Оңтүстік Кореядағы Муан әуежайында Jeju Air әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады, – деп хабарлайды Aykin.kz.
Оқиғаның бейнежазбасынан МBC News лайнерінің қону кезінде ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, қоршауға соғылғаны байқалады.
Оңтүстік Кореядағы ұшақ апаты таңғы сағат 9:07-де (Астана уақыты бойынша 5:07-де) болды. Бортта 175 жолаушы мен алты экипаж мүшесі болды, олар Бангкоктен оралған.
Апат салдарынан ұшақ айтарлықтай зақымданды, өрт шықты. Кейін төтенше жағдайлар қызметі өртті сөндіріп, іздеу-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Жолаушылар арасында Оңтүстік Кореяның 173 азаматы және Таиландтың 2 азаматы болғаны анықталды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес лайнер қону кезінде құстармен соқтығысқан.
ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтың сөзінше, алдын ала мәліметтер бойынша ұшақ бортында қазақстандықтар болған жоқ.