Бұл бағытта жүйелі шаралар жүзеге асырылып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қабылданған 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы аясында ашықтықты қамтамасыз етуге арналған нақты жұмыстар қолға алынды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Туризм және спорт министрлігі бірлесе отырып спорт саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Талдау барысында бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану мен жымқыруға жол ашатын тәуекелдер анықталды. Осы мәселелерді шешуге бағытталған шаралар кешені жоспарланды. Оның ішінде ең маңыздысы – цифрландыру. Мәселен, е-Sport спорт саласын цифрландырудағы ең маңызды бастамалар қатарында саналады.
Қазір министрлік заманауи технологияларды пайдалана отырып, e-Sport платформасын әзірлеуді бастады. Бұл жүйе спорт саласындағы ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Платформаның негізгі мақсаты – спортшылар, жаттықтырушылар, төрешілер мен әдіскерлер туралы деректерді қамтитын орталықтандырылған базаны құру. Сонымен қатар бұл жоба спортшылар мен жаттықтырушылардың біліктілігін растау, электронды іс-шаралар күнтізбесін жасау, спорт нысандарының реестрін қалыптастыру секілді мәселелерді тиімді жасақтауға мүмкіндік береді.
Пилоттық кезеңде платформаның бірнеше модулі іске асырылды. Бүгінде 81 спорт федерациясы мен 6 ұйым осы жүйеге қосылды, 1700-ден астам спортшы туралы ақпарат енгізілді. 2025 жылы e-Sport платформасының функционалын кеңейтетін боламыз. Атап айтсақ, жарыс хаттамаларын электронды форматқа көшіру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, статистикалық деректерді жинауды проактивті форматта енгізу жоспарланып отыр. Ал өңірлік спорт басқармалары осы платформаны жедел әрі сапалы енгізуге бар күшін салуға тиіс. Себебі бұл құрал спорт саласын цифрландыруда және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте шешуші рөл атқарады. Сонымен қатар ашықтық – басты мақсат екенін ұмытпауымыз керек. Яғни, е-Sport цифрлық платформасы спорт саласын ашық әрі тиімді басқаруға мүмкіндік береді және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттырып, саладағы жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Қабылданған бастамалар мен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жақын арада нақты нәтижесін береді деген сенімдеміз.
Туризм саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу жұмыстары да жалғасып жатқанын атап өткен жөн. Бұл талдаудың сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған жаңа қадамдардың негізін қалауда маңызы зор.
Цифрландыру – сыбайлас жемқорлықпен күрестегі ең сенімді, әрі жалғыз жол. Елімізде қолға алынған бұл бастамалар азаматтардың сенімін арттырып, спорт саласын жаңа деңгейге көтереді.
Ербол МЫРЗАБОСЫНОВ,
Туризм және спорт министрі