Медициналық статистика мереке күндері тамақтан улану жағдайларының көп болатынын көрсетеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz 24kz-ке сілтеме жасап.
Бұл, ең алдымен, адамның мереке күндері әдеттегіден артық тамақ ішетіндігіне және тағамдардың бірнеше күн сақталатынына байланысты. Сондықтан тамақтан уланбау үшін қандай қарапайым сақтық шараларын ұстанған жөн.
- Ең алдымен, мерекелік қарбалас күні уақытымен тамақтануды ұмытпау қажет. Әдетте бар күшімізді кешкі дастархан әзірлеуге жұмсап, асқазанды ауыр тағамдарға дайындап алуды ескермейміз. "Ал оның кері әсері орасан.
Жаңажылдық дастарханға ашқұрсақ отырған дұрыс емес. Оның алдында 1-1,5 сағат жүрек жалғау керек. Аз ғана тамақтанып, ашықпау жағын ойлау керек. Егер ашқұрсақ дастарханға отырсақ, тамақты көп жеп қоюымыз мүмкін, – дейді гастроэнтеролог Бақытжан Бейімбетов.
Екіншіден, ас та төк тамақ жаңа жылдың басты сәні емес. Күні бойы тек дастархан қамымен жүрмей, бойды сергітіп, асқазанды жеңілдетуге көмектесетін түрлі отбасылық шоу-бағдарламалар ұйымдастыруға да мән берген жөн.
- Жаңа жыл деген ол көбінесе эмоция ғой. Отбасымызбен жақсы көңіл күйде отырып, жақсы араласып, тек қана дастархан басында отыра бермей, бір рет тамағымызды жеп, жүріп, ойын ойнап, жанұямызбен шоу-бағдарлама жасайық, сонда жақсы болады, – деді диетолог Гауһар Серікқалиқызы.
Диетологтар жаңа жыл түні табиғи коллаген мен ақуызға бай тіскебасарлар және дәрумені көп қызылшадан түрлі салат жасауға кеңес береді. Ыстық тамаққа балық жеген дұрыс. Бұл талапты әсіресе мейрамханадағы кәсіби аспаздар ескеруге тырысады.
- Бізде көптеген организмге пайдалы шөптерден түрлі салаттар жасалады. Содан кейін ет немесе бұқтырылған сиыр етін алады. Бірінші ыстық тағамға, ал екінші тағамға балық стейгін дайындаймыз, – дейді бас аспаз Сандуғаш Сағындықова.