Бүгін акция аясында «Балам-ай» мүгедек балаларды қолдау қайырымдылық қорының бүлдіршіндеріне арнайы жаңажылдық сыйлықтар табысталды. Шара барысында бүлдіршіндер тек сыйлықтар алып қана қоймай, ертегі әлеміне енді.
Партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек акцияның тең мүмкіндік пен қолайлы орта жасаудағы маңызына тоқталып, оның ерекше қажеттілігі бар балаларға қуаныш сыйлайтынын атап өтті.
– Жаңа жыл – нағыз отбасылық мереке. Оны мейірім мен жылылықтың, береке мен бірліктің, жанашырлық пен қамқорлықтың бір символы деуге болады. Жарқын мейрам бүлдіршіндерді сиқырға сендіріп, оларды айрықша бақытқа бөлейді. Бұл тұста, Партиямыз ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап, қамқорлық көрсетуді игі дәстүрге айналдырғанын білесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі балаларға кедергісіз орта құрудың маңызын әркез айтып келеді. Осы орайда, ерекше қажеттілігі бар балалардың арманына қанат бітіру мақсатында «Арман ағашы» акциясын өткізіп жатырмыз. Бұл игі бастаманы «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатының еліміздің түкпір-түкпірінде жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қазір бұл акция 20 мыңнан астам балаға қуаныш сыйлап, олардың арманына қанат бітірді. Мұндай игі істер ерекше қажеттілігі бар балалардың көңілін көтеруге, олардың қоғамда өз орнын табуға зор үлес қосатыны сөзсіз. Біздің түпкі мақсатымыз да – осы, – деді ол.
Акцияның басты мақсаты – ерекше балаларға Жаңа жыл қарсаңында мерекелік көңіл күй сыйлап, олардың армандарын орындау. Іс-шара барысында бүлдіршіндер өздері көптен күткен сыйлықтарына қол жеткізіп, мерекелік қойылымды тамашалап, ерекше әсерге бөленді. Өз кезегінде «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова бұл бастаманың жыл сайын жалғасын тауып келе жатқанын тілге тиек етті.
«Рухтастарда дәстүрге айналған тұрақты «Арман ағашы» акциясы биыл да жалғасын тапты. Ерекше күтімді қажет ететін балақайлардың Жаңа жыл қарсаңындағы тілектерін алдын ала жинап алып, міне, бүгін соларды орындадық. Бұндай акциялар тек елордамызда ғана емес, Жастар қанатының барлық аймақтық филиалдарында түрлі форматтарда ұйымдастырылуда. Осылайша біз ерекше балалардың қоғамдағы маңыздылығын арттырып, олардың армандарын орындауға ықпал еткіміз келеді. Материалдық көмек көрсету ғана емес, балалардың жан дүниесіне жылу сыйлап, олардың өздерін ерекше сезінуіне мүмкіндік беру», – деді ол.
Іс-шараға келген ата-аналар да бұл акцияның балалар үшін үлкен мереке атап өтті.
«Бүгін біз сыйлыққа ортопедиялық аяқкиім алдық. Бұл біз үшін өте керемет сыйлық, өзімізге қажетті дүние. Осындай бастамаға ұйытқы болған барша ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Балаларымыздың бақытты жүзін көру – біз үшін үлкен қуаныш», – деді ата-аналардың бірі.
«AMANAT» партиясы ұйымдастырған бастамасы – ерекше балалар мен олардың отбасыларына көрсетілген қамқорлықтың айқын үлгісі.