Жаңа жыл қарсаңында атыраулық әйел егіз қыздарын үйде босанған. Оқиға 29 желтоқсан күні болыпты.
Smartnews.kz жазуынша, сол күні қыздардың анасы толғақ қысқан соң үйіне жедел жәрдем шақыртқан. Мекенжай бойынша дереу жеткен №9 бригада әйелдің туу уақыты жеткенін, перзентханаға жеткізу қауіпті боларына көзі жеткен.
Жедел жәрдем фельдшері Эльвира Каримованың айтуынша, бригада тексеруге келгенде әйел босанып жатқан. Сондықтан фельдшерлер дереу іске кіріскен.
«Біз барған уақытта, баланың басы шығып келе жатты. Бірден босандыруға кірісіп кеттім. Бірінші қыз өмірге келіп, кіндігін кесіп жатқанда, келіншек егіз екенін айтты. 11 жылдық тәжірибемде мұндай оқиға алғаш рет боп тұр. Бұған дейін қаншама әйелді босандырып алсам да, егіздердің өмірге келуіне алғаш рет куә болдым», – дейді Эльвира Каримова.
Екінші фельдшер Қанат Жексембаев болса, босандыру процесіне бірінші рет түскен. Оның жұмысқа кіріскеніне бар болғаны бір жыл болған. Соған қарамастан екі фельдшер кәсіби міндеттерін атқарып, ана мен сәбилерді аман алып қалды.
Келіншек босанған соң егіздермен бірге облыстық перзентханаға жеткізілді. Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Наргиз Абдрахманованың айтуынша, жыл басынан бері фельдшерлер 49 жүкті ананы үйінде босандырған. Ал жыл аяғындағы егіздердің өз үйінде өмірге келуі – алғаш рет.