Оның оң қолы домбыраның шанағын шулатпай, саусақтарын оңды-солды сілтемей, қос ішекті тура қағады.
Әйгілі домбырашы Оқап Қабиғожин
Фото: автордан
2,646
оқылды

Күйшілік өнер жайлы көбіне жазушылар, журналистер жазады. Ал күйшілердің басқа күйші жайлы жазған мақалалары көп емес. Ал жазылған дүниелер болса, ол – өте құнды. Әсіресе, мақала авторы Ахмет Жұбанов болса...  

Ахаңның Құрманғазы, Дәулеткерей секілді ұлы күйшілерді, домбыра мен күйшілік өнерге қатысты мақалалары бүгінде іргелі (фундаменталды) еңбектерге айналды. Барлығымыз бүгінге дейін дереккөз, «ғылыми азық» ретінде пайдаланамыз. Сонымен қатар Ахмет Қуанұлы өмірінің соңына таман өзі көрген замандас өнерпаздары жайлы да жазып кеткен. Бүгінгі жазбағымыз сондай бір мақаласына арналады.

Эссе Ахмет Жұбановқа өзгелер айтқан пікірден басталады. «Байырғы күйшілерді жаза бер, осы заман орындаушыларын неге жазасың?» деген сұрағына Ахаң:

 Құрманғазы оркестрінде істеген көптеген әріптес достарым бұл өмірден осыншама ерте кетеміз деп пе еді? Осы бір ой мені халық сүйіспеншілігіне бөленген коллектив – Құрманғазы атындағы қазақтың ұлт аспаптар оркестрінің негізін қаласып, даңқын шығаруға себепші болған адамдар жайлы қалам тербеуіме түрткі болды. Олар жайлы жазуға борышты екенім бір сәтке естен шықпай қойды, – деп бастайды.

А. Жұбанов өзі көрген тамаша домбырашылардың бірі Оқап Қабиғожин деп жаза келе, бұл эссе соған арналатынын айтады. Алдымен өмірбаянына тоқталады.

Оқап (өзі Ваган деп жазылатын) Қабиғожин 1901 жылы Орал облысы Жаңқала ауданы 21-ауылда, кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Оның туған ауылы Нарын мен Қамыс-Самар көлдерінің аралығында, аудан орталығынан 60 шақырымдай жерде. Оқаптың атасы Асау да кедей болыпты. Нәші – әйгілі домбырашылар қатарынан шыққан Қызылқұрт руынан тарайды. Әкесі Қабиғожа жас кезінде Құрманғазының ұлы Қазимен кездесіп, одан бірнеше күй үйренген.

Оқап қара жұмысқа ерте араласады екен. Тұрмыс тауқыметін бала кезден көргендіктен, домбыра тартуға, машығын арттыруға мұрша болмайды. Бұл жайлы Ахмет Жұбанов бірнеше рет арнайы тоқталып өтеді. Оқап 16 жасқа келгенде, Қабиғожаның кіші інісі Саусан өз домбырасын сыйға тартқан екен. Кезінде Құрманғазы қонақ болып келіп, қолына алған домбырасын жас өнерпаз аса қадірлеп келді дейді А. Жұбанов.

Академик ары қарай жас күйшінің өнерге араласып, халық алдына шыққанын жазып кетеді.

1918 жылы Оқап он жетіде болатын, сол кездің өзінде Астраханнан 50 шақырым жердегі балық өндірісінде әуелі аспазшының көмекшісі, кейін кочегар боп жұмыс істеп жүрді. Сөйте жүре ол өзінің сүйікті домбырасын жанынан тастамады. Алты жасынан күй тартуға әуестенген Оқапқа әкесі қатты риза болатын, «менің кішкентай Оқабым атасы Құрманғазыға тартқан, сол ұлы атасының жолын қуады» деп ара-тұра мақтанып та қоятын.

Жұмыстан қолы босаған сәтте, үйге келісімен, Оқап қолына әуелі домбыраны алып, Байжұма, Соқыр Есжан, Түркеш, Құрманғазы, Бапас (Дәулеткерейді осылай деп атайды) секілді домбырашылардың күйін тартатын. Тәп-тәуір қоңыр даусымен әйгілі Мұхиттың, Дәукеннің әндерін шырқайтын. Ол сонымен қатар татар, башқұрт әндеріне де әуес еді. Кейде скрипкаға қосылып көпке белгілі «Қара орман», «Зиляйлюк», «Бала мешкін» секілді әндерді айтатын (жұмысшылар арасында Тоқайдың өлеңдері мен әндері кең тараған ғой). Орыстың би әуендерін скрипкада ойнағанда, көпшілік қызыға тыңдасатын. Аз уақыттың ішінде Оқап өнерпаз ретінде тез танылып, қазақ халық өнерінің уағыздаушысы болып алды. Соның арқасында біраз қаражат жинап алғанын Оқап кейінірек айтып отырушы еді.

