Төл шаңырақ – жетім жүрек жәннаты

«Жетім көрсең жебей жүр» деп халқымыз бекер айтпаған. Тарихында талай нәубет, мехнат, зұлматты өткерген қазақ елі ата-анасыз қалған балаларды аман сақтап, солардың арасынан шыққан хан, батыр, ғұлама, дарын иелерінің бағын ашты, ұлты мақтан тұтар ұланға айналдыр­ды.

Тағдыр теперішіне ерте түскен жетімектер қазіргі заманда да қамқорлыққа зәру. Елде 63 мыңға жуық жетім «Балалар үйінен» шығып қалып, «жетімбұрыш» жағалап жүр. Оларды баспанамен қамту мәселесі қаншалықты шешімін тапты?

Тізімді жетімнен тазартқанда не ұтады?

Тағдырдан таяқ жеген жаны жа­ралы жетімдердің есейген­де кейбір арсыз шенеуніктен қиянат көр­уінің оқиғалары тіркелген. Мы­са­лы, бірқатар өңірде атқамінер-лердің әлеуметтік аз қамтылған от­ба­сыларды баспанамен қамту көр­сеткішін жақ­сар­ту, жоғарыға көркем есеп ұсыну үшін қамқор болар қор­ғаны, сүйенер еш тірегі жоқ жетім ба­лаларды бас­па­на кезегінен заңсыз шы­ғарып тас­таған деректері кез­де­седі. 

Ел басшылығы тапсырмасымен мұн­дай сорақы тірліктерге жауапты құ­рылымдар 2022 жылы тексеріс жүр­гізуге тиіс болды. Сол жылы күзде сол тұс­тағы Индустрия және инфра­құ­­ры­лымдық даму министрі Қ.Өскен­­баев бұл міндеттің орындала­тынына журналистер алдында уәде етті.

– Бұл мәселе бойынша міндетті түр­де тексеру жүргіземіз. Елімізде ке­зекке тұру цифрландырылған. Жер­гілікті атқарушы органдардың ке­­­зекке қатысты барлық әрекеті қа­да­ғаланады. Адам кезектен шыққанда бол­­ған күмәнді әрекеттерді элект­рон­ды жүйе арқылы ауқымды тек­серу­ді тапсырдым. Жыл соңына дейін үй кезегінен заңсыз шығаруға қа­тысты деректер тексеріледі. Заң бұзу деректері анықталса, онда кінә­лі­лер тиісті жазасын алады, – деген еді Қ.Өскенбаев.

Содан бері екі жылдан астам уа­қыт өтті, екі Үкімет ауысты. «Ау­қымды тексерістің» қоры­тын­ды­сы сол бойы жарияланбады. Шектеу қойылмаған жерде шектен шығу бо­лары сөзсіз. Кесірлі тәжірибе жалғас­қан көрінеді.

Мысалы, Павлодар облысында ұл ба­ла 2009-2016 жылдары жетім ба­ла­ларға арналған мектеп-интернатта тәр­­­­­биеленген. Осы кезеңде ол Пав­ло­дар қаласында мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне қойы­лады. Кәмелет жасқа толғаннан кейін ол аталған мекемеден шығып қа­лады. Жігіт амалсыз қалада құр­қыл­тайдың ұясындай ғана ескі бас­пананы жалға алып, соны паналаған. Жұ­мыс іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмаған, барлығында жұмыс беруші бір анықтаманы талап еткен. 

Содан жұмысқа орналасу үшін об­лысқа қарасты Екібастұздағы та­ны­сының үйіне уақытша тіркеуге тұ­ра­ды. Алайда өзі ол қалада тұрақты тұр­маған. Бұл мәліметті шенділер ба­­­задан байқап қалыпты. Содан қа­ла­лық тұрғын үй комиссиясы «басқа ел­ді мекенге тұрақты тұруға кетіп қал­ғанына байланысты» деп, жетімді Пав­лодардағы баспана кезегінен алып тастау туралы шешім қабыл­да­ған.

Жігіт енді осы шешімнің күшін жой­­ғызу үшін еңселі кеңселердің та­бал­дырығын тоздырады. Павлодарда тұрақты тұрып, сонда жұмыс істей­ті­нін барынша дәлелдеп бағады. Ше­неу­ніктер міз бақпаған. Сондықтан же­тімекке сотқа жүгінуден басқа амал қалмады. Бақытына орай, об­лыс­тық сот өз шешімімен оның тұр­ғын үй құқықтарын қалпына келтірді. Өйт­кені заң бойынша уақытша тір­келу – азаматтың тұрғылықты тұра­тын орны саналмайды. 

