Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, шетелдік қонақтар, жоғары оқу орындарының ректорлары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер қатысты.
Жиын барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ Ерлан Тынымбайұлы еліміздің білім беру жүйесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алар орны айрықша екенін атап өтті.
– Қасиетті қара шаңырақ ғасырға жуық уақыт ішінде іргелі білім ордасына айналды. Білікті мамандар ұстаханасы ретінде өзінің бірегей дәстүрін қалыптастырды. Мұнда халқымыздың біртуар перзенттері, әйгілі академиктер дәріс оқыды. Университеттің мыңдаған түлегі ел игілігіне қызмет етіп, Қазақстанды дамытуға өз үлесін қосты, – деді Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин.
Салтанатты жиында Қазақстандағы көшбасшы жоғары оқу орны туралы «Farabi – 90» атты тарихи-деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ іс-шара аясында университет жетістіктері, халықаралық байланысының дамуы және ғылыми-инновациялық жобаларына арналған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде білім ордасының базасындағы мұнай-химия, ІТ, медицина, жасанды интеллект, биология, физика, ғарыштық технология, география салалары бойынша жүргізіліп жатқан ғылыми жобалардың нәтижелері баяндалды.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаев өз сөзінде оқу орнының ғылыми-зерттеу бағытындағы, инновация саласындағы жетістіктері, ҚазҰУ қалашығының бүгінгі тынысы мен университеттің алдағы жоспарлары туралы баяндады. Салтанатты жиында Ерлан Қарин оқу ордасының қызметкерлеріне мемлекеттік наградалар мен жас ғалымдарға пәтер кілтін табыстады. Іс-шара әрмен қарай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мерейтойына орай әзірленген концерттік бағдарламаға ұласты.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы