Түркі мемлекеттері ұйымының жұмысы жылдан-жылға жанданып келеді. Сауда-саттық айналымы да артты. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетінде жарық көрген сұхбатында айтты.
Соңғы 10 жылда Түркі елдері арасында өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асты
Фото: akorda.kz
613
оқылды

«Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының бастауында болды. Осы ұйымға мүше елдер – біздің көршілеріміз әрі маңызды геосаяси серіктестеріміз.

Біз төрағалық еткен кезде саяси және сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса мән бердік. Бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырдық, 80-нен астам іс-шара ұйымдастырып, нақты нәтижеге қол жеткіздік. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Оқу орындары мен академиялық құрылымдардың, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің арасында тығыз байланыс орнады. 2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласы халықтарымыздың достығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарады.

Соңғы 10 жылда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы алыс-беріс айтарлықтай артты. 2024 жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асты. Елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде маңызды рөл атқарады. Біз энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты күшейтуді көздеп отырмыз.

Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын ұсынды. Бұл аббревиатура өзара қарым-қатынастың дәстүр (Traditions), унификация (Unification), реформалар (Reforms), білім (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) сияқты сегіз басымдығын білдіреді. Осы басымдықтарды Түркі мемлекеттері ұйымы ғана емес, бүкіл түркі әлемі қызығушылықпен қабыл алды. Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды. Еліміз түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалыса береді», – деді Мемлекет басшысы. 

Президент сұхбатта Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс нығайып келе жатқанын, визасыз режим енгізілгенін де тілге тиек етті.