Aikyn.kz осы аптада Financial Times жариялаған мақалаға сүйеніп, Еуропаның қауіпсіздігіне төнген қауіптердің әлеуетін талдайды.
«Ресей экономикасы әскери жағдайда жұмыс істеуде. Қауіп бізге үлкен жылдамдықпен жақындап келеді». Сурет economist.com сайтынан алынды. Авторлығы: Peter Schrank
Еуропада қауіпсіздік дағдарысы өршіп тұр. 2025 жылы екі қауіпті элементтің бірігуі мүмкін: Ресейден төнетін қауіп пен Американың жаңадан сайланған президентінің ЕуроОдақ елдеріне қоятын жаңа талаптары. Еуропалық саясаткерлер осы алаңдатарлық геосаяси комбинацияға өз қорғаныстарын күшейту арқылы шұғыл түрде жауап беруі қажет. Бұған қол жеткізу үшін Еуропаның ең ірі экономикасы Германияның қорғаныс шығындарын жылдам арттыру туралы уәдесін орындауы өте маңызды. Қорғаныс шығындарын ұлғайтудың саяси аргументтерін тұжырымдау Ресей мен Америкада не болып жатқанын нақты түсінуді қажет етеді.
НАТО-ның жаңадан тағайындалған бас хатшысы Марк Рютте өткен айда: «Ресей экономикасы әскери жағдайда жұмыс істеуде. Қауіп бізге үлкен жылдамдықпен жақындап келеді», – деп ескертті. Ол НАТО-ны қорғаныс өндірісін жылдам ұлғайтуға және «әскери ойлауға көшуге» шақырды.
Өткен жылдың сәуірінде НАТО-ның Еуропадағы бас қолбасшысы, генерал Кристофер Каволи: «Ресейдің тежелу белгілері байқалмайды. Ресей Украинамен тоқтап қалғысы келмейді», – деп әскери адамға тән емес эмоцияға берілді. Батыс сарапшылары Ресей қазірдің өзінде Еуропамен гибридті соғыс жүргізіп жатыр, соның ішінде жаппай құрбандыққа дейін алып елуі мүмкін қасақана әрекеттер де бар деп сендіргілері келген. Бірақ нақты жағдай осылай ма?!
Дональд Трамп Еуропаға: «Өзіңнің қауіпсіздігіңді өзің ойлайтын уақыт келді немесе қосымша ақша төле». Фото newsnationnow.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Eva Marie Uzcategui
Қырғи қабақ соғыс жылдары Ресей (Кеңестік Одақ деген дұрыс болар – авт.) Еуропадағы әскери қысымды күшейткен кезде Америка Құрама Штаттары одақтастарды біріктіріп, ортақ «жауларына» қарсы жұмылдырған еді. Бірақ америкалық реакция бұл жолы мүлдем басқаша болатынға ұқсайды.
Жаңадан сайланған президент Трамптың негізгі тағайындаулары мен кеңесшілері АҚШ-тың әскери күштерінің басым бөлігін Еуропадан Азияға ауыстыруды қалайтынын ашық айта бастады. «Америкаға ұлы держава мәртебесін қайтарамын» (Make America Great Again, MAGA) деген ұранмен сайлауда жеңген Дональд Трамп Еуропаға «өзіңнің қауіпсіздігіңді өзің ойлайтын уақыт келді немесе қосымша ақша төле» дейтін саяси көзқарасын ашық көрсетуде.
Қорғаныс министрінің саясат жөніндегі орынбасары болып жаңа ғана тағайындалған Элбридж Колби өткен жылы Financial Times-қа АҚШ үшін Қытайдың Ресейге қарағанда басымдығы жоғары екенін жазды. Және «АҚШ Еуропадан Азияға қажетті күштерді көшіруі керек, тіпті Ресей бірінші шабуыл жасаса да» деп еуропалықтарды қатты қорқытқан мәлімдеме жасады.
Еуропалық қорғаныс сарапшылары АҚШ әскерінің Еуропадан кетуі Ресейдің агрессиялық көңіл күйін одан сайын өршітеді деп қауіптенеді. Chatham House қызметкері Кейр Джилс өзінің жуырда жарық көрген кітабында: «Американың НАТО-ны әскери қолдаудан бас тартуы – Ресейдің Украинадан тыс жерлерге шабуыл жасау ықтималдығын күшейтудің ең сенімді жолы» деп жазады.
Алайда Еуропаның көп бөлігі ресейлік қауіптің төніп тұрғанына сенбейді. Батыстық ақпарат көздері «Украинадағы үш жылға жуық шайқаста Мәскеу армиясы шектеулі аумақтық жеңістерге қол жеткізді және таңғаларлық шығынға ұшырады: қазірдің өзінде мерт болған және жараланған сарбаздар саны 700 000 болды» деп есептейді.
Бірақ олар Ресейдің, орыс әлемінің қауіпсіздігі үшін Владимир Путиннің қандай шығындарға дайын екенін болжай алмауда. Ресей армиясы қазір 2022 жылғы соғыстың басындағымен салыстырғанда едәуір көп. Бүкіл батыспен жалғыз соғысып жатқан Ресейдің экономикасы төтенше санкцияларға қарамастан әскери жағдайға жақсы бейімделіп алды. НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте атап өткендей, орыс елі «үлкен көлемде танктер, броньды машиналар мен оқ-дәрілер шығарады».
НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте: «Орыс елі үлкен көлемде танктер, броньды машиналар мен оқ-дәрілер шығарады». Фото politico.eu сайтынан алынды. Авторлығы: EPA / Olivier Matthys
Ресейдің Украинада жүргізіп жатқан қарсыласын титықтатып, әлсіретуге, материалдық ресурсын сарқылтуға арналған соғыс түріне қарсы тұруға Еуропа елдерінің экономикалық әлеуеті де, адамдары мен техникасы да жетіспейді. Өткен жылдың басында британдық армияда 73 520 сарбаз болды, бұл 1792 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Неміс армиясында 64 мың әскер бар. Салыстырмалы түрде, 2024 жылғы ашық мәліметтерге сәйкес, Ресей әскерінің жеке құрамында 1,5 млн сарбаз қызмет етеді.
Ең бастысы, батыстың азаматтық қоғамы Ресей өздеріне шабуылдамаса кім үшін, не үшін құрбандыққа бару қажеттігін түсінбейді. Ал орыс әскері соғыс алаңында бірлік пен биік рухтың үлгілерін көрсетіп, патриоттық жігермен соғыс жүргізуде.
НАТО-ның әскери жоспарлаушылары альянсқа Ресейді тоқтату үшін (Еуропаны қорғау үшін – авт.) өте қажет нәрсенің үштен бірі жетіспейді деп санайды. Әсіресе, әуе шабуылына қарсы қорғаныс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оқ-дәрілер мен қауіпсіз байланыс құралдарының жетіспеушілігі ерекше байқалады.
Альянс мүшелері қазіргі уақытта қорғанысқа ішкі жалпы өнімнің 2% жұмсауға міндетті. Олар НАТО-ның келесі саммитінде бұл номиналды 3% дейін көтереді деп күтілуде. Бірақ бұл қаржы көлемі еуропалық елдер сатып алуды ұлттық сипаттар бойынша емес, тұтастай сатып алуға келіскен жағдайда ғана жеткілікті болмақшы.
3% мақсат Американың НАТО-дағы міндеттемелерін негізінен сақтайды деген болжамға негізделген. Егер бұл орындалмаса, онда қорғанысты жоспарлаушылардың пікірінше, еуропалық елдер қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 4,5% дейін көтеруге мәжбүр болады. Бірақ тіпті 3%-дың өзі бүгінде тым қиын меже болып көрінеді. Мысалы, бүгінгі НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте 2010-2024 жылдары Нидерланды премьер-министрі болып тұрғанда оның елі 14 жылда ғана ЖІӨ-нің 2%-ын қорғанысқа бөлуге әрең келіскен.
Польша мен Франция Германияның қайта қарулануынан тыжырынып кетеді. Эммануэль Макрон, Олаф Шольц және Дональд Туск Берлиндегі келіссөздерде. Фото economist.com сайтынан алынды. Авторлығы: Picture Alliance
Ресеймен шекараға неғұрлым жақын орналасқан еуропалық елдерде ресейлік қауіп ерекше қорқынышты болып көрінеді. Польша 2025 жылы қорғаныс шығындарын ЖІӨ-нің 4,7%-ына дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бірақ Батыс Еуропаның ірі экономикаларында бәрі басқаша. Германия мен Франция өткен жылы 2%-ға әрең жетті; қорғаныс шығындарын Ұлыбритания 2,3%-ға көтерді.
Францияда бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 6% пайызын құрайды және 100% астам мемлекеттік қарыз бар. Британ үкіметі де үлкен қарызға батып, кіріс көздерін іздеуге, қосымша кіріс жинауға жанталасуда. Қарызының ЖІӨ-ге қатынасы 60% пайыздан сәл ғана асатын Германияның қорғанысқа көбірек қаржы жұмсау мүмкіндігі бар. Энергетикалық дағдарыстарға қарамастан оның әлі де айтарлықтай өнеркәсіптік және инженерлік базасы бар.
Биылғы сайлаудан кейін Германия канцлері болуы ықтимал Христиан-демократиялық партияның өкілі Фридрих Мерц Ресей қаупін байыппен қабылдайды. Сарапшылардың ойынша, егер Германия тапшылық шығындарына байланысты конституциялық ережелерін жеңілдетсе және еуропалық қорғанысты қаржыландыру үшін ЕуроОдақ-тың ортақ қарызын мойындаса, бұл континенттің қауіпсіздік ландшафтын өзгерте алар еді.
Бірақ бұл жерде нацизмнен зардап шеккен ұлттардың тарихи жадын да ескеруге тура келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл болса да, Германияның кейбір көршілері, әсіресе Польша мен Франция, немістердің қайта қарулануын қабылдауға дайын емес. Бірақ жаңа әлемнің шынайы бейнесі мен өздерінің бүгінгі қауіпсіздігі оларға бұрынғы өзара реніштерін уақытша ұмыттыратынға ұқсайды.
Еуразияшылдық идея мен Қазақ елінің мүддесі туралы
Батыс пен Шығыс, атлантизм мен еуразияшылдық идеялар арасындағы қайшылықтар, көпполярлы әрі көпөлшемді әлем құру жолындағы бүгінгі шиеленістердің табиғаты өте тереңде екенін бізге дұрыс бағалау керек. Әсіресе, алып Еуразия континентінің ортасында орналасқан Қазақ елінің болашағы мұқият екшелген, теңдестірілген саясат ұстануды талап етеді.
Еуразияшылдық идеяның күретамырын орыс идеясы мен орыс мүддесін қорғау құрайды. Еуразияшылдықтар Ресейдің батыс мәдениетінің ықпалына түспей, Батыс пен Шығысты біріктіретін жаңа өркениеттің орталығы болғанын қалайды. Орыстың еуразиялық кеңістікте ықпалды күшке айналуын мақсат етеді. Бұл идеяларды тұжырымдаған орыс адамын өз халқын сонша жақсы көргені үшін ешкім кінәлай алмайды. Дәл солай, қазақты жақсы көрген, өмірін құрбандыққа шалған тарихи тұлғаларды біз де ұмытпаймыз, ұлықтаймыз.
Ал осы еуразияшылдық идеяның түпкі сипатын, алып территорияны иемденген орыс әлемінің тарихи пассионарлық энергиясын, таралу бағытын біз дұрыс түсініп отырмыз ба? Еуразияшылдық деген алып бәйтеректің бір бұтағын жұлып алып, тек экономикалық сипатын «үлкен саяси идея, жаңашылдыққа» теңестіріп, қазақ мемлекетінің саясаты ретінде күштеп таңуды қалай түсінуге болады? Бұл – Қазақ елінің, ұлтының тарихи миссиясын, сұранысы мен болашақ әлеуетін кемсіту, жаңсақ бағалау ма?
Еуразиялық экономикалық Одақ құрудағы басты дивиденттерді, оның жемістерін Ресей молынан жинап отыр. Бұл – ғылыми тұжырымдармен дәлелденген заңдылық. Еуразиялық интеграция – орыс мемлекетінің геосаясаттағы орнының күшеюуіне ықпал ететін мықты құбылыс. Ал Қазақ елі бұндай интеграциялық форманың әлеуетін ұлттық мүддемізге сай барынша пайдаланып, прагматикалық ұстанымда болуы тиіс еді. Өкінішке орай, нақты жағдай біз ойлағандай болмады.
Мемлекет дамуында саясат пен экономика ажыратуға болмайтын субстанция екенін, «алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұғымның қарабайырлығын қазақ қоғамының кеш болса да түсіне бастағаны қуантады. Әрине, бұл – бір ғана мақаланың көлемінде талданатын мәселе емес. Ашық ғылыми зерттеулер мен пікірталастарға жол ашатын көзқарас ретінде ұсынылады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.