Елордада сақтық шаралары күшейтілді
Елордада сақтық шаралары күшейтілді
261
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласы аумағында коронавирустық инфек­цияның тасымалдап әкелінуі анықталып жатқан жағдайда профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру жайында арнайы брифинг өтті. Бас қаладағы барлық медициналық ұйымдардағы іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ қауіпсіздік шаралары мен астанадағы азық-түлік қоры туралы айтылып, алдағы жоспар барысы баян етілді.  

Кешенді іс-шаралар жүргізілуде

Инфекцияның алдын алу мақ­сатында арнайы штаб құрылып, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша эпи­демияға қарсы профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ведомствоаралық кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған орай, қаладағы барлық медициналық ұйымдар­дағы медициналық персоналдың іс-қимыл тәртібі, сондай-ақ қауіп­сіздік шаралары туралы семинар­лар, жаттығулар өткізіліп, меди­циналық ұйымдар дәрі-дәрме­к­термен, медициналық мақсаттағы бұйымдармен және жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілген.
– Нұр-Сұлтан қаласының тұр­ғындары арасында коронавирус жұқпасының таралуын болдырмау мақсатында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы эпидемияға қарсы режимді сақтау бойынша бірқатар іс-шараларды жүргізуде. Біз Қытай және Оңтүстік Корея сияқты елдердің халықаралық тәжірибесін, дәлірек айтқанда, олар коронавирусқа қарсы күрес­те қолданған шараларын зертте­дік, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы­ның Қоғамдық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Сәуле Қи­сықова. Оның айтуынша, коро­на­вирустық инфекцияны диагнос­тикалау үшін және кейінірек зертханалық расталған инфек­цияны тіркеу кезінде жеке аурухана қаладан тыс бөлек ғимаратта ор­на­ласқан. Коронавирус диагнозын қою кезінде науқастардың жағда­йына байланысты 4 деңгейге бө­лінеді, яғни жағдайы «жеңіл», «орташа» және «ауыр» деп сана­латын емделушілер, сондай-ақ үйде карантинге жатқызылған нау­қастар. Сондай-ақ жалпыға ортақ жауапкершілік мақсатында қарапайым ережелерді қаперде ұстау керегін баса ескертті. Мә­селен, қызба, жөтел сияқты кли­никалық белгілер байқалған уа­қытта үйде болып, Call-орталыққа қоңырау шалып, кеңес алу немесе жедел жәрдем шақыру қажет.
– 2020 жылдың 28 қаңтарынан 13 наурызына дейін орналас­ты­рылған уақытша ауруханада 600-ден астам адам медициналық бақылауда болды. Барлық адам зертханалық тексерістен өтті. Ко­реяда пациент симптомдар бо­йынша емханаға өз бетінше бар­ған. Кейіннен оны толық дезин­фекциялау үшін жұмысын тоқтата тұруға мәжбүр болған жағдайлар болды. Медициналық персонал және бірге кезекте тұрған басқа па­циенттер карантинге алынды, – деді Сәуле Қисықова. Тағы бір айта кетерлігі, дүйсенбіден бастап мек­теп оқушылары үшін сабақ тоқ­тайды, әйтсе де балабақшалар жұмыс істей береді. – Ата-аналар балаларын қал­дыра алатын жер болса балабақ­шаға апармағаны абзал. Бірақ бұл шектеу емес, тек кеңес ретінде айтып отырмыз. Мектепке дейінгі мекемелер мен балабақшалар да дезинфекциялау жұмысы, сол сияқ­ты медициналық бақылау кү­шейтілген режимде жүргізіліп жа­тыр, – деді басқарма басшысы.  

