Ауыл шаруашылығын дамыту – басты назарда
Ауыл шаруашылығын дамыту – басты назарда
794
оқылды
Кешегі Үкімет отыры­сын­да Сау­да және инте­гра­ция ми­нис­трі Бақыт Сұл­танов ішкі нарықты отан­дық азық-түлікпен қам­та­масыз ету қажет еке­нін айтты. – Біз жоғары импортқа тәуелділікті талдап, анықтадық. 8 тауар тәуекел то­бына кірді. Олар бойынша импорт үлесі 15 пайыздан асады. Мұның ішінде қант, ірімшік, сүзбе, құс еті, күнбағыс майы және тағы басқа азық-түлік өнімдері бар. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тауар­лардың 5-7 пайызына аздаған тапшылы­ғы алыпсатарлықтың себебінен бағаның 1,5-2 есеге өсуіне әкеп соғуы мүмкін, – деді шенеунік. 2018 жылы Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаев 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп ке­шеніндегі еңбек өнімділігін және өң­делген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2,5 есе арттыруды тапсырып еді. Бес жылдың екеуі өтті де кетті. Ал біздің Үкімет мүшелері әлі күнге дейін экспортты былай қойып, импортқа тәуелдіміз деп аузын қу шөппен сүртеді. Ау, сонда бұл қалай болғаны? Ішкі на­рықты қамтамасыз етуге Қазақстанның қауқары жетпей ме?
Әрине, жетеді. Ауыл шаруашылы­­ғы – біздің негізгі ресурсымыз. Тек оның әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Шындасақ, бүкіл дүниежүзін органика­лық және экологиялық таза өнімдерге қарық қылатын жағдайымыз бар. Осы мақсатта Үкімет суармалы жер көлемін кезең-кезеңімен 2030 жылға қарай 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды көз­деп отыр. Бұл қадам ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 4,5 есе арттыруға септігін тигізбек.
Ауыл шаруашылығына шетелден инвесторлар тарту да – кезек күттірмес міндет. Міндет орындалып та жатыр. Мәселен, бірер ай бұрын Премьер-Министр Асқар Мамин АҚШ-қа барды. Сапар барысында америкалық агро­бизнес өкілдерімен Қазақстанда ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы келісімшарт жа­салды. Үкімет басшысы АҚШ-тағы аса ірі ет өндіруші Tyson Foods компания­сымен келіссөз жүргізді. Аталмыш кә­сіпорын Қазақстанда екі жылда үш зауыт салмақшы. Сондай-ақ Омаха қаласында маңызды құжатқа қол қойылды. Құжат бойынша Қазақстанда 2022 жылы қуат­тылығы жылына 1 мың машина фрон­тальді және айналма суаруды құ­райтын Valley ирригациялық жүйелерін өндіру зауыты салынады. Америкалық техно­логия өсімдік шаруашылығының өнім­ділігін арттырып, ауыл шаруашы­лы­ғын­дағы су шығынын 50 пайызға азай­тады. Жалпы, аграрлық сектор – бизнес үшін тартымды бағыт. Соңғы 5 жыл­да бұл бағытқа 3,3 млрд доллар (1,3 трлн тең­ге) инвестиция құйылған, оның 80 па­йызға жуығы жеке секторға тиесілі. Еліміздің географиялық орналасуын, ұлан-ғайыр жер байлығын, ауа райы жағдайын ескерсек, отандық ауыл шаруашылығының болашағы зор екенін анық аңдаймыз. Мысалы, Нидерландқа қарайықшы. Алақандай мемлекет ауыл шаруашылығына инновациялық жаңа­лықтар енгізуде әлемдік көшбасшы ре­тін­де танылған. 2000 жылдан бастап гол­ланд фермерлері қолданыстағы пес­тицидтерден толығымен бас тартты, 2009 жылдан бастап құс және мал ша­руа­шы­лығында антибиотиктерді қол­дану көр­сеткішін 60 пайызға қысқартты. Бүгінде Нидерланд тамақ өнімдерін сырт­қа шығару жағынан өзінен әлденеше есе үлкен АҚШ‑тан кейінгі екінші орында. Ауыл шаруашылығы болашақта біз­дің де бірден-бір қозғаушы күшіміз болмақ. Өйткені мұнай – қырық-елу жылда сарқылатын байлық. Ал жердің мәуесі мен малдың сүмесі  адамзатты әлімсақтан бері асырап келеді. Жейтін тамақ пен киетін киім жердің астында емес, жердің бетінде. Табиғи өнімдерге деген сұраныс алдағы уақытта арта түс­песе, еш кемитін емес. Аузы дуалы са­рапшылардың айтуынша, ауыл шаруа­шылығы эко­номикалық дағдарысты жою, тамақ және жеңіл өнеркәсіп сала­ларын дамыту, саяси-әлеуметтік тұрақ­тылықты қам­тамасыз ету жолында ше­шуші рөл атқа­рады. Ауыл шаруашылығы дегенде кең-байтақ жеріміз, төрт түлік малымыз, егінді алқаптарымыз еріксіз ойға оралады. Осы табиғаттың берген сы­йын құмға сіңген судай құрдымға ке­тірмеу үшін салаға ерекше көңіл бөл­геніміз жөн.
Қазақтың жаны – ауыл. Қазір ша­мамен 7,7 млн адам немесе халықтың 41 пайызы ауылда тұрады. Ауыл тұрғын­дарының тұрмысын жақсартпайынша, ауыл шаруашылығы өнімін арттыру мүм­кін емес. Былтыр Президент «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру жұмысы жал­ғасатынын мәлімдеді. Шағын елді ме­кендерді дамытуға қатысты күрмеуі қиын күрделі мәселе баршылық. Осы орайда, өңірлік стандарттар әзірленіп, мыңнан астам ауылға жағдай жасалады. Мемлекет басшысы Үкіметке алдағы 3 жыл ішінде ауылды дамытуға 90 мил­лиард теңге бөлуді тапсырды. Бұл қара­жат көлік, ауызсу және газбен қамта­масыз ету сияқты инфра­құрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады.
Иә, биологиялық ресурстарымыз, минералды ресурстарымыз, моральдық, интеллектуалдық ресурстарымыз бәрі ауылда. Тек капитал ауылда емес, билiк ауылда емес, элита ауылда емес. Соңғы үшеуі ауылға бетін бұрса, ауыл шаруа­шылығы да гүлденеді. Біз көріп отырған жалғыз шешім – осы. Басқаның бәрі – қосымша.   Еркебұлан НҰРЕКЕШ