Оңтүстік Кореяның Муан әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта бір отбасының 9 мүшесі болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бангкоктан оралған Jeju Air Boeing 737-800 бортындағы 181 адамның қатарында бір отбасының 9 мүшесі болған. Олар 80 жастағы туысының мерейтойын тойлауға барған. 80 жастағы жергілікті тұрғынның өзі де сол ұшақта еді. Ұшақ апатынан қаза тапқан 179 адамның ішінде ең қарты да сол. Негізі бүкіл әулет мерейтой тойлауға Таиландқа барған.
Еске салайық, 29 желтоқсанда Jeju Air Boeing 737-800 ұшағы Бангкоктан Оңтүстік Кореяның Муан қаласына ұшқан. Ұшақ Муан әуежайына қону кезінде апатқа ұшырағанын хабарлаған едік. Апат жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 9:07-де болған. Ұшақ ұшу-қону жолағынан асып түсіп, қоршауға соғылып, өрт шықты.
Бортта 181 адамның екеуі аман қалды. Олар - ұшақ экипажы мүшелері. Екеуі де жарақат алған, қазір ауруханаға жеткізілді. Жергілікті биліктің мәліметі бойынша ұшақтағы жолаушылар арасында қазақстандықтар жоқ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.