– Сот «Тұрғын үй қатынастары ту­­­­ралы» заңының 73-бабының 1-бө­лі­мінде қарастырылған норманы қол­дану әділетті және ақылға қо­ным­ды болады деген пайым жасады. Се­бебі заңда белгіленген тәртіппен тұр­ғынжайға мұқтаж деп танылған және есепке қойылған жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрғын үй алғанға дейін есептен шығарып тасталуға жатпайды, – деп түсініктеме берді Пав­­­лодар облыстық сотының судья­сы Марат Дайкенов. Бүгінде сот ак­тісі заңды күшіне енді және жетім жі­гіт қайтадан баспана кезегіне қойыл­ды. Бірақ ол мемлекеттен қ­а­шан үй ала алатыны белгісіз. 

Қанша жетім өз «ұясын» тапты?

Республикалық бірыңғай тұрғын үй кезегі жүргізілетін Kezekte.kz пор­­­­та­лының дерегінше, дәл қазір Қа­зақ­стан бойынша 651 313 адам мем­ле­кет­тік тұрғынжайға зәру азамат­тар­дың тізімінде тұр. Оның ішінде жасы 18-ден асқан жетім және ата-ана­сы­ның қамқорлығынсыз қалған ба­ла­лардың саны – 61 187.

Ең көбі Қарағанды облысында – 6 048, Қостанай облысында – 5 820, Ал­­­маты облысында – 4 748, ШҚО-да – 4 237, Ақмола облысында – 4 221 же­тім. Ең азы Ұлытау облысында – 883, Маңғыстау облысында – 1 127, Атырау облысында – 1 642, Шым­кент­те – 1 737 жетім. Өзге өңірлерде үш мыңның ар жақ-бер жағында. 

Айта кетер жайт, мемлекеттік тұр­ғын үй кезегінде 61 мыңнан астам же­тім және ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған бала тұрса, бұл баспанаға мұқ­тажы осынша ғана екенін білдірмейді. Мы­салы, елде жалпы саны 651 мың­нан астам адам баспанаға мұқтаж ре­тінде танылып, есепке алынған. Алай­да бүгінде еліміз бойынша жал­пы саны 1 733 890 тұрғынжайдан та­­­­рыққан Қазақстан азаматы және қан­дастар өзін кезекке қоюды сұрап, өті­ніш беріпті (олардың ішінде же­тім­дер мен тастанды балалар да же­тер­­лік). Соның ішінен жарты мил­лион­нан астамына шенеуніктер түрлі себеппен өтінішін қанағаттандырудан бас тартыпты. 

Үкімет үймен қамтылған жетім және ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған (АҚҚ) балалар бойынша келесі ақпаратты ұсынды. Өт­кен жылдарда осы санаттағы жал­пы саны 11 000 кәмелетке толып кет­кен бала баспана алыпты. Соның ішін­де 2 265 балаға әкімдіктер тегін үй берген. 430 бала кейін сатып алу құ­қығымен арендалық баспанаға кір­ген. 2 804 бала сатып алу құқығын­сыз жалға ұсынылатын үйге қоныс­тан­ған. 

1 251 бала бүгінде жойылған «Нұр­лы жер» тұрғын үй құрылысы бағ­дарламасы аясында тұрғынжайға қол жеткізді. Небәрі 158 жетім және тас­танды бала Отбасы банк арқылы жи­нағына арзандатылған, әлеуметтік үй ала алған. 93 бала «Қазақстанның тұр­ғын үй компаниясы» АҚ-ы арқы­лы кредиттік үй иеленді. 174 жетім балаға демеушілер пәтер, үй әперген. Қалғанына өзге тәсілдермен баспана ұсынылыпты.

Алайда жоғарыда айтылғандай, та­ғы 61 187 жетім және АҚҚ бала сол бойы үйсіз-күйсіз жүр. Бұл ретте Өнер­кәсіп және құрылыс министрлігі заң бойынша тұрғын үй қорынан жә­не жергілікті атқарушы органдардың жалға беру қорынан тұрғынжай алуда же­тім және ата-ана қамқорлығынсыз қал­ған балалар басым құқыққа ие еке­нін еске салды. Барлық баспа­на­ның 20%-ы соларға ұсынылуы қажет. Ба­сымдықты тізімі осылай шабан жыл­жыса, басқасының халі нешік?

