Мерейлі жылдар мерекесі

Мәдениет – қоғамның рухани кемелденуіндегі негізгі бағыт. Биыл елімізде осы бағытта бірқатар ілкімді жұмыстар жүзеге асты.

Музыкада, кино өндірісінде, әдебиетте де елеулі оқиғалар болып, біраз белестерді бағындырды. Жыл айтулы даталарға толы болды. Солардың ішінде қазақ даласында туып, түрлі тақырып­қа қалам тербеген жазушылар мен саф өнерімен жұртты таңдай қақтырған өнер майталмандарының мерейтойларына тоқталып, шолу жасағанды жөн көрдік.

Юнеско көлемінде тойланған мерейтой

Қазақ әдебиетінде қайталанбас қолтаң­ба­сын қалдырған, өзгеше өрнек, ғажайып сыр-сипат әкелген қаламгердің бірі, қара сөздің қам­басы – Бердібек Соқпақбаев. Ол балалар мен жасөспірімдерге арналған 20-дан астам әң­гіме, повесть, роман жазған. Айтулы ме­рей­той қарсаңында Бердібек Соқпақбаевтың ту­ған жері Нарынқол ауданында сәулетті ес­керткіш бой көтеріп, жазушының есімі бір­­қатар саябаққа, білім ошағы мен облыстық кітапханаға берілді. Одан бөлек, Астана қала­сын­да озық туындысы «Менің атым Қожа» кейіпкері Қожаның мүсіні орнатылды. Бұл – Соқпақбаев шығармашылығының ұлт ру­ханиятында ерекше орын алатынының дәлелі. Биыл балалар жазушысының 100 жылдығы Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде  аталып өтті. Іс-шара Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің қол­дауымен ұйымдастырылған еді. Шара бары­сында «Менің атым Қожа» кітабының фран­цуз тіліндегі нұсқасының тұсаукересі өтті. 

Айта кетейік, жазушының 100 жылдығы ТҮРКСОЙ ұйымы аясында да тойланды. «Өл­гендер қайтып келмейді» кітабы түрік тілі­не аударылып, Бас хатшы Сұлтан Раевтың бастамасымен Анкара мен Ыстанбұл қала­ла­рында халықаралық конференция мен бір­не­ше көрме өткізілген.

Қаламгердің өлмес туындылары әлі де жас буын­ның рухын көтеріп, өмірге деген құл­шы­нысын арттыратыны сөзсіз.

Қазақтың классик Бейімбеті

Заңғар жазушы, қарасөздің шебері Бейімбет Майлин ұлт ру­ханиятын байытқан небір соқталы туындылар жазып қал­дыр­ды. Өлең жазып, поэ­зия­дан про­за­ға ойысып, дра­матур­гия­да да із қал­дыр­ды. Биыл 130 жыл­­дық ме­рей­тойы аталып өтті. Осын­дай атаулы күнде қалам­гер­­дің туған өлкесі Қос­­та­найда әде­биетшілер кон­­ферен­ция­сы жоғары дең­­­гейде бо­лып өтті. Жиын­да Бейім­бет Май­лин­нің өмірі мен шығар­ма­шы­лы­ғы­ның түр­лі ас­пектілері, қа­­зақ әде­бие­ті­нің дамуына қос­­қан өл­­шеу­сіз үлесі, шы­ғар­­ма­ла­ры­ның өміршеңдігі тал­­қылан­ған еді. Май­лин­нің ұлт­­тық бірегей­лік­ті қалып­тас­­тырудағы рөлі, театр өне­рі мен ха­лық мәдение­ті­не әсері әлі күнге дейін ха­лық жа­дында сақ­тау­лы, ұмы­тылмайды да. Бейімбет Майлиннің шы­ғармалары әде­би про­цеске жаңа формалар мен идеялар әкелді. 

Мерейтойда өткен шараның бірі – Л.Толстой атындағы ғы­­лыми әмбебап кітапханасындағы мазмұнға бай сөрелерде тұл­ға­ның шығарма жинақтарынан құралған көрменің ұйым­дас­­ты­рылуы. Тағы бір айта кететін жайт, І.Омаров атындағы қа­зақ дра­­ма театры ұжымының қатысуымен  Бейімбет Май­лин­нің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қаламгер» спек­таклі қойылды.

Абыз Әбіштің 85 жылдығы аталып өтті

Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының тұңғыш Мемлекеттік хатшысы Әбіш Кекілбаевтың биыл 85 жылдық мерейтойы аталып өтті. Мерейтой аясында Ақтау қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Әбіш Кекілбайұлы оқулары – 2024» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, оған Түркия, Мажарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан және отандық ғалымдар қатысты. Сонымен қатар мерейтойға арналған «Әбіш әлемі» халықаралық театр фестивалі, «Әбіш әлемі – суретшілер көзімен» атты республикалық симпозиум көрерменге жол тартқан еді.

Одан бөлек, 4 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкалық драма театрында Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 85 жылдығына арналған «Кемел тұлға келбеті» атты халықаралық форум өтті.

Форум аясында Әбіш Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған фото және кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ә.Кекілбаевтың «Мазмұндама» баспасынан жарық көрген «Дәурен кешкен» кітабының (құрастырған – маңғыстаулық ғалымдар Әділет Қабылов пен Бақтыбай Жайлауов) таныстырылымы болды. Белгілі тұлғаның мерейтойында ұйымдастырылған шаралардың ішінде ABISH ALEMI ІІІ Халықаралық театр фестивалінің орны айрықша.

Қазақ әдебиетінің ақсұңқары

Сәкен Сейфуллин – қазақ ақыны, драматург және Қазақстан Жазушылар одағының негізін қалаушы. Биыл жазушының 130 жылдық мерейтойына орай республика көлемінде «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты фестиваль өтті. Фестиваль аясында ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуші ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлерінің құнды пікірлері тыңдалып, педагогтер мен білім алушыларға арналған байқаулар жарияланып, көптің қызығушылығын тудырған еді. Сонымен қатар Республика көлеміндегі С.Сейфуллиннің есімі берілген мектептердің ерекшеліктері және Сәкен мұражайлары мен кабинеттерінің білім алушылар мен педагогтердің шығармашылық және зияткерлік қабілетін арттырудағы құндылықтарын дәріптейтін телекөпір сәтті аяқталды. Биыл мемлекет қайраткері жайлы том-том кітап жарық көріп, зерттеу жұмыстары белсенді түрде жүргізілген. Нәтижесінде, 3 бірдей туынды жарық көрді.

Серілік дәстүрдің дарабозы

Кенен Әзірбаев – артына өлмес мол мұра қалдырып, халықтың ға­сыр­лар бойы қалыптасқан рухани асыл қазыналарын бүгінгі өмірімен са­бақтастыруға өлшеусіз үлес қосқан өнер­паз. Кемеңгер күйшінің туғанына 140 жыл толуына орай, биыл ком­пози­тордың 107 әні, 7 күйі, айтыстағы ән туындылары тұңғыш рет домбыраға лайықталып, нотаға түсірілді. Сон­дай-ақ Байзақ ауданындағы өзінің аты берілген музыкалық мектепте бюст ашылды. Ақиық ақынның өлмес өлең-жырлары мен әсем ән-күйлері ха­лықпен бірге мәңгі жасай бермек. Аты аңызға айналған тарихи тұлғалар жайлы жазғандары халық игілігіне айналып отыр. Бүгінде ақынның ән-жырлары баспадан үздіксіз шығып келеді.

Планетарлық деңгейдегі тұлға

Ұлт мақтанышы, Қазақ елінің қазына байлығын аш­қан, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының не­­гізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы ака­демик Қаныш Сәтбаевтың туғанына –  125 жыл. Ға­лымның мерейтойына орай Астана қаласының Қ.Сәтбаев көшесінде алғашқы академиктің ба­релье­­фісі ашылды. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­­тық университетінде «Планетарлық деңгейдегі тұл­­ға» атты көрме және «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақ­та­нышы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық кон­ференция көпшіліктің көкейіндегі сауалға жауап беріп нәтижелі аяқталды. 

Айта кету керек, Қаныш Сәтбаев – есімі мем­ле­кет тарихында алтын әріппен жазылған ұлттың бір­­туар перзенті, ЮНЕСКО деңгейінде 125 жылдығы той­­ланған аса көрнекті геолог-ғалымы, мемлекет жә­­не қоғам қайраткері, ХХ ғасыр ғұламасы.

Ғұлама ғалымның мерейтойын атап өтуге ар­нал­ған Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жал­пы­рес­публикалық жоспары аясында биыл респуб­ли­ка­лық жә­не халықаралық деңгейдегі 50-ден астам іс-шара өтті.

