Шығыс Қазақстанда соңғы үш жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің сапасы мен қарқынына «нұротандықтардың» көңілі толмай келеді. Жақында өткен облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының отырысында үйлердің инженерлік-коммуникациялық жүйелері мен құрылыс жұмыстарына қатысты біршама сын айтылды. Жиын барысында 2017-2021 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жазира Мамырбекованың мәліметіне сүйенсек, тек өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында салынатын үйлердің құрылысына 40,3 млрд теңге бөлінген. Бүгінде оның 99,6 пайызы игерілген. Қаржы бөлінгенімен, уақытында игерілмеген, құрылысы тұралап тұрған нысандар аз емес. Соның бірі – Аягөз ауданындағы бес қабатты 60 пәтерлік екі тұрғын үй құрылысы. Басқармадағылардың айтуынша, мердігер компанияның нысанды уақытылы аяқтамауына жұмыс күшінің тапшылығы себеп. Сондай-ақ Семей қаласының Қарағайлы тұрғын ауданындағы 72 пәтерлік тұрғын үй кешені мердігер компания жұмысының баяулығынан былтыр жыл соңына дейін тапсырылмады. Қазіргі күні аталмыш нысандардың құрылысына жауапты ұйымдармен жұмыс жүргізілуде. Сонымен бірге Өскемендегі 28-шағынауданда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан бірқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да 2019 жылы аяқталуы тиіс болғанымен, әзірге үйлердің қаңқалары ғана дайын. Инженерлік-коммуникациялық жүйелер әлі тартылмаған. Бақылау комиссиясының мүшелері тұрғын үйге қажетті жер учаскесі таңдалып, іргетасы құйылғанға дейін сол аумаққа алдымен инженерлік-коммуникациялық жүйелер тарту мәселесі неге басты назарға алынбағанын сауал етіп қойды. – Бұл үйлер 2017 жылы пилоттық жоба аясында салынуы тиіс болған. Құрылыс жұмыстарын дереу бастау қажет болды. Сол уақытта ыңғайлы жер телімдерін қарастырғанда, қаланың шыға берісіндегі «Нұрлы көш» ауылына жақын осы жер дұрыс деген шешім шығарылған. Бұл жерге инженерлік-коммуникациялық жүйелер торабы жақын. Оны тартуда қиындықтар туындамайды деген ойдамыз, – дейді Жазира Мамырбекова. Комиссия мүшелері тұрғындардан үйлердің сапасына қатысты сын жиі түсіп жатқанын атап өтті. Бұл әсіресе Өскемен қаласындағы 19-шағынауданда бой көтерген көппәтерлі баспаналарға қатысты. Аталған мәселе аудандарда да бар. Естеріңізде болса, осыған дейін Үржар ауданының орталығы – Үржар ауылындағы көпбалалы аналарға арналған тұрғын үйдің, Зайсан ауданының орталығы – Зайсан қаласындағы және Глубокое ауданындағы сапасыз баспаналар құрылысы туралы жазған болатынбыз. – Құрылыс жұмыстары мен материалдарының сапасыздығына наразы, инфрақұрылымға көңілі толмайтын тұрғындар көбейіп барады. Құрылыс басқармасы осы мәселеге назар аударса дейміз. Мұндай үйлерді қабылдаған комиссия мүшелерінен де жауап алынуы тиіс. Жалпы, тұрғын үйлерді қабылдау комиссиясына партиялық бақылау орнату қажет, – деді жиында партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхтар Төлеген. Соңғы үш жылда облыста «Нұрлы жер» бағдарламасының арқасында мыңдаған тұрғын қолжетімді баспанаға қол жеткізген. Тек өткен жылы аталмыш бағдарлама аясында облыста 442,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 108 пайызға артық. Биыл тағы 68 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал мердігерлер тарапынан жіберілген олқылықтар мен кемшіліктер сөзсіз түзетілуі тиіс. – Бізде бәрі керісінше. Қажетті инфрақұрылымды тартпай тұрып, геологтер, сарапшылар жер жағдайын зерттемей тұрып, жазыққа баспана салып тастайды. Одан соң барып су, жарық және басқаларды тартуға кіріседі. Нысанның кестеден кешігуіне басты себептің бірі осы және бұл қосымша шығын. Қазір Өскемен мен Семейде, аудандарда құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан, облыстық құрылыс басқармасына бақылауды күшейткен дұрыс. Мердігерлерден нысанды қабылдап алатын комиссияның да жұмысын жіті тексеру қажет. Мердігерге орындалған жұмыстың ғана ақысын аудару керек. Ал бізде көп ретте бір-ақ аударылып кетеді. Бюджеттің әр теңгесін қадағалау керек. Сондықтан партияның аудандар мен қалалардағы аумақтық филиалдарының төрағалары, аудан әкімдері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асуын жеке бақылауына алғаны жөн. Қажет болса, әр нысанға мәслихат депутаттарынан, қоғамның, партияның белсенділерінен және БАҚ өкілдерінен жауапты тұлғалар бекітуге болады, – деді Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Серік Жеңісов. Комиссия төрағасы келесі жиын барысында жоғарыда сын айтылған нысандар мәселесі тағы бір мәрте кеңінен талқыланатынын, кемшіліктердің түзетілуін сұрайтынын атап өтті. Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы