. Отбасындағы кез келген зорлық-зомбылық ерлі-зайып­тылар арасындағы сәл ғана келіспеу­шіліктен туындайды. Ал арадағы кикілжің жинала-жинала түсініспеушілікке ұласып, сыйластыққа кірбің түсіреді. Уақыт өте мұның бәрі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа соқтырады. Отбасындағы айғай-шу, ұрыс-керіс баланың да психологиясына әсер етеді. Шаңырақтың берекесін кетіріп, шырқын бұзады, – деді Марат Көшкінбаев. 

Астана қаласы бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Баян Жалмағанбетова еліміздегі әрбір әйелдің құқықтары мен қауіпсіздігі қоғамның көрсеткіші екеніне және өкінішке қарай қазір көптеген әйел зорлық-зомбылық құрбаны болып отырғанына тоқталды.

– «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» науқаны аясында алдымен қазір заңға сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге мемлекет тарапынан көптеген түрлі мақсаттағы көмек көр­сетіл­етінін және жәбірлеуші тараптың қатаң жазаланатынын айтқым келеді. Кез келген  адам заң талаптарына сай әрекет етуді, өзінің құқықтары мен бос­тан­дықтары туралы білуі керек. Заң аясында қоғамның құқықтық сауаты мен қауіпсіздігі мәселелері туралы үнемі айтып отырған жөн. Бүгінгідей кездесулер зорлық-зомбылықтың алдын алуда үлкен рөл атқарады. Әрбір әйел және әрбір бала біздің болашағымыз. Оларды қорғауға, қолдауға тиіспіз, – деді Баян Жалмағанбетова.

80-ге жуық әйел зорлық-зомбылықтан көз жұмады

Жоғарыда айтқанымыздай, «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимылдың 16 күні» акциясы – халық­аралық науқан. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық әлемдегі барлық елге дерлік тән озбырлықтың бірегей көрінісі. Сондықтан онымен күрес дүние­жүзінің кез келген елінде түрлі деңгейде әрекет етеді. Астана қалалық ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Ішкі істер министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі Баян Тойкебаеваның айтуынша, елімізде жылына 80-ге жуық әйел, аптасына 1-2 әйел зорлық-зомбылық салдарынан көз жұматын болса, дүниежүзінде күніне кем дегенде бір әйел зорлық-зомбылық құрбаны болады. 

– Біздің жұмысымыздың негізгі мақ­саты – тұрмыстық зорлық-зом­былықтың алдын алу. Өздеріңіз де білесіздер, ер адамдар психологке бара қоймайды. Сондықтан біз, алдымен ер адамдарды да қолдай отырып, құқықтық кеңес бере отырып, қолдан келгенше жаңа мамандыққа үйрете отырып, жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс­тар атқарып жатырмыз. Алкоголизм, лудомания, нашақорлық қармағына түсіп қалған адамдарға ем-шара жасау арқылы қол ұшын беріп отырмыз. Біздің комиссия жылына 100-ден астам іс-шара ұйымдастырады. Мерейлі отбасы, «супер әже» сияқты іс-шаралар ұйым­дастырып, мектептерге де кездесулерге барамыз. Зорлық-зомбылық мәселесі бойынша ғана емес, қиын жағдайға тап болған отбасыларға да көмектесеміз.

Бүгінгі күні Астанада 400-ден астам қиын жағдайдағы отбасылар бар,   сол отбасыларға көбіне «Жанұя» орталы­ғымен бірлесе және өзіміздің тарапым­ыздан жұмыс істейміз. Биыл 47-ден астам отбасына көмек көрсеттік. Қандай да бір мәселе туындап жатса, біздің қалалық комиссияға хабарласуларыңызға болады. Астанада «Үміт» және «Қорғау» әлеуметтік-психологиялық қолдау орта­лығы» бар. Биыл бұл орталықтарға 460-қа жуық адам көмек сұрап келді. Меніңше, бұл статистика өте жоғары көрсеткіш деп ойлаймын. Қазақстан ажырасудан, суицид жасаудан әлем елдері арасында екінші орында екені әрбірімізді ойландыруы керек. Елімізде зорлық-зомбылықсыз, құқықтық, аза­маттық қоғам орнатқымыз келсе, бірлесе оқып-үйренуіміз, жаманнан жиренуіміз керек, – деді Баян Тойкебаева.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою мәселелері бүгінде мемлекеттік деңгейде қаралып, Президент пәрменімен заң қабылданып жатқаны да тегіннен-тегін емес. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші, жиын барысында Астана қаласы Есіл аудандық Полиция бас­қармасы Әйелдерді зорлық-зом­былықтан қорғау бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Жанар Молдабаева соңғы 3 жылда отбасылық тұрмыстық қылмыс деңгейі артып келе жатқанын және оны­мен бірлесе күресудің өзектілігі тура­лы сөз қозғады.

