Таяуда айтулы мерейтойға орай жоба ұйымдастырушылары араға үш жыл үзіліс салып байқаудың жаңа маусымын жариялаған еді. Аптаның сәрсенбісінде еліміздің оңтүстік астанасы Алматыда «Алтын қалам» әдеби жүлдесі мәресіне жетіп, үздік деп танылған жеңімпаздардың есімі белгілі болды. Нұрлан Смағұлов қорының қолдауымен өткен әдеби жүлдеге жалпы саны 115 автордан 202 шығарма келіп түскен. Ұйымдастырушылардың сөзінше, оқырмандарға өзіне ұнаған туындыға онлайн форматта дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен, байқау нәтижесі бойынша «Жылдың үздік балалар шығармасы» аталымына Нұрбек Нұржанұлы лайық деп танылса, «Жылдың үздік поэзиясы» жүлдесі Алтынбек Мерсадыққа, ал «Жылдың үздік прозасы» аталымы негізінде байқау жүлдесі Бекен Ыбырайымға бұйырды. Сондай-ақ әдеби жүлдеге ие болған жеңімпаздардың қатарында «Жылдың үздік сатирасы» – Асхат Өмірбаев, «Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы» – Бақыт Жамалиева және «Жылдың үздік киносценарийі және драматургиясы» аталымы бойынша Шаридияр Уәлиханов сынды қаламгерлер бар. Байқау ұйымдастырушылары қатысушылардың арасынан оқ бойы озып шыққан жеңімпаздарға естелік және қаржылай сыйлық табыстады. Танымал жобаға қолдау көрсеткен Нұрлан Смағұлов қорының директоры Айдын Сұлтанов өз сөзінде мәдениетіміз бен әдебиетімізді өркендетуге бағытталған осындай байқауларға әркез қолдау көрсететінін жеткізді.
– Кітап – бұл руxани байлықтың кілті. Кітап оқыған адам – білім көкжиегі кең, тілі бай, мәдениетті, жан-жақты және пікірін еркін жеткізе алатын жан екені белгілі. Жақсы кітап оқу өмірде жеке тұлға болып қалыптасуға ықпал етеді. Сондықтан біз осы бағыттағы «Алтын қалам» секілді мәдени-ағартушылық бастамаларды әрқашан қолдаймыз, – деді А. Сұлтанов.
«Уран кеніші» атты туындысы үшін «Жылдың үздік прозасы» аталымына ие болған Бекен Ыбырайым байқаудан кейін әсерін бөлісіп, «Алтын қалам» жүлдесінің әдебиет әлеміндегі жаңа буынның қаламының қарымды болуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше ықпал ететінін атап өтті.
– Қазіргі жағдайда қоғамға қаламгерлердің шығармашылығын ынталандырып, түрлі туындының сапасы мен деңгейін іріктейтін осындай байқаулар міндетті түрде қажет. Байқаудың тағы бір ерекшелігі – көпшілікке есімі белгісіз жас жазушылардың атын шығарып, оларға метариалдық және моральдық қолдау көрсетуінде. Сондықтан біз «Алтын қалам» байқауының ұйымдастырушылары мен қолдаушыларына алғысымызды жеткізгіміз келеді, – деді Бекен Ыбырайым.
Байқау ұйымдастырушысы Кенже Жұманұлы әдебиет саласы қоғамда қазақ тілінің дамуына әсер етуші негізгі фактор екенін негізге ала отырып, мұндай жобалар алдағы уақытта жалғасуы маңызды екенін алға тартты.
– Мемлекет басшысы: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы іске жұмсағанымыз жөн», – деп көпшілікті кітап оқуға ынталандыру керек екенін, сондай-ақ қазақ тілін дамыту әрқашан мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып қала беретінін атап өткен еді. «Алтын қалам» әдеби байқауы бұл бастаманы барынша қолдайды. Сондықтан биыл біз қазақтілді авторлардың шығармаларын көпке таныстыруды жөн көрдік. Өнердің ішіндегі ең бір қадірлі де қасиеттісі – көркем әдебиет. Қазақ әдебиетінің тұғырын биіктете түсетін осындай ізгі шаралар көбейе берсін, – деді К.Жұманұлы.
«Алтын қалам» – байқауға ұсынылған туындыларға алдын ала тағайындалған қазылар емес, оқырман қауым өздері тікелей баға бере алатын Қазақстандағы алғашқы әдеби жүлде. Үш айға созылған дауыс беру қорытындысына сай әр аталым бойынша алты шығарма таңдап алынып, оқырмандар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар және қазылар назарына ілінген туындылар сайыстың екінші кезеңіне өтеді. Ақтық іріктеу сатысында қазылар алқасы әрбір номинация бойынша жеңімпаздарды жасырын дауыс беру арқылы анықтайды. Сайыс барысында әдеби шығармалардың авторлары көрсетілмейді. Қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағына бейжай қарамайтын азаматтар бастамашы болған аталмыш әдеби бәйге 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Айта кетейік, жыл соңында байқауға қатысушылардың үздік әдеби шығармалары жеке жинақ түрінде басылып шығады.
А.БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы