Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында соңғы бес жыл бойы жүргізілген реформалар азаматтарымыздың негізгі сұранысы мен мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүддесіне негізделгенін айтты.
Президент саяси реформалардың нәтижесі туралы айтты
Фото: gov.kz
417
оқылды

– Соңғы бес жыл бойы жүргізілген реформалар – азаматтарымыздың негізгі сұранысы мен мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүддесіне негізделе отырып мұқият ойластырылған стратегия. Оның саяси астары жоқ.

Негізгі саяси реформалар жасалып бітті. Оның бәрі қоғамда жан-жақты талқыланып, ақырында көпшіліктің қолдауына ие болды. Соның арқасында негізгі саяси институттардың бәрі ашық әрі тиімді бола түсті, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік және тежемелік жүйе күшейді, ең бастысы, азаматтардың саяси өмірге белсенді араласу мүмкіндігі едәуір артты.

2022 жылғы маусым айында өткен референдумның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңарғанын қаперге сала кетейін. Мұның өзі реформаның қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. Қазіргі таңда көптеген реформа іс жүзінде жүзеге асырылып жатыр. Біздің бағытымыз айқын, мақсатымыз белгілі. Соған сәйкес, алғашқы нәтижелер де бар. Бірақ реформа – ұдайы жүретін үдеріс. Қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді. Реформалар елді өркендету ісінің ажырамас бөлігі болған, бола да береді.

Мен халыққа Жолдауымды жариялағанда мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты тың бастамалар ұсынамын. Ұлттық құрылтайдың отырыстарында азаматтардың көкейіндегі өзекті мәселелерге баса назар аударып жүрмін. Биыл да солай болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.