Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай мүшелерінің қатысуымен өткен басқосуда жыл бойы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.
Ұлттық құрылтайдың аясында 2024 жылы атқарылған жұмыстың қорытындысы жасалды
97
оқылды

Мемлекеттік кеңесші Ұлттық құрылтай мүшелері Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында көшпелі отырыс өткізіп, жұртшылықпен кездескенін тілге тиек етті. Сондай-ақ өңірлік қоғамдық кеңестер атынан келген Ұлттық құрылтай мүшелерімен бөлек кездескенін атап өтті.

Ерлан Қарин бастамалардың орындалу барысына тоқталып, Құрылтайдың үшінші отырысының қорытындысы бойынша 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданғанын айтты. Мемлекеттік кеңесші қазірдің өзінде олардың басым бөлігі орындалғанын жеткізді. Атап айтқанда, «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Әділдік пен жауапкершілік», «Еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік», «Заң мен тәртіп», «Жасампаздық және жаңашылдық» сияқты жалпыұлттық құндылықтарды орнықтыруға қатысты елеулі бастамалар бар.

Ерлан Қарин мектептердегі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп жаңартылған тәрбие жұмысы жөніндегі бағдарламаға айрықша мән берді.

Жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Ұлттық құрылтай мүшелеріне биыл 1 қыркүйектен бастап мектептерге енгізілген «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аралық нәтижесін таныстырды. Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалардың құқығын қорғау саласында мемлекет тарапынан жасалған шаралар туралы баяндады.

Жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеу аясында жыл бойы ғылым мен білім, мәдениет пен ономастика салаларында бірқатар мемлекеттік және қоғамдық жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды.

Ұлттық құрылтайдың жұмысындағы тағы бір бағыт – әлеуметтік кеселмен күрес. Биыл Парламент әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лудоманияға қарсы іс-қимыл, вандализммен күрес, вейпке тыйым салу мәселелері бойынша бірқатар заң қабылдап, оларға Президент қол қойды. Сондай-ақ бірер күн бұрын Парламентте есірткі бизнесімен күрес туралы заң қабылданып, құжат Президентке қол қоюға жолданды. Осы заңдардың барлығын әзірлеуге Құрылтай мүшелері белсенді атсалысты.

Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай мүшелеріне Мемлекет басшысының төрт ауқымды инфрақұрылымдық бастамасының жүзеге асырылу нәтижелері туралы мәлімет берді. Бұл бастама Атырауда өткен үшінші отырыста жария етілген болатын.

Жалпы, Мемлекеттік кеңесші жылды қорытындылай келе, Ұлттық құрылтайдың тиімді диалог алаңы ғана емес, сондай-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін негізгі орталықтың біріне айналғанын атап өтті.