Оның айтуынша, 2023 жылғы шілде айына дейін зорлық-зомбылық болған жағдайда егер жәбірленушіден арыз түспейінше, жәбірленуші ешқандай әкімшілік жауапкершілікке тартыл­майтын болса, қазір көршілердің немесе таныс адамдардың шағымы немесе айтуы бойынша әкімшілік жауапкер­шілікке тартуға болады. 

– Биыл бізге хабарласқан 50-ден астам әйел және 100-ден аса балаға көмек көрсетілді. Заңға сәйкес, қазір ұрып-соғу, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру сияқты баптар қылмыстық жауапкершілікке жатқызылды. Яғни, заң бойынша мұндай қылмыс жасаған адамдарға жаза түрі қатаңдатылып, қоғамдық жұмысқа жегу, бас бостандығын шектеу сияқты жауапкершілікке тарту сияқты шаралар қолданылады. Жыл басынан бері біздің бөлімшеге, 102 нөміріне отбасылық жанжал туралы 8000-нан астам шағым түсті. Мұндай жағдайда сот арқылы айыппұл салу, қамау немесе татуластыру секілді ескерту жасалады, – деді Жанар Молдабаева. 

Ал көпбалалы отбасыларды қолдауды, қорғауды және көмектесуді өздеріне парыз санайтын «Адал жүрек» әлеуметтік қоғамдық қорының жетекшісі Айдын Ізбасар жоба аясында ұлттық руханият пен құндылықтар негізінде жұмыс атқарып жатқандарын айтты.

– Қала сыртына көпбалалы отбасы балаларына арнап лагерьлер ұйым­дастыруды қолға алып жатырмыз. Қазақ «Бала берсең, сана бер» дейді. Сондықтан ұрпақты саналы, еңбекқор қылып тәрбиелеуге көбірек мән берген дұрыс деп ойлаймын. Адамгершілік, жауап­кершілік, сауатты, саналы, табанды болу сияқты асыл қасиеттерді әр баланың бойына ұялата алсақ, ол бала өзінің тағдырын өзі бақытты ете алады. Осы орайда біздің басты мақсатымыз – отбасы институтының жұмыс істеуіне өзіміздің үлесімізді қосу. Ажырасу, суи­цид жасау және тағы да басқа тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік теңсіздік секілді мәселелердің түп негізін зерттей отырып, ұлттық отбасы құн­дылықтары арқылы қоғамымыздың тұр­ақталуына, тату жанұялар мен ба­қытты балалар санының артуына қол­қабыс жасау тұрғысында қызмет етсек деген ниетіміз бар, – деді Айдын Ізбасар. 

Жиын соңында қатысушыларды да сөйлетіп, семинар-тренингтің нәтижесі туралы сұрап білдік. 5 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана (аттарын айтуды қаламады) мұндай семинар-тренинг­терден көптеген пайдалы ақпарат алуға болады деп санайды. Оның айтуынша, тұрмыстық жанжалдар кезінде көптеген әйел қалай қорғануды және балаларын қалай қорғауды білмейді. Сондықтан құқықтық, моральдық тұрғыдағы тре­нингтер кезінде білмегенді үйренуден, сұраудан  ұялмаған дұрыс десе, тағы бір тыңдаушы «Жанұя» ұжымына алғысым көп. Мұнда жайлы орта, қамқор қызметкерлер бар. Семинар-тренингтен өзіме қажет көптеген пайдалы кеңес ал­дым. Қуаныштымын. Рақмет. Жеңілдеп қалдым», – деді.

Иә, өмірде қилы тағдыр арқалап жүрсе де отбасы жылуын сақтап, бала­сының қасында бақытты қолдан жасап, қиындықпен күресуден жалықпайтын жандар көп. Ал олардың бар ауыртпа­шылығын жеңілдетуге, қолдан келсе, қамқор болып, көмектесуге бағытталған кез келген әрекетте береке мен қайыр бары анық... 

Тілек ҚАБЫЛ