Технологиялық әлем кванттық есептеулерге үлкен үмітпен қарайды. Өйткені кванттық компьютерлердің мүмкіндіктері бүгінгі құралдармен салыстырғанда 1 млрд есеге дейін жылдам әрі қуатты болады.
Nvidia кванттық есептеулермен айналысатын компаниялардың акцияларын құлатты
Әлемнің дамыған елдері «кванттық үстемдікке» жету үшін қаржыны да, басқа ресурстарды да аямауда. Иллюстрация information-age.com сайтынан алынды
235
оқылды

Aikyn.kz кванттық технологиялардың даму бағытына байланысты тараған ақпараттарды Reuters жариялаған хабарламаға сүйеніп түсіндіреді.

Кванттық есептеулер үшін асқын өткізгіш материалдарды – 273С дейін салқындату керек. Фото quantumai.google сайтынан алынды

Сәрсенбіде (8 қаңтар) кванттық есептеулермен айналысатын компаниялардың акциялары бір жылға созылған өсу раллиін тоқтатты. Nvidia-ның бас директоры Дженсен Хуанг бұл технологияны практикада қолдану кем дегенде жиырма жылдан кейін басталуы мүмкін екенін айтқаннан кейін акциялар төмен түсе бастаған.

Кванттық компьютердің ерекше өнімділігін бүгін елестетудің өзі қиын. Олар күрделі мәселелерді шешуде классикалық компьютерлерден 100 млн есе, тіпті, 1 млрд есе жылдам. Сондықтан да, әлемнің ең мықты елдері «кванттық үстемдікке» жету үшін қаржыны да, басқа ресурстарды да аямауда, олар кванттық технологияны алғашқы болып меңгеру – жаһандық көшбасшылыққа жетудің басты кілті екенін жақсы түсінеді.

Кванттық компьютерлер керемет жылдамдыққа ие болғанымен, оларды жұмыс істеуінде әлі де шешілмеген технологиялық проблемалар бар. Мысалы, қазіргі кванттық есептеулерді жүргізу үшін асқын өткізгіш материалдарда болатын кванттық құбылыстарды пайдалану кезінде оны абсолютті нөлге дейін салқындатуы қажет. Бұл шамамен –273С.

Бүгінгі кванттық зерттеулердің барлығы – осындай ақауларға төзімді есептегіш машина жасау. Aikyn.kz былтыр шілде айында «Квант бәрін өзгертеді, адам өміріне төңкеріс жасайды» атты сараптамалық мақала жариялады. Кванттық технологияның ерекшеліктері туралы сол мақаладан оқып білуге болады.

Nvidia-ның бас директоры Дженсен Хуанг: «Өте пайдалы кванттық компьютерлерді жасауды 20 жыл күтуге тура келеді». Фото Reuters сайтынан алынды. Авторлығы: Steve Marcus

Nvidia-ның бас директоры Дженсен Хуанг айтуынша, «өте пайдалы кванттық компьютерлерді жасауды ұзақ күтуге тура келеді. Оны жасауға миллиардтаған доллар қаржы керек». Осы сөздерден кейін нарықтың кванттық технологияға деген көңілді суи бастағандай.

«Егер сіз 15 жыл десеңіз... бұл сәл ерте болар еді. Егер сіз 30 десеңіз, бұл сәл кеш шығар. Бірақ сіз 20-ны таңдасаңыз, менің ойымша, көпшілігіміз оған сенеміз», – деді сейсенбіде Дженсен Хуанг.

Жетекші менеджердің бұл сөздері Rigetti Computing, D-Wave Quantum, Quantum Computing және және IonQ акцияларының 40%-дан астам төмендетіп тастады. Жалпы алғанда, компаниялар нарықтық құнынан 8 млрд доллардан астамын жоғалтады деп болжануда.

Rigetti және IonQ акцияларына иелік ететін Spear Invest-тің бас инвестициялық директоры Ивана Делевска да: «15-20 жылдық уақыт кестесі өте шынайы болып көрінеді. Nvidia-ға жеделдетілген есептеулерді әзірлеу үшін шамамен осындай уақыт қажет болды», – дейді.

Кванттық технологиялар адамзат өркениетін мүлдем басқа деңгейге көтереді. Иллюстрация quera.com сайтынан алынды

Өткен жылы төрт кванттық есептеуіш компанияның акциялары кем дегенде үш есе өсті. Бұл Google-дың желтоқсандағы кванттық технологиядағы үлкен серпілісінің арқасында Nvidia-ның екі таңбалы табысынан да асып түсті.

Қытай мен АҚШ кванттық технологияны ұлттық қауіпсіздіктің негізгі элементі ретінде қарастырады және бұл елдер әскери мәліметтерді шифрлау үшін осы технологияны қолдануды ойлайды. Дегенмен кванттық технологиялармен айналысатын компаниялардың кірісі әлі де аз болып қалуда. LSEG жинаған деректерге сәйкес, сейсенбідегі жағдай бойынша құны $10 млрд-тан асатын IonQ 2024 фискалды жылы $41,6 млн кіріс әкеледі деп күтілуде. Нарықтық капиталы шамамен 4,4 миллиард долларды құраған Rigetti Computing-тің 2024 жылғы табысы 11 млн долларды құрауы мүмкін.

Craig-Hallum сарапшысы Ричард Шеннон «алдағы бірнеше жылда үкіметтің кванттық технологияларға бөлетін инвестициясы өсіп, кірістер айтарлықтай болады» деп ойлайды.

Сарапшылардың айтуынша, кванттық есептеулер іске қосылса, Nvidia қазір негізгі бенефициар болып саналатын классикалық есептеу бизнесін түбірімен жойып жібереді. Nvidia-ның бас директоры Дженсен Хуангтің нарыққа жіберген пессимистік сигналы да осындай қорқыныштан туындауы мүмкін.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.