100 мың маска жеткізіледі

Бұдан бөлек брифингте мас­ка­лар мен дезинфекциялау құрал­да­рының жетіспеушілігі туралы да ай­тылды. Қазір Үкімет маскаларды экспорттауға толығымен тыйым са­лу шараларын қабылдап және тап­шылықты толтыру үшін бүкіл ел бойынша маска шығаруды бақы­лауға алып отыр. Сондай-ақ қалалық емханаларға телефондар мен меди­циналық бақылау штабы орналас­тырылған, олар корона­вирустық инфекцияның таралу санатын ес­кере отырып, қауіпті деген елдерден келген адамдарды үйде тексеруден өткізеді. Қазақ­стан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Call-ор­та­лығы жұмыс істейді – 1406.
– Қалада арнайы күшейтілген санитарлық режимі қабылданып, коронавирустық инфекцияның ал­дын алу мақсатында кешенді ша­ралар жүзеге асырылуда. Меди­ци­налық персонал іс-қимыл алго­ритмімен, инфекцияның берілуі­нің алдын алу немесе шектеу стратегия­сымен оқытудан өтті. Осы ауруда бар деректерді және қоздырғыштың берілу ерек­ше­ліктерін ескере отырып, жеке гигиенаның қарапа­йым ережесін сақтау қажет, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша та­уарлар мен көрсетілетін қызмет­тердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­таментінің басшысы Зекен Иса­қов. Оның айтуынша, Шымкентте жасалған 100 мың дана маска жеткізіледі деп күтіліп отыр.
 

Азық-түлік қоры жеткілікті

Ал азық-түлік қауіпсіздігі жө­ніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, оларды тікелей жеткізу мәселесі өңірлермен пысықталған. Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жеткізуде үзілістер жоқ. Қаланың сауда желі­лері мен қоймаларындағы қорлар жеткілікті мөлшерде сақталған.
– Бүгінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығы ту­ралы сұрақтар туындады. Аптаның басында қала басшылығы қаладағы барлық сауда желісі өкілдерімен жиналыс өткізді. Бүгінгі таңда барлық қоймалар мен бүкіл сауда желісі әлеуметтік маңызы бар та­уар­лардың қажетті мөлшерімен қам­тамасыз етілген. Мұндай дүрлі­гу әдетте 3-4 күнге созылып барып, тыншиды. Келесі кезекте біз көп­теген жылдар бойы келе жатқан, яғни бағаларды тұрақтандыруға және қажетті тауарлар көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік бе­ретін механизм арқылы желілермен жұмыс істейміз. «Магнум», «Ас­тықжан», «Шанхай», «Астаналық», «Евразия» сияқты бөлшек сауда желілерінің қоры жеткілікті. Сон­дықтан да алаңдауға негіз жоқ, – деді «Нұр-Сұлтан қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмұрзаев.
Бүгінде Қазақстанда, атап айтқанда Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясы тіркел­меген. Медициналық қызметкер­лер үшін дәрі-дәрмектерге, меди­циналық мақсаттағы бұйымдарға және жеке қорғаныс құралдарына деген қажеттілік Қазақстан Рес­публикасы Денсаулық сақтау ми­нистрлігімен пысықталып әзір­ленуде. Елорда тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау үшін инфекцияның әкелінуіне жол бермеу үшін: – білім беру, денсаулық сақтау, жаппай болу және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтілді; – қоғамдық көліктердің, қо­ғамдық көлік аялдамаларының санитарлық жағдайын бақылауды күшейту; – кейбір жағдайларда, қолай­сыз эпидемиологиялық жағдайы мен байланысы бар елдерден келген адамдарды ауруханаға жат­қызу және оқшаулау туралы шешім қабылдаған кезде, полиция бөлім­шесі, атап айтқанда, КВИ-де бай­ланыстарды іздеуге және каран­тинге қатысуға тартылады (меди­циналық бақылаудағы адам ре­жимді бұзған жағдайда). Қазақстан Республикасының Әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы кодексінің 667-бабына сәйкес әкімшілік жа­уапкершілік қарастырылған). Нұр-Сұлтан қаласындағы орта білім беру мекемелерінде (мемле­кеттік және жекеменшік мектеп­тер) вирустың алдын алу мақса­тында 2020 жылдың 16 наурызы­нан 4 сәуіріне дейін оқушыларға демалыс жарияланды. Қосымша білім беру ұйымдары да демалыс уақытында жұмысын тоқтатады. Осы уақыт ішінде колледж сту­денттері қашықтықтан оқыты­латын болады. Сондай-ақ балабақ­шалар жұмыс істейді. Ата-аналарға мүмкіндік болса, балаларды үйде қалдырған жөн.   Алтынбек ТОЛЫМБЕКОВ, Нұр-Сұлтан