Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетінде жарияланған сұхбатында халыққа әділдік қағидасын түсіндіріп берді.
Тоқаев: Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет
egemen.kz
316
оқылды

Мемлекет басшысының айтуынша, Қасіретті оқиғаға дейін бізде әділдік деңгейі түсіп кеткенін мойындап, әділдік барлық елде және барлық заманда халықтың қалауы болғанын айтты.

"Әділдік – бәрін теңестіру деген сөз емес. Менің ел байлығын әділ бөлу туралы ұстанымым меншік иелерін мүлкінен түгел айырып, активтерді қайта бөлу дегенді білдірмейді. Біз іштен іруге және жүгенсіздіктің белең алуына әкеп соқтыратын мұндай жолмен жүрмейміз. Сондықтан кезінде бәз біреулерге орынсыз берілген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – популистік қадам емес, керісінше, әділдік қағидасы негізінде Қазақстанды жаңғырту стратегиясы.

Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады. Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыс­тың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып жатыр. Әділдік дегеніміз осы емес пе?,  – дейді Мемлекет басшысы.