Тұрар Рысқұлов – 130 жыл

Түлкібастың тумасы Тұрар Рысқұлов – халықтың аяу­лы перзенті, аса көрнекті мемлекет және қоғам қай­раткері, түркі тілдес халықтардың бірігуіне ұйыт­қы болған айбынды көшбасшы. Биыл Тұрар Рысқұловтың130 жылдығына орай іс-шаралар тізбегі Түркістанда бастау алған еді. Атаулы күнге орай ұйымдастырылған ауқымды шараға шетелдік ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, тұрартанушы тұлғалар бас қосып, көшбасшы туралы ізденістерімен бөліскен болатын. Сондай тың деректер кейінгі буынға жетіп, дара тұлғаның өмір жолы халық жадында сақталмақ. 

Түлкібастағы ұлы тұлғаның есімі берілген аудан­дық тарихи-өлкетану музейінде кітап көрмесі мен жә­дігерлер таныстырылып, Тұрар Рысқұловтың не­мере­сі Аделя Рысқұлова музей қорына құнды жәдігер та­быстады. Сондай-ақ атаулы күнде аудандық мә­де-н­иет үйіндегі шарада біртуар азамат туралы арнайы дайын­далған фильмнің үзіндісі көрсетіліп, қонақтарға қазақ­тың Тұрары жайында ақпарат берілді. Мерейтой жы­лында ерекше атап өтетін жайт – «Ұлы дала пер­зен­ті Тұрар Рысқұлов» атты кітабының тұсауы кесілуі. 

Тұрар Рысқұловтың ұйытқы болуымен 1926 жылы 14 шілдеде «Ақсу-Жабағылы» қорығы, 1925 жылы Түл­­­кібас әк зауыты, 1927 жылы Түлкібас теміржолы салынған. Тұрар Рысқұловтың 130 жылдығына орай Түл­кібас ауданының орталығына, орталық көшеге, аудандық мұражайға Тұрар Рысқұловтың есімі берілді. Сол сияқты «Жанкент» шағынауданындағы «Тұңғыш Президент» саябағына ескерткіш, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күрежолының бойына, Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектептің маңына, аудан әкімшілігінің ал­дына көрнекті ескерткіштері орнатылды.

Поэзия падишасы – Фариза

Фариза Оңғарсынова қазақ әде­бие­тіне қуатты, сырлы жырларымен ке­ліп, ұлттық поэзияның дара тұл­ға­сы­на айналды. Ақынның қайталанбас мі­незі мен терең философиясы оның өлең­дерін биік шыңға шығарып, қа­зақ­тың көркем сөзін жаңа деңгейге кө­терді. Ақынның тырнақалды туын­ды­лары 1958 жылдан бастап жарық кө­ре бастады, ал 1966 жылы алғашқы «Сан­дуғаш» өлеңдер жинағы басылып шық­ты. «Жыр қарлығашының» биыл 85 жыл­дық мерейтойы тойланды. Осы­ған орай, бас қаладағы Ұлттық ака­демиялық кітапханада «Өлең, мен сені аялап өтем…» атты әдеби-сазды кеш өткен болатын. Аталған жоба Қа­зақ­стан Республикасы Ұлттық ака­де­миялық кітапханасы мен Шымкент қа­ла­сының Ө.Жәнібеков атындағы Оң­түстік Қазақстан педагогикалық уни­верситетінің студенттерінен құрал­ған «Алқа» әдеби бірлестігінің бірлесе ұйымдастыруымен өткізілді.  

Фариза Оңғарсынованың әдеби мұ­расын кеңінен насихаттау, жастарға ру­хани тәрбие беру, кітап оқуға құш­тар­лықты арттыру, көркем шығарм­а­ның әдеби-эстетикалық күш-қуаты ар­қылы оқырман талғамын қалып­тас­тыру мақсатында өткізілген іс-шараға Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қа­зақстан педагогикалық универ­си­те­ті­нің студенттерінен құралған «Алқа» әде­би бірлестігінің жетекшілері мен сту­­денттері арнайы келді. Ақын шы­ғар­маларына әдеби-теориялық талдау жа­сап, өлеңдерінен композиция қойып, ғұмырнамасына қатысты кө­рер­мендер арасында интеллектуалды ойындар ойнатты. Іс-шара ұйым­дас­ты­рушылары Ұлттық академиялық кі­тап­ха­насына университет ректоры­ның ал­ғысхаты мен арнайы сыйлығын тарту етті. Биыл тұңғыш рет бірлесіп ұйым­дас­тырған жобаға елордалық сту­дент­тер, оқырмандар белсене қатыс­ты.

Айта кету керек, поэзия пади­ша­сы­ның 85 жылдық мерейтойына орай Әлия Дәулетбаеваның «Фариза Оң­ғар­сынова кім?» атты балаларға арналған кі­табы жарық көрді. Мұнда ақын қыз­дың өмір жолы мен шығармашылығы баян­далған. 

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