Әдетте қарттар үйіне ұяттан безген ұл-қыздар әке-шешесін тастайды деген түсінік қалыптасқан. «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Шерхан Маратұлы мұны ескіден қалған стереотип деп санайды. «Ескіліктің көлеңкесінде қалған дүние болар. Соңғы жылдары қарттар үйіне өз еркімен келіп жатқан қария көп. Бірі – жалғыздықтан шаршаса, енді біреуі бала-шағасына масыл болғысы келмейді. Бір сөзбен айтқанда, қарттығын тыныштықта, жайлы жерде өткенін қалайды», – дейді ол.
Үзілмеген үміт: "Балам күндердің бір күнінде іздеп келер"
988
оқылды

Қарттар үйіндегі қым-қуыт тірлік

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылдың өзінде еліміз бойынша 6 мыңға жуық қария қарттар үйінде тұрып жатыр. Ал оның ішінде – 1 800-і қазақ. Қазір Қазақстанда мемлекеттік арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы 45-ке жетті. Әр өңірдің өз мекемесі бар. Сондай мекеменің бірін көрмек болдық. Жолымыз Ақмола облысы Целиноград ауданы Малотимофеевка ауылында орналасқан «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына түсті. Бүгінде Малотимофеевка – Аққайың болып аталады, өзі Қызылсуат ауылдық округі құрамындағы ауыл. Астана қаласынан 30 шақырым жерде орныққан ауылда 500-дей ғана тұрғыны бар. 

Мұндағы қарттар үйінің тарихы сонау 1935 жылдан бастау алады. Екі қабатты ғимараттың алып жатқан аумағы шағын ғана. Айналасы көгалдандырылған, жайлап отырып дем алуға да ыңғайланған. Дәл біз барғанда бір қарияны ауруханаға әкеткелі жатты. Дәлізде қарттардың бір-біріне айтып, кімді әкеткелі жатқанын білгендей көрінді. Шеткері тұрған екі қарияның әңгімесінен ұққанымыз, соңғы жылда басшылық ауысқалы жағдай жақсарып, өлім азайыпты. Мекеме басшысы да бұл сөзді растады. «Адам өліміне түрлі фактор әсер етеді ғой. Қолымыздан келгенше қарттардың күтімін жақсартуға тырысып, тұз шахтасын, инемен емдеу, дене шынықтыру мен еңбекке баулу секілді түрлі бөлмелерді жабдықтадық. Мекемеге келген жылы 38 адам дүниеден өткен. Соңғы кездегі көрсеткіш әлдеқайда азайып, 13-ке түскен. Біз үшін ол – үлкен жетістік», дейді «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Шерхан Сейтқалиев.  

Таң азанымен барсақ та қарттар үйі қым-қуыт тірлік. Біреу буынып-түйініп кеткелі жатыр, енді бірі келіп жатты. Дәліз улап-шулаған жасқа толы. Сөйтсек, болашақ медбике студенттер тәжірибеден өтуге келіпті. Мекеменің қаладағы медициналық оқу орнымен өзара келісім орнатылған. Жұмыстың ауыртпалығын түсінбеген олар қарттар үйіне келгеніне мәз.

Қарттардың 30 пайызы – қазақ

«Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Шерхан Маратұлының айтуынша, қарттар үйінде 142 қария қызмет алып жатыр. Оның 30 пайызы – өзіміздің қазақ азаматы.

Қарт ата-әжелерді қарттар үйіне әкелуі ұлтымызға жат нәрсе болса да, соңғы кезде олардың өздігінен келуі белең алып жатқаны рас. Шын мәнінде, біз ол кісілерді сөкпейміз де, сынамаймыз да. Әр адамның жағдайы, үй ішіндегі ахуалы әртүрлі. Көпшілігі ағайын-туысы, ата-анасы Астанада тұрғандықтан жақын болғысы келеді. Кейбірінен «араласпайсыздар, көрісуге де келмейді. Не керегі бар» десең «балам ғой, күндердің бір күнінде іздеп келер» деп үмітін үзбей, есікке қарайлайды. Ондай жүздесуге арнайы бөлме де ашып қойдық. Әрбір қызмет алушы үй ішімен телефонмен сөйлесіп, хабарласуы өз еркінде. Сөздің ашығын айтсақ, іздеп келушілер өте аз. Кейбірінің туысы емес, көрші-қолаңы, әріптестері іздеп, хал-жағдайын сұрап келеді, – деді ол.

