Өнер иесінің сөзінше сахнаға жарық беріп тұратын электр тогынан өрт шығып, қымбат жағалы киімі жанып кеткен, – деп жазады Aykin.kz.
Ол кезде өнерпаздардың дені әлі Алматыда тұратын. Жыл сайын орталық алаңға концерт қоюға шығады.
"Сол жылы күн суық әрі аяз болатын. Қар жауып тұр. Сонда да халық көп жиналады. Мен әнімді айтып, сахнадан түстім. Бір кезде Қарақат пен Қыдырәлінің кезегі келді. Оның алдында баласы Бекболат көнбей жылап жүрген. Жасқа толмаған бөпе еді. Маған баланы ұстатты да, өздері сахнаға жүгіріп кетті. Мен әлгі баланы көндіру үшін ойнаттым, ән айттым. Біресе көтеремін, біресе арқалап аламын. Бір кезде күйіктің иісі шыға бастады. Мән берген жоқпын. Қолымдағы балаға алаңдап тұра бердім. Сөйтсем, үлкен жарық беретін экранның жоғарыға ілінген тогы істен шыққан. Содан 10 шақты күн бұрын ұзын әдемі құндыз тон алған едім. Соның жағасы жанып жатыр. Жұрт жаңа жылды тойлап, жыл келгеніне қуанып жатса, мен мына жақта өрт сөндіріп жүрмін", – деді өнер иесі.
Оның сөзіне қарағанда, сол жерде жүрген жігіттер де көмекке келіп, бәрі жабылып өртті сөндірген.
"Егер жағам үлкен болмағанда шашым бәрі жанып кететін еді. Кейін құндыз тонымның жағасын алып тастап, өзгертіп алдым. Бірақ бәрібір бұрынғыдай әдемі болмай қалды. Сосын сіңліме сыйлап жібердім. Жыл келген сайын сахнаның сыртында өрт сөндіріп жүргенім есіме түсіп, күліп аламын”, – деді өнер қайраткері.