Қаңтар айының соңында Тагил орта мектебінің қызметкері Қайырбек Абеуов партиялықтардан жергілікті хоккей командасына спорттық жабдықтар алуға жәрдемдесуін сұрап, көмекке жүгінген болатын. Кездесуден соң өтініш ескеріліп, көп ұзамай мәселе оң шешімін тапты.
Нақтырақ айтар болсақ, 26 қаңтар күні Қостанай облысы Сарыкөл ауданының Тагил ауылдық округінің орта мектебінде «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында Сарыкөл ауданының көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларының балаларынан жасақталған хоккей командасының мүшелеріне спорттық құрал-жабдықтар табысталды.
Қуанышқа кенелген Сарыкөл ауданының жеткіншектері жаңа техникамен спорттың жаңа белестерін бағындырып, жетістіктерге жетуге талпынатынын айтты. Хоккей командасының қуанышына ортақтасқан спорт ардагері Аркадий Денисов жас жеткіншектерге сәттілік тіледі.
– Саламатты өмір салтын ұстанған жастарға бұл тамаша тарту болды. Сендерге сыйға тартылған спорт жабдықтары игіліктеріңе жарап, алдағы ойындарда жаңа шабытпен үлкен жеңістерге жетулеріңе тілектеспін, – деді ол құттықтау сөзінде.
Өз кезегінде Тагил орта мектебінің спорт әдіскері Қайырбек Абеуов балаларға қуаныш сыйлаған партиялықтарға алғысын айтып, жылы лебізін білдірді.
– Сіздерге мектеп ұжымының, оқушылардың атынан мың алғыс. Шыны керек, осы мәселе бойынша біраз жерге барып көмек сұрадым. Бірақ ешқайсысынан қолдау болмады. Сәті түсіп, Nur Otan партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаевпен жолықтым. Екеуара әңгіме барысында мән-жайды толық түсіндірдім. Ол кісі өтінішімді аяқсыз қалдырмай, қолдан келгенше көмектесетінін айтты. Көп ұзамай партиялықтар мектебімізге келіп, балаларымызды қуанышқа кенелтті. Алдағы уақытта мұзайдынында жиі жаттығулар өткізіп, үлкен жарысқа дайындаламыз. Бұл – біз үшін үлкен мотивация болды. Nur Otan партиясының нақты нәтижесінің, ілкімді істердің партиясы екеніне көзіміз жетіп отыр, – деді Қайырбек Абеуов.