Ақмола облысы бойынша осындай мекеме жетеу екен. Оған негізінен Ақмола облысының аумағындағы Қорғалжын, Малиновка, Қызылсуат, Степногор, Ерейментау елді мекендерден жиналады. Қандай әлеуметтік орталыққа баратынын қаланың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы белгілейді. Олар қажетті құжаттарын жинастырып, дәрігердің тексеруінен өтеді.

Осыдан кейін қызмет алушылармен біз, яғни Әлеуметтік мәселе жөніндегі мамандары айналысады. Бес саусақтай адамның бәрі бірдей емес. Әрқайсының мінезі бар, тағдыры да әртүрлі. Ішімдікке салынып, қыста далада қалып, қол не аяғы үсіп, одан айырылған жарым жандар да жоқ емес. Үй-жай болса да, жанында жақыны қалмағаны да жеткілікті. Қараусыз қалып, туғанына сыймағаны тағы бар. Біреуі қымсынбастан өзі жайлы бәрін жайып салса, енді бірі – томаға-тұйық немесе қабағына қар жауып, кірпігіне мұз қатып тұрады. Мысалы, Карпова деген апамыз қолынан келмейтіні жоқ. Бірақ ешкіммен тілдеспейді, өзінің бұрышында үн-түнсіз кестелеп отыра береді. Қарттардың көргені мен білгені көп қой, оларды тыңдауға тырысамыз. Бізден бөлек психологтер мен дәрігерлердің бақылауында болады, – деді Әлеуметтік мәселе жөніндегі маманы Салтанат Бейсенқызы.

Айтуынша, қызмет алушылар  күніне 6 рет тамақтандырылады. Күніге төсек-орны ауысып, тазалық та, тәртіп те қатаң сақталады. Мекемедегі бөлімдер: әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар, медбикелер мен мамандарға үш палатадан өздігінен әсемдеуге бөлінген. «Аз да болса қарияларды қуантқанымызға өзіміз ризамыз. Екіншіден, өз арамызда бәсеке туындады. Ал бұл – жұмыстың ілгерілеуіне сеп», дейді ол.

  Ең жасы үлкен апамыз – 96 жаста

 – Жалпы, адамды дініне, ұлтына, тіліне бөліп-жарып қарамаймын. Бәрі жаныма жақын жандар. Өтірік айтып, көлгірсігенді олар да сезеді. Сені жақтырмаса сөйлеспек түгілі, қасына жуытпайды, – деген басшы мекеме ішінде ең сүйікті палатасын көрсетті.

Айтуынша, палатаға күніге 7-8 рет басын сұқпаса, тұра алмайды.

– Әжелердің жағдайын біліп, әңгімелесіп, кіріп шықпасам тыным таппаймын. Ұзақ жасаған апаларымыз осында. Ең үлкені – 96 жаста, кішісі – 72-де. Өз іштерінде оны «сен кішкентайсың» деп тиісіп қояды. Қасындағы тағы екі апамыздың біреуі 86-да, екіншісі одан үш жас үлкен.

96 жастағы әжеміздің есімі – Лидия Петровна Матусеева, тыл ардагері. Ол кісі Ұлы Отан соғысын өткерді, Кеңес үкіметінің құлағанын көрді. Бала-шағасын өсіріп-жеткізген. Жолдасын ақтық сапарға шығарған. Шаңырақтың отын сөндірмей, беріге дейін өзі жалғыз тұрған. Әлі де отыра берер еді денсаулығы сыр беріп, амалсыз келді. Үйінен мүлдем алыстамапты. Алғашында бізге жолағысы келмей жүрексінді. Аяңдап қасына барып, қолынан ұстап едім. «Сына пожалуйста не бросай меня, помоги мне» деді. Қазір бір-бірімізге бауыр басып қалдық. «Мынау менің – екінші үйім» деп қояды, – дейді Шерхан Сейтқалиев.

Лидия әжемізді Литвадан қызы келіп, алып кеткісі келіпті. Алайда дәрігерлер денсаулығына байланысты тасымалдау мүмкін еместігін айтқан. «Апамызды арбаға салып, көлікпен ауылынан бізге дейінгі бір жарым сағаттық жолға шаршаған. Алыс жолды мүлде көтере алмайды. Қызымен күнбе-күн сөйлесеміз. Анасы дүниеде өтсе не істеу керегін айтты. Оны өз ауылында жерлеуді сұрады», деді ол.

