Тәуелсіз Қазақстанның басқару жүйесіндегі мекемелердің өсіп, дамуына ерекше ықпал еткен факторлар көп болды. Соның ішінде мемлекет құрылысының, қоғамдық тұрақтылық және экономиканы жаңа сапа деңгейіне көтеру жұмысына бар орталық мекемелер, министрліктер жаңа талаптарға талпынып, бұрын болмаған міндеттерді игеруге жұмыла кірісіп кетті. Осы қиын да қызық бейбіт майданда жаңаша көш бастай алатын білікті мамандар шыға бастады. Солардың бірі – 1996-1998 жылдары республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіне мүшесі болып, ал 2003-2012 жылдары осы органға басшылық еткен азамат Омархан Өксікбаев.
Мемлекеттік органдарды басқарып отырған мамандардың, олардың ынтасы мен қабілетіне байланысты дүниелер көп. Біріншіден мекеме аясында сол органның стратегиялық жоспарын белгілеу. Мұндай жұмыста назарға ең бастысы – қоғамдағы осы орган аясында жүріп жатқан жұмыстарға, әсіресе олардың нәтижесіне қандай сұраныс бар екенін анықтау. Мұндай жоспар мемлекеттік тұрғыда қандай міндеттер және қоғам тарапынан қандай сұраныстар бар – бәрі алдын ала анықталуы қажет. Екіншіден, Ата Заңға сүйене отырып, қаржы саласындағы өзгерістерді ескере тұра мемлекеттен бөлінген шығындардың заңды түрде игерілуін нағыз қатал тексеру жұмысын жолға қою. Есеп комитеті Парламентте қабылданған Бюджет заңының мүлтіксіз орындалуын бақылау жұмысын ел экономикасының өрлеу қарқынына елеулі ықпал көрсете алуына қарқынды қол жеткізуі өте маңызды мәселе. Үшіншіден, өркениетті елдерде қалыптасқан тәртіп бойынша қабылданатын заңдар мен шешімдер мемлекеттегі қаржы саласында жүргізілетін жұмыстар жинақы жұмылған әрі үйлесімді болуын талап етеді. Есеп комитетінде сол жылдары бюджет саласында бар негізгі әлеуметтік проблемалар: кедейлік пен жұмыссыздық, әлсіз инфрақұрылым, білім мен денсаулық сақтау болатын. Міне, сондықтан жүргізілетін жұмыстар нәтижесі және сапасы мекемені басқаратын маманның өмірлік тәжірибесіне, ең жоғарғы деңгейдегі кәсіби біліміне байланысты. Сондықтан мемлекетіміздің жаңа құрылымдарының арасында шоқтығы биік осы органды табандай тоғыз жыл басқарған азамат Омархан Өксікбаев білімді, тиянақты, сабырлы басшы екенін сол жылдары дәлелдеді.
Есеп комитетінің әр жылдың қорытындысы бойынша, Парламент Мәжілісі мен Сенаттың алдында жасайтын баяндамасында бүкіл мемлекет аумағында орын алған жетістіктер мен кемшіліктер туралы егжей-тегжей талдау жұмысының қорытындысы айтылады. Міне, бұл – мемлекет дамуына өте зор ықпал көрсететін, ақпараттық жағынан болсын, жаңа заңдарға өзгерістер енгізу жағынан болсын өте маңызды құжат. Оның келесі жылдардағы қаржыны тиімді игеру жұмысына да көрсететін маңызы жоғары. Сондықтан бұл құжаттың мазмұнын Есеп комитетін басқарып отырған азаматтың ақыл-ойы, ғылыми және білім деңгейіне байланыстыруға болады.
Айта кету керек, комитеттің сол кездегі өткізген тексерістерінің қорытындысында анықталған кемшіліктердің басым көпшілігі әлеуметтік салаға тиесілі болып отырды. Әсіресе, денсаулық пен оқу мекемелері, мәдениет саласына бөлінген қомақты қаржылардың көптеген кемшіліктермен және олқылықтармен игерілгендігі анықталып, фактілермен расталып жатты. Үкімет тарапынан осы кемшіліктерді жою жұмыстары да жақсы қарқынмен ұйымдастырылды.
Осының салдары болар, Дүниежүзілік банк жаңадан шығарған «Қазақстандағы кедейлік пен теңсіздікті бағалау» тұжырымдамасында (2024 жылы) айтылғандай, соңғы 15 жылда кедейшіліктің төмендеуі айтарлықтай болды. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша 2006-2021 жылдар аралығында 5,9 миллионға жуық адам кедейшіліктен құтылды, кедейлік деңгейі 49,5 пайыздан 8,5 пайызға дейін төмендеді. Қазақстандағы кедейшілікті қысқарту табысы ортадан жоғары және жоғары елдер арасында айрықша түрде орын алды делінген. Әсіресе, 2006 жылдан 2013 жылға дейін кедейлік 78 пайызға төмендеді, өйткені кедейлік деңгейі 49,5 пайыздан 11,1 пайызға түсті.
Осы кезеңде индустриалды даму және бүкіл экономиканы диверсификациялау бойынша да күрделі тексерулер болды. Себебі бұл бағытпен тығыз байланысты еліміздің алпауыт компаниялары мен қаржыландыру институттарына (банктеріне) бөлініп және игеріліп жатқан бюджет қаражатының көлемі қомақты болатын. Ел экономикасының жаңа салаларын дамыту жоспарлары қоғамның басқару жүйесін ғана емес, қарапайым көпшілікті де алаңдататын. Сондықтан осы бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде жіберілген кемшіліктерді сараптаудың арқасында ілгері жылжи алмай жатқан реформалардың түбірі қайда екенін анықтауға қол жеткізілді. Әрине, қомақты қаржыны игеруге қатысқан министрліктердің, үлкен холдингтердің лауазымды қызметкерлері өз саласындағы жіберілген кемшіліктерді ақтап, қолайсыз фактілерге себеп болатын факторларды тізбелеп жататын. Міне, осы жұмыста Есеп комитетінің отырысын жүргізіп отыратын басшының білімі мен тәжірибесі жеткіліксіз болса, анықталған кемшіліктерді дәлелдеу қиынға соғатын еді. Әрине, Омекең бұл жұмыстың тетігін жақсы меңгерген маман болған соң бюджет қаржысының талай тиімсіз игерілген жолдары орнықты дәлелденді.