Мысалы, 2024 жылғы 1 қаң­тар­дан бері 4 366 арендалық пәтер беріліпті. Соның небәрі 530-ы же­тімдерге тиді. Бұдан бөлек, олар өз бе­­­тінше, өз жалақысына тұрғын үй са­тып ала алуы үшін мемлекет оларға түр­лі мемлекеттік бағдарламалар ая­сында 2-5% аралығындағы сыйақы мөл­шерлемесімен арзан кредит-ипо­тека береді. Бірақ заемдардың саны шектеулі. 2024 жылы жетімдерді қоса алғанда, барлық санатқа 6 884 тұрғын үй несиесі ұсынылады. Оның ішінде 4 683-і – 2%-бен, қалған 2 201 заем 5%-бен беріледі.

коллаж: Елдар ҚАБА

Биылғы жылдың жаңалығы сол, үйге мұқтаждар тізіміне іліккендердің же­кеменшік тұрғын үйден жалға ала­тын баспанасының арендасын бюд­жет­тен субсидиялау тетігі іске қосыл­ды. Қазіргі уақытта 11 205 адам мем­­­ле­кеттен осындай субсидия ала­ды. Оның арасында 135 жетім бар. 

Саладағы реформа не нәтиже әкелмек?

«Жетімді жұбату деген осы екен» деп әкімдер мен шенеуніктер кей­­де орындалмас уәдені үйіп-төгіп жа­та­ды. Мысалы, 2023 жылғы 1 мау­сым – Балаларды қорғау күнінде Ас­танадағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орта­лы­ғына барған сол кездегі Премьер-Министр Әлихан Смайылов: «ба­ла­лар үйлерін өткеннің еншісінде қал­дыруға» сөз берген еді. Жалпы, экс-Премьердің ойы дұрыс еді. Бірақ оның орындалмайтынын қазіргі Пре­мьер-Министр айтып отыр. 

Бұған дейін Үкімет үкіметтік емес ұйым­дармен бірге барлық жетім­ха­на­ны жауып, оларды халықаралық тә­жірибе бойынша «Балаларды қол­дау орталығына» айналдыру бас­та­ма­сын ілгерілетті. Жетім балалар он­дай орталықтарда тұрады және оқи­ды. Осыған байланысты оларда қа­жетті жабдықтармен жарақтан­ды­рыл­­ған оқу кабинеттері, ойын алаңы, жа­тын бөлмелер, асхана қарастырыл­ған. 

Сондай-ақ балалар үйлерінен айыр­­­­машылығы, мұндай орталықтар өзінен «түлеп ұшқан» түлектерінен түп­кілікті теріс айналмайды, қош ай­­­­­тыспайды. Байланыста болады, хал-жағдайын біліп тұруы қажет. Тиі­сінше, мектептен кейінгі қолдау ша­­­­­ралары пысықталған. 

Ресми мәлімет бойынша, соңғы 10 жылда республикадағы балалар үй­лерінің саны 41%-ға, ал ондағы ба­лалар саны 65%-ға азайыпты. Бү­гінде елде 3 700-ден аса бала тұратын 115 жетімхана бар.

«Біз әр баланың отбасында тәр­бие­ленгенін қалаймыз. Сондықтан жыл соңына дейін кәсіби асырап алу­­­­­шы отбасылар институтын енгізу бойынша заңнамалық нормалар қа­былданады. Барлық бала отбасында тәр­биеленуі керек деген мақсат қойып отырмыз! Сол кезде балалар үй­лерінің қажеті де болмай қалады», – деген еді Әлихан Смайылов.

Алайда іс басындағы Үкімет бас­шы­сы Олжас Бектенов Мәжіліс де­пу­таттарына жауап хатында жетім­ха­на­лардың содан бері еш жойылмаға­нын, тіпті түпкілікті жою көзделіп отырмағанын хабарлады. 

– Қазіргі уақытта республикада 3 727 тәрбиеленуші контингенті бар же­тім және ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған (АҚҚ) балаларға ар­налған 115 ұйым жұмыс істейді. Қа­былданған шаралар нәтижесінде соң­ғы 5 жылда жетім, АҚҚ балаларға ар­нал­ған білім беру ұйымдарының же­лісі 21%-ға (яғни, 20 жетімхана жа­­­­былды), олардағы тәрбиелену­ші­лер саны 19%-ға немесе 694 балаға азай­ды. Президенттің тапсырмасы бойын­ша 2024 жылы балалар үйлерін «Ба­лаларды қолдау орталықтарына» трансформациялау аяқталды, – деп мәлімдеді О.Бектенов. 

Трансформациялау тәмам­дал­ды, ендеше жетімханалар те­гіс осындай орталықтарға айналды­рыл­ған болар? Жоқ. Үкімет басшысы олар­ды тегіс жабу мүмкін болмағанын жет­кізді. Нәтижесінде, жалпы саны 80 ұйым, оның ішінде 20 сәбилер үйі, 18 медициналық-әлеуметтік мекеме, кә­мелетке толмағандарды бейім­деу­дің 10 орталығы, 13 жасөспірімдер үйі, 14 балалар ауылы, 5 жекеменшік ба­лалар үйі трансформациялауға жат­пайтыны анықталды. 

Қорыта айтқанда, бүгінде 35 бала­лар­ды қолдау орталығында 1 202 же­тім және АҚҚ балалар тәрбиеленіп жа­тыр. Бұларда балаларды пси­хо­­­ло­гия­лық, құқықтық жағынан қолдау, тү­лектерді интернаттан кейінгі сүйе­мел­деу жүзеге асырылады. 2024 жы­лы осы орталықтардың көмегімен 394 бала кезінде өзінен бас тартқан ту­ған отбасына қайтты. 454 жетім ба­ла отбасыларға тәрбиелеуге берілді. Қа­лай болғанда, бұдан былай жетім­ха­на атаулыны жаппай жабуды Үкі­мет­тің күн тәртібіне қойып отыр­ма­ғаны байқалады.

Мұның сыртында алда балаларды қол­дау орталықтары балаларды қа­был­­­дауды тоқтатуы мүмкін. Өйткені Мә­жілісте білім беру және бала құ­қық­­тарын қорғау мәселелері бойын­ша жаңа заң жобасы қаралып жатыр. Оның аясында Қазақстанда «кәсіби қа­былдаушы отбасылар институты» ен­гізіледі. Төменгі палатаның түсін­ді­руін­ше, кәсіби қабылдаушы отба­сы­лар аталған орталықтардағы тәр­биеленушілердің санын қысқартуға мүм­кіндік береді. Ал орталықтардың қызметі қазіргі «балаларды тәрбиелеу мен күтіп-бағудан» «қабылдаушы от­ба­сылар мен олардағы балаларды сүйемелдеуге, осы отбасыларға бе­ріл­ген балаларға бақылау жасауға» қай­та форматталатын болады.

Мейірім бәрін құтқарады

Үкімет басшысының мәлі­метін­ше, соңғы 5 жылда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған ба­лаларға берілген тұрғын үй саны 2 есе­ге өсті: 2020 жылғы 847 пәтерден 2024 жылдың 9 айында 1 599 пәтерге дейін. Бұдан бөлек, әкімдіктер бұл ба­лаларды жалға берілетін тұрғын үй­мен қамтуға тиіс. 2024 жылдың 9 айын­да жетім және АҚҚ балаларға 1 599 жалдамалы пәтер табысталды. 

Бұған қоса, әкімдіктер әлеу­мет­тік қол­дау ретінде ипоте­каға пайдалануы үшін тұрғын үй сер­тификатын тап­сыра­ды. 2024 жыл­дың 9 айында 1,6 млрд теңгеге жалпы 1 421 сертификат, соның ішінде же­тім және АҚҚ бала­ларға 55,7 млн тең­геге 49 сертификат беріліпті. Олар­ға мем­ле­кеттік аренда­лық бас­па­наны жеке­шелендіру құ­қығы берілмек. 

Президенттің тапсырмасымен биыл «Мейірім» қайырымдылық ак­ция­­сы қолға алынды. Оның аясында әрбір жетім балаға мамандық таңдау­да, жұмысқа орналасуда, баспанамен қамтуда көмектесетін «патронаттық ұйым» бекітіледі. 2024 жылғы қазан­дағы жағдай бойынша 2 700 жетім және АҚҚ бала бизнеске, банктерге, әр­түрлі мемлекеттік және жекемен­шік ұйымдарға бекітілген. Отбасы банкінде ашылған жетім балалардың шоттарына 580 млн теңгеден астам қаражат аударылды. 

Қорыта айтқанда, әке-шешесіз қалған балаларға қамқорлық жасау ба­ғытында жүйелі шаралар қабыл­данып жатқан көрінеді. Тек жеткенге тоқмейілсімей, ол шараларын жетіл­діре түссе игі.

Айхан ШӘРІП