 «Зейнетке шығып, аула сыпырдым...»

Қарттар үйінде мәдени-тұрмыстық комиссияның төрайымы мекеме ішінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, қалааралық және республикалық көлемде қариялар арасында сайыстар жиі өтетінін айтты. Ал оның белсенді қатысушыларын мұражайға, қалаішілік тарихи-мәдени орталықтарын аралауға мүмкіндік алады.

Наталья Николаевнаның айтуынша, қызмет алушының көпшілігі қасында тұрған Астанаға барып, Бәйтерекке не болмаса EXPO-ға кіріп көрмеген. «Адам қартайған сайын балаға айналады емес пе?! Бізге көп нәрсе керек емес. Медбикелерің де, әлеуметтік қызметкерлерің де қас-қабағыңа қарап отырады. Асханасы ішінде  сыртқа шығып, әуре болмайсың. Өзіме бәрі ұнайды. Қолдағы бар дүниені бағалай білуіміз керек», дейді ол.

Көкшетаулық апамыз әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 2017 жылы келген. Сегіз жылдың ішінде біраз нәрсе көрген. Осында келуді өзі қалаған.

– 50-жылдарда өмір сүрген жандармыз ғой. Пионер, октябрят болып, ауылшаруашылық жұмысына араластық. Өткенге өкініш жоқ, балалығымыз жақсы өтті. Әке-шешеміз еңбекқор жандар еді, бізге қолында барын берді. Қазір бәрі қас-қағым сәтте өте шыққандай көрінеді. Әрине, сағынасың. Күйеуім 2005 жылы дүниеден өтті, қайта тұрмысқа шыққым келмеді. Шыны керек, бізге еңбек етуді санамызға сіңіріп тастаған. Осы күнге дейін жұмыс істеуді ғана білдік. Өміріміз жұмыс пен үйдің ортасында өтті. Айналаға қарап, ештеңеге мән бермедік. Өмір бойы теміржолда істедім. Зейнетке шыққан соң аула сыпырдым. Бірақ жас келген сайын шамаң да кетеді екен. Оның үстіне балалардың мазасын алып, аяқтарына оратылғым келмеді. Мұнда ешкімнің қас-қабағына қарамайсың, өз рақатыңа өмір сүресің. Дәрігерлердің бақылауында, үйдің тірлігімен айналыспайсыз. Керісінше, қу тірлікпен жүріп, үйде істемеген, жаның қалаған дүниемен айналысып жүрміз, – деді Наталья Николаевна.

Қазір апамыз арнайы киім тіктіріп, «Шапағат аруы» байқауына қатысуға қызу дайындық үстінде. «Әдемі көйлегімізді киіп, вальс билеп, ән айтып, өлең оқып, әр қатысушы қолөнерімен бәрін тамсандырмақпыз. Үздіктің үздігі  жеңімпаз атанады», дейді ол.

Айтуынша, арнайы ән-күй сабағын алып дайындалған. Көйлегін мекемедегі тігін цехы дайындаған. Киім тіктіру үшін әр қызмет алушы әлеуметтік қызмет жөніндегі қызметкерге тапсырыс беруі тиіс. Тігінші содан кейін өлшемін алып, мемлекеттік тапсырысқа береді. Одан алынған соң, киім тігіледі.

– Соның өзін комиссия қабылдайды. Әр киімге бирка қойылып, әр қызмет алушының аты-жөні жазылып, үтіктеледі. Олардың киімдері заңнамаға сәйкес алынады. Зейнетақының 70 пайызы мекеме қажеттілікке жұмсалса, 30 пайызы қызмет алушының өз игілігінде. Ер адамның көбісі ақшасын шылымға жұмсайды, апаларымыз жинауды жөн көреді, – деді «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Шерхан Маратұлы.

Кір жуатын, от жағатын адамды қосқанда мекемеде барлығы 103 қызметкер жұмыс істейді екен.

 Бір-бірімен араласпайтын ағайынды қазақтар

 Мәдени-тұрмыстық комиссияның төрайымы жасына қарамастан өте тың, ширақ жан. Емдік дене шынықтырудан (ЛФК) бастап,  мерекелік шарасы өтетін концерттік зал, денешынықтыру залымен мақтанып, тігін цехына дейін аралаты. Белсенді құрбысымен де таныстырды. 72 жасқа таяған Галина апамыз сканворд шешіп отыр.