Тағы бір айтып кететін жайт, Омархан Нұртайұлы кейіннен өзі Парламент Мәжілісі депутаты болып сайланған кезде (2012-2020 жылдар) Есеп комитетінің тексеріс нәтижелері арқылы анықталған республикалық бюджеттің негізсіз игерілген бағыттарын талқылау процесіне Парламент мінбесі арқылы тікелей қатысып жүрді. Омекең Есеп комитетінің күшімен республика экономикасының негізгі салаларына заң арқылы бекітілген қаржыландыру бағыттары заманауи методикалармен сарапталып, әрбір жіберілген қателік дербес фактілермен дәлелденіп отырылуына да депутат ретінде көп көңіл бөлді. Омархан Нұртайұлы – Парламент депутаты ретінде Үкіметтің бюджетті игеру жұмысына берілетін баға ақпарат құралдары арқылы қоғам мен халық алдында жария болуына көп тер төккен азамат.
Парламент қабырғасында Омархан Нұртайұлы анықталған олқылықтарға кәсіби баға беріп, стратегиялық бағыттарға қатаң бақылау, есептілік пен жауапкершілік жүйесі керек деген талап қоюшылардың қатарында болатын. Сонымен қатар осындай кемшіліктер қайталанбас үшін қарастырылатын іс-шаралардың тізбесін мұқият тексеретін. Есеп комитетінің сол кездегі заңдастырылған жұмыс бағыттарын өркениетті елдер қатарына тарту амалымен Омархан Нұртайұлы комитеттің жұмыс бағыттарын жаңа кеңейтілген заңмен бекітуге депутаттық қолдау көрсетіп, үлкен жұмыс атқарды.
Әлбетте, жаңа заң дайындап және осы заңнамалы өзгерістерді дәлелдеу үшін Омархан Нұртайұлы комитеттің шетелдік қатынастарына ерекше көңіл бөліп, көптеген өркениетті елдің аудитор палаталарымен бірігіп семинарлар ұйымдастыру тиімді жол екенін дұрыс түсінді. Мұндай шаралар Есеп комитетінің мүшелері мен қызметкерлерінің білімін кеңейтті, жұмыс бабында пайдаланатын методикалық әдістемелердің жаңа түрлері іс жүзінде енгізілді. Басқа мемлекеттердегі әріптестеріміз еліміздің Есеп комитеті бюджет тексеру саласында өзіндік жолын қалыптастырып отырғанына куә болып, жоғары баға беріп жатты.
Омекең Есеп комитетін басқарған жылдары бірнеше үлкен ғылыми конференция ұйымдастырылды. Мұндай шараларға келген шетел аудитор палаталарының басшылары мен қызметкерлері баяндамалар жасап, бюджет тексеру органдарының болашағы мен осы органдардың методологиялық даму мәселелерін өте жақсы талқылауға салып және осы жұмыстың нәтижесінде еліміздегі қаржы тексеру саласына көптеген ұсыныстар кіргізді.
Осындай ауқымды ізденістер мен методологиялық жаңа тетіктер ғылыми тұрғыдан үйлесімді болуы үшін Омархан Нұртайұлының ұсынысымен Есеп комитетінің жанында бюджет игеру жұмыстарын талдау орталығы құрылды. Бұл орталықта Есеп комитеті ұсынып отырған методологиялық тұжырымдарын мемлекеттік органдар алдында дәлелдеу тетіктері қарастырылып, шетелдік мысалдармен қосымша бекітіле бастады. Бұл орталықта Есеп комитеті ғана емес, бүкіл өңірлерде орналасқан мәслихаттардың ревизиялық комиссияларының еңбегіне методикалық қолдау көрсетіліп жатты. Осының бәрі осы күнге дейін бүкіл республика бойынша бюджет қаражатын тиімді игеру жұмысына үлкен ықпалын қосып, тексеру методологиясын жаңа биіктерге көтеруге көмектесіп отыр.
Бірге қызмет еткен жылдарда Омархан Нұртайұлының жоғарғы деңгейдегі мемлекет қайраткері ретінде қалыптасқан, ақылы мен ары халыққа шын ниетімен қызмет етуге бағытталған азамат екеніне көзім жетті. Омекең талапшыл, еңбекқор, кішіпейіл басшы екенін көрсете білді. Қызмет бабында туындап отырған күрделі мәселеге әріптестерімен, Есеп комитетінің мүшелерімен, қызметкерлерімен жан-жақты талқылау арқасында ақылдаса шешімге келу Омекеңнің негізгі қағидасы болды. Мемлекет органдары және өңір басшыларымен бюджет игеру жолдарын жан-жақты сараптап, сабырлы саясат арқасында тиімді шешімдер табылып отырды. Оның атқарған жұмыстары мен қолданған саясаттарының астарын ашу бүкіл қоғамға, әсіресе болашақ мамандарға, өсіп келе жатқан жас басшыларға қажетті ақпарат болатыны күмәнсіз.
Төрехан ҚОСЖАНОВ,
экономика ғылымдарының кандидаты