Бұл уақытта күйші өз бетімен жүрмегені анық. Оны Ахаң да жазады. Мысалы, даңқты Құрманғазының тікелей шәкірттері Мәмен мен Динаны, Тоғайбайдан күй үйренген Төлеген Аршановты (Құрекеңнің немере шәкірті) кездестіргені Оқаптың шығармашылығына жаңа серпіліс берген екен.

Ахмет Жұбанов тек Оқаптың өзінің айтқанын ғана емес, архивтік құжаттарға да мән беріп, өз мақаласын жазған. Оған келесі мына сөзі дәлел бола алады.

Құрманғазы күйлерін меңгеруге осылай қызу кіріскен шағында, тағы да бір қиындық алдына кесе-көлденең тұра қалды: әкесінің қатты ауырып, жұмыстан қалғандығы жөнінде хабар алады. Енді ол Астраханда тұратын семьясына бармақшы боп, жинала бастайды. Осы жолы, 1927 жылы, 29 қарашада, Орал облысы Бөкей ауданы  Глинин болысы  Теңдік ауыл советінің «Мәдени ошақ» канцеляриясы берген 928-нөмерлі куәлікте былай жазылған: «Бұл – куәландырып отырған Ваган Қабиғожин жолдасқа Астраханға балық өндірісіне бара жатқаны туралы берілген. Жасы 27-де, бойдақ, мұрты шағын, домбырада күй тартып, ән салады, бірақ ол күнкөріс кәсібі емес. Тегі – кедей екендігін қол қойып, мөр басып растаймыз».

Шаруашылық қызмет күнкөріс үшін болса да, шын өнерпазды тұсауда ұстау қиын. Бұл Оқапқа да қатысты. Домбыраны өмірлік серігі ретінде қарап, кәсібилікке ұмтылады.

“...Бұл кездерде Оқапты шала сауатты деуге болмайтын, ол өз бетімен білімін көтеріп, газет-журналдарды үзбей оқитын, ара-тұра өзі де мақалалар жазып жүрді. Әсіресе, ол баспасөз бетінен қазақ әртістері жайлы, қазақ совет өнерінің дамуы жайлы мақалаларды қызыға оқитын. Ақыры профессионалдық өнерде өз бақытын сынамақшы боп, Оқап Алматыға аттанады.”

Ахмет Жұбановтың жазуынша, Оқаптың Алматыға алғаш келуі сәтсіз аяқталды. Театрға домбырашы қызметіне орналасады. Түрлі концертке қатысып, көрерменнің ықыласына бөленіп жүрсе де, түрлі себепке байланысты қызметін жалғастыра алмады. Осылайша, ауылына қайтып, Орал облысы Жаңақала ауданында қарапайым есепші ретінде оқуға кіріседі. Бірақ денсаулығы нашарлап, оқуды аяқтай алмай шығып кетеді. Кейін заң қызметкерлерін дайындайтын курсқа жазылады. Қайда жүрсе де жанынан домбырасы бір сәтке де қалған емес.

Бір уақытта күнкөріс үшін қазіргі Ресей Федерациясындағы көршілес ауылына жұмыс істеуге уақытша кетеді. Кейін оралса, өз отбасын таба алмай қалады. Бұл жайлы Ахаң келесідей жазады:

Хал-ахуалын қайтадан жөндеп алғаннан кейін, РСФСР-ға барып, семьясын көшіріп келуге бел байлайды, тиісті құжаттарды дайындады… Әттең! Бұл жолы да Оқап Қабиғожин үлкен қайғыға душар болды. Үй-ішін еш жерден таба алмады. Не ЦЧО-да, не Воронеж облысында болмай шықты, қайда кеткенін ешкім білмейді. Жан дүниесі алай-дүлей боп, жапа шеккен Оқапты, өзінің айтуында, сол кезден бастап үнемі туған-тумаластарына деген үрей баурайды, тез ашуланып, ұзақ күйзелетін халге ұшырайды.

1935 жылдың жазында Оқап Қабиғожин үй-ішін іздеп тағы да ЦЧО мен Воронеж облысына барады. Сапары тағы сәтсіз аяқталды. Әке-шеше, іні-қарындасының із-түзін таба алмай, біржола көз жазып қала береді...

Осы аралықта авторлық “Адасқақ” атты күйі дүниеге келеді.

Өнер тартып тұрмайды. Сондықтан Оқап біржолата оралады. 1934 жылдың маусым айының аяғында Оқап халық өнерінің бүкілқазақстандық слетіне қатынасуға Алматыға жолдама алады. Бұл кез жайлы Ахмет Жұбанов былай дейді.

...1934 жыл. Қазақ драма театрының үйінде слетке қатысушылардың байқауы жүріп жатыр. Бір үзілісте, жюри мүшесі ретінде, маған Орал облысының делегациясын таныстырды. Кезек Оқап Қабиғожинге келді. Үстінде ақ косоворотка, қара шалбар, шашын кейін қайыра салған. Бойы ортадан жоғарылау, көздері үлкен, өткір. Сөзін күліп бастағанмен, лезде салмақтана қалады, тіпті қатулана түскендей. Аққұбаша бетінде сәл ғана шұбар бар, кең маңдай, қыр мұрын, келісті тұлғасы, киім киісі – бәрі де тегін жігіт еместігін растап тұрғандай.

Сахнаға шығысымен, тыңдаушыларды ойнау ерекшелігімен өзіне баурап алды. Ол домбыраны көтеріңкіреп ұстады да, пернелерге қарамастан, оң жағына басын бұрып ап, күйді беріле тартты. Оның еркін қимылы, музыканы дәл, нәзік сезінуі, әр ырғағының сергек серпіні мені бірден таңғалдырды. Оң қолы домбыраның шанағын шулатпай, саусақтарын оңды-солды сілтемей қос ішекті тура қағады.

Осы уақыттан бастап, өнердің айналасынан ауытқымады. Оркестр құрамында, кейін жеке орындаушы ретінде күй тартып жүрді. Ал 1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақстан өнері мен мәдениетінің он күндігіне қатысып, “Қазақ КСР-на еңбегі сіңген әртіс” атағын алады. Десе де, өмірі ұзаққа созылмай, өкпе ауруынан дүниеден озады. Бұл жайлы Ахмет Қуанұлы келесідей жазады:

Туғандарын жоғалтып алуына байланысты басына түскен өмір тауқыметі Оқаптың денсаулығына әсер етпей қалған жоқ. 30-жылдардың басында өкпе ауруына шалдықты. Ұлы Отан соғысы басталғанда, өз халқының ұлы ретінде, ауыр науқасына қарамастан, Алматыда жүруден бас тартты. Ол үнемі ауылдарды аралап, ел қорғау жұмысына үлес қосып жатқан еңбеккерлер арасында өнер көрсетті, халықты жеңіске жігерлендірді. 1942 жылдың көктемінде өкпе ауруы қайта қозып, төсек тартып жатып қалды да сол жылдың жазында дүние салды.

Құрметті оқырман, біздің заманымызға Құрманғазының атақты “Балбырауын” мен “Сарыарқа” секілді көптеген күйлерді жеткізген Оқап күйші жайлы берер мәліметіміз – осы. Назарымызда болған Ахмет Жұбановтың мақаласы өте көлемді. Жазылған деректердің дені кәсіби домбырашыларға арналған. Сондықтан мақалада қарапайым оқырманға қызықты әрі түсінікті болатын тұстарын ғана келтіруді жөн санадық.

Сөз соңында осы мақалаға пайдаланған фото жайлы айта кетейік. Жалпы, Оқап күйшінің фотосы көп емес, әйтеуір интернетке жарияланғандары өте аз. Көбі домбырасыз түскен бейнесін ғана біледі. Біз ұсынған сурет Оқаптың жастау кезі болса керек. Өзіміздің пайымымызша, Алматыға алғаш келгенде фотоға түскен сияқты. Және түсірген фотомаманының шеберлігі аз болғаны немесе фотокамераның сапасыз екені анық. Күйшінің домбырасы мен саусақтарын үлкейтіп, денесі мен басын кішірейтіп түсірілген екен. Дегенмен бұл да бір тарихи құжат деп арнайы ұсынып отырмыз.

Рүстем Нүркенов, күй зерттеушісі