Оның айтуынша, бөлмедегі көршілердің ішінде бұрыннан келе жатқан өзі.

«Надяның бізге келгеніне 3 жыл болса, Галяға – бір жыл. Ал менің тұрғаныма 9 жылдан асты. Мұнда құрбыларым көп. Туған күнінде бір-бірімізді құттықтап, дастарқан жайып, тойлатамыз. Жақында менің туған күнімде құрбыларым гармонмен ән орындап берді», дейді Галина Имануиловна. Оның ең жақын құрбысы Нина Василиевна болыпты. Екеуі бір ауылдың тумасы, бір мектепте оқыпты. Қарттар үйіне де екеуі бірге келген.

 – Әрине, үйіме барғым келеді, бірақ ешкім қалмады. Көзі тірісінде сіңліме баратынмын. Ол да қартайды, қазір Германияда қызының қолында. Барар жерім, басар тауым қалмай, жападан жалғыз қалдым. Арасында зират басына барғаным болмаса, әзірге осындамын, – деді ол.

Әжеміз шашки ойнап, жарысқа жиі қатысады. Соның бірінен тоңазытқыш пен теледидар ұтып алыпты. «Азын-аулақ сыйлықтың өзі адамды серпілтеді» деп қояды Галина әжей.

Әр палатада 3-4 адамнан тұрады. Жүріп-тұруы қиын жандар негізінен бірінші қабатта орналасқан.  Өздігінен қызмет ала алмайтындардың саны – 58. Мекеме басшысының айтуынша, арасында бір-біріне бауыр басқан жандар бірге тұрады. Себебі көршілердің өзара үйлесіп, сыйласпаса бір шарырақтың астында сиыспайтыны анық.  

– Бір күні мекемеге қазақ атамыз келді. Түрінен жүрексініп, барар-бармасын білмей тұрғанын байқадым. «Жүріңіз, ішін көріп, танысып шығыңыз, одан кейін көрерсіз» деп жайлап сөйледім. Кібіртіктеп тұрған атам маған ілесті. Әдетте онымен әлеуметтік қызмет жөніндегі мамандар айналысатын. Бұл жолы атама орталықтың ішін өзім көрсетуді ұйғардым. Бөлме-бөлмелерді қарап, аралап жүргенімізде әлгі атамыз біреумен қол алысып амандасты. Атадан:

– Танысыңыз ба?, – дедім.

– Иә, – деді.

– Қайдан танисыз?, – десем:

– Ол – менің туған ағам, – деді.

Ішімнен алыс туысы шығар деп ойлап қойдым. Артынан құжаттан олардың туған ағайынды екенін білдім. Әуелде «екі ағайынның бірге тұрғаны жақсы ғой» деп оларды бір бөлмеге орналастырдым. Өкінішке қарай, одан түк шықпады. Дәл жұма күні болатын. Сағат кешкі 10-дарда «екеуі қояр емес, бір-бірімен ұрысып, мекемені басына көтерді» деп кешкісін жұмыстан хабарласты. Содан екеуін екі бөлек, ғимараттың екі жағына орналастырдық. Сөйлесіп те көруге тырыстым, еш нәтиже болмады. Екеуінің де мінезі шатақ, бір-біріне құлақ асып, басылып, кішілік танытар емес.  Олардың жақындары барын естіп, хабарласқанда «уақытымыз жоқ, мазаламаңыз» деп қысқа ғана қайырды. Ағасының мұнда келгеніне 6 жылдан асса, інісіне бір жыл болды, – дейді Шерхан Маратұлы.

Түнгі уақытқа мекеменің әр қабатында  бір-бір медбике мен санитар қойылады екен. Күні-түні қызмет алушылардан көз жазылмайды. Орталық басшысы «олардың өміріне деген жауапкершілік біздің мойнымызда» деп санайды.  

Үйіне оралса да қарттардан қол үзбеген жан

 Шерхан Сейтқалиевтің айтуынша, қызмет алушылардың ішінде бір-бірінен қол үзіп, ұзақ уақыт бойы араласпай кеткен ағайынды табысқан.

– Жақында Петр Арендт деген қызмет алушымыз туысын тапты. Ағайыны оны өлдіге санап, осы уақытқа дейін іздемеген. Өзі Қарағанды облысының тумасы. Атамыз сол жаққа бір ай демалып келді. «Неге қалмадыңыз?» десек, «Оларға масыл болғым келмейді. Одан гөрі әр 3-4 айда қонаққа барғаным жақсы ғой» деп қояды. Желтоқсанда Германиядан тағы бір туыстары келмек. Ол соған дайындалып, дүкенге бармай, зейнетақысын жинап жүр, – деді «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары.

Негізі мекемеге 155 адамға дейін рұқсат етілген. Онда қарттар ғана емес, 1-2-топ мүгедектері де бар. Оның саны – 31 адам. Арасында ерлі-зайыпты жандармен таныстық. Оля мен Петр екеуі бірге тұрады. Бөлмесі қала ішіндегі пәтердің жатын үйі секілді әсемделген. Оляның өзі – 1-топтың мүгедегі. Кәмелеттік жасқа толған соң Астанадағы балалар үйінен ауыстырылған. Кекештеніп сөйлесе де, өз ойын жақсы жеткізеді.

 – Жолдасымның есімі – Петр, ол да мүмкіндігі шектеулі жан. Бізде бәрі жақсы, – дейді Оля.

«Осында жүздесу екеуіне бұйырған болар. Бүгінде олар ешкімнен кем де, артық та емес, отбасы ретінде күн кешуде», деп қояды Шерхан Маратұлы.

Оның айтуынша, бұрын осында қызмет алған 1-топ мүгедегі Марат Қасенов жақындарына оралса да қарттар үйінен қол үзбеген. Тіпті, мекемеге жұмысқа орналасқан.

–  Осы жерге үйреніп алдым, маған ыңғайлы. Бәрін танимын, білемін, – деген Марат Қасенов күн сайын қаладан қатынап істегенге қиналмайтынын жеткізді.

 «Заң бойынша мүгедек жандарға жұмыс істеуге болмайды. Алайда көңілін қимадық. Аула сыпырушы ретінде оған екі сағаттық жұмыс бердік. Ол кісіге қинау жоқ, өзі қалаған уақытында келіп-кетеді. Өзі қаланың шетінде, Әлия Молдағұлова көшесі жақта тұрады. Жұмыстан бірде-бір күн қалмайды. Осындағы адамдармен араласып, әңгімелесіп жүріп, өз ортасын тапқандай көрінеді», – дейді мекеме басшысы.

Ештеңеге зауқы жоқ қария көп

  Шағын ғана кітапхана ішінде 3 800-ге жуық кітап бар. Өзінің оқырманы да жеткілікті. Кітапқа келген оқырманның бірі «қасыңда серік болса, арасында шахмат ойнауға жақсы мүмкіндік», дейді.

– Таңдауға мүмкіндік бар. Өзім шытырман оқиғаға толы әңгімені оқығанды ұнатамын. Уақыт болса күніне бір кітапты оқып тастаймын. Әзірге мекемедегі шараларға қызу дайындық жүріп, қол тимей жатыр. Оның үстіне күніне бір кітаптан оқысам, ертең таусылып қалады деп қорқамын, – дейді қызмет алушы Иван Алексеевич.

Кітапханашының сөзінше, оқу залына әйелден гөрі ер адам көбірек келеді екен. Бөлмесінен шыға алмай, өздігінен қозғалуы қиын жандар оқуға ниет білдірсе кітапханашының өзі апарып, кітабын оқып береді. Қажет десе аудио кітапты қосып береді.  

Сонымен қатар қарияларға арнайы еңбек терапиясы енгізілген. Бұған қызмет алушылар дәрігердің қадағалауымен жіберіледі. Күніге екі сағаттан айналысса, қолдың моторикасын істеп, саусақтарының ептілігін қалыпқа келтіруге тырысады.  

– Көпшілігі жүрек талмасынан кейін қол-аяғы тартылып, істемей қалады. Әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істеп, соны жазуға тырысамыз. Олардан тапсырманы сол сәтте істеп беруді талап етпейміз.  Әр адам өзінің ебіне қарай істейді. Тоқыма тоқып, бұйымдар құйылады. Бірі бір апта істесе, екіншісі 2-3 күнде бітіруі мүмкін. Бастысы істеуге деген ниеті болса қуанамыз. Әйтпесе, басым бөлігі бала секілді жол ортада тастап, істемей қояды. Оған ештеңе істей алмаймыз, – деді Еңбек терапиясының маманы Айгүл ханым.

Сабаққа 24 адам қатысады, ал дәрігер 37 әйелге еңбек терапиясын өтуді міндеттеген. Кімнің қандай қабілеті бар, соған бейімдейді. Қызмет алушылардың кейбірі ерініп, естімейтінін құмырашы маман да мойындады. Десе де, арасында өздігінен үйреніп, қолөнермен айналысатындар да аз емес.

  «Қарттарға мейірімді аямайық»

 Қызмет алушы Сергей Айтикенов тақтайға суретті күйдіріп салады. Айтуынша, арбаға таңылған кезден айналыса бастаған.

– Қыс үскіріксіз, ызғарлы аязсыз өтпейді дегендей, әр нәрсенің өз қиындығы бар. Басында істегенде әрине қиналдым, бірден шыға қоймады. Бірде жақсы шықса, енді бірі болмай жатты. Соған қарамастан тоқтамай, істей бердім. Біраз дүние де жиналды, қолым да машықтанды, –  деген Сергейдің туындысын әр бөлмеде ілулі.  – Ұйқыдан оянғанда айналаң әдемі болғанға не жетсін?! – дейді ол. Бөлмесін суреттерімен ғана емес, тотықұс пен балыққа толы аквариум қойып қойған.

Оның аттасы Сергей Сенякин түрлі-түсті қағаздан гүл шоғын жасауда. 10 жылдан бері айналысып жүрген ол қолдағы бар дүниеден істейтінін айтты. Ол гүлдің бір шоғын екі күнде бітіреді екен. «Мысалы жабысуға бейім түрлі-түсті қағаздан жасаған өте қолайлы. Алайда өте қымбат, сондықтан қолда бар дүниеден жасай беремін», – деді Сергей Сенякин. Мүгедектігі бар екеуі де қарттар үйіне қалай келгенін, неге түскені жайында тіс жармады.

Мекеме басшысы сырттан келген әр жанға есігі ашық дейді.

– Сырт адам бізде не болып жатқанын біле бермейді. Бірақ қызмет алушылармен шүйіркелесіп, біраз уақытын өткізсе, көп нәрсеге көзі жетер еді. Ешқандай басшылықсыз, әкімшіліксіз-ақ кез келген жанмен емін-еркін әңгімелессе, өзге жанда да күмән қалмайды. Өйткені қарттар үйінде қариялар дұрыс күтім көрмейді, қаралмайды деген стереотип қалыптасқан. Біз соны бұзғымыз келеді. Өткенде бір кісі мекемеге келіп, жан-жағына жалтаң-жалтаң қарап біраз тұрды. «Сізден бірдеңе сұрайын деген едім» деп қызарақтап кетті. «Қымсынбай, айта беріңіз, сізді сынамаймыз» десем, «Сіздерге інімді әкеліп отырып, өзгеге берер үлгім осы ма деп ұялып тұрмын. Өзім мүгедекпін, оған қарайтын шамам жоқ. Уақытылы астын ауыстырып, памперс кигізуді қажет етеді» деді. Бауырын амалсыз әкелген. Ал осындай жағдай қаншама?! Бізге әкелмесе, ол кісінің де, інісінің де сазасы кетер еді. Қазір сол кісі інісін демалыста келіп тұрады, мерекеде үйіне әкетеді. Бізге келушілер осында тұрғысы келсе екен деймін. Адам қартайған сайын бала секілді қорғансыз күйге түседі. Біреудің көңіл бөліп, қал-жағдайын сұрағанға қуанады.Онымен әңгімелесіп, уақытын бөлсе, жадырап шыға келеді. Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда қарттарымызға мейірімді аямайық. Қолымыздан келері сол ғана, – дейді «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Шерхан Маратұлы.

Қарт десе, әркімнің көз алдына өз шаңырағына құт-береке кіргізіп отырған ақ жаулықты әже мен ақсақалды қария елестері анық. Алайда оның өзі ескілікте қалып бара жатқандай... Бүгінде заман да, ата-әжелер де, өскелең ұрпақ өзгерді. Мүмкін ата-анасына қатыгездікпен қарайтындар көбейген болар. Сол секілді балаларына түн ұйқысын төрт бөліп, махаббатын, жан шуағын аямаған ата-ана да азайып барады. Қай-қайсысы болсын, жанында тілеуін тілеп, тілектес жанның қасында аман-есендігін тілейтіні анық.