Сондай-ақ депутаттар көру қабілеті бұзылған адамдарға жарияланған туындылардың қолжетімділігін жеңілдетуге арналған құжатты ратификациялады.
Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ерлан Сәрсембаев Сенат шешімімен Конституциялық сот судьясы лауазымынан босатылды. Регламентке сәйкес, бұл мәселені Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары алдын ала талқылады.
Сондай-ақ отырыс барысында Палата депутаттары «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Депутаттар атап өткендей, Қазақстанның Марракеш шартына қосылуы көру қабілеті нашар адамдарға арналған кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, осындай адамдар үшін қолжетімді форматтарда жасалған туындылардың даналарымен халықаралық алмасуды жүзеге асыруға жол ашады.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кұқықтарын қорғау және оларға тең мүмкіндіктер қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Осы ретте, қаралған шарттың ережелері көру қабілеті бұзылған адамдардың әдеби және көркем туындыларға қолжетімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, келісім аясында тараптар арасында қолжетімді форматтағы даналармен алмасу және оларды импорттау тетіктері қарастырылды. Мақұлданған заң елімізде инклюзивті орта қалыптастыруға оң үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында сенатор Сұлтан Дүйсембинов Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ол Қонаев қаласының инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуге қажетті мақсатты қаржыландырудың жоқтығына назар аударды. Осыған байланысты депутат 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер қарастыруды ұсынды. Депутаттың айтуынша, Қонаев қаласындағы инфрақұрылымды дамыту мақсатына қаржы қажет.
Қонаев қаласына Алматы облысының орталