«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жедел ақпаратында хабарлағандай, оқиға 3 қаңтарнда сағат 07:20-да болған. Сол аралықта республикалық маңызы бар «Астана-Петропавл» автожолының учаскесінде (18–232 шақырымдары) ауа райының нашарлауына байланысты барлық автокөлік қозғалысына шектеу енгізілген.
"Ауа райы жақсарып, жол тазаланғаннан кейін сағат 12:30–да Полиция департаменті қызметкерлері мен «ҚазАвтоЖол» арнайы техникасының сүйемелдеуімен Щучинск бағытына қозғалыс ұйымдастырылды. Алайда, жүргізушілердің жылдамдық режимін және қауіпсіз қашықтықты сақтамауы салдарынан сағат 13:28-де трассаның 153-шақырымында, Жанаталап ауылының маңында шамамен 95 көліктің қатысуымен жаппай жол апаты орын алды, — деп жазды «ҚазАвтоЖол».
Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен «ҚазАвтоЖол» мамандары жұмыс істеуде. Бір жолақ тазартылып, жарамды автокөліктер қозғалысын бастады. 22 көпфункционалды жол машинасы және 2 трактор жұмылдырылған. Қазір сол жол учаскесінде барлық көлік түрлері үшін қозғалыс қайтадан шектелді. Әзірге қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Еске сала кетейік, бұған дейін Астана-Щучье тасжолында 40-қа жуық автокөлік соқтығысқанын жазған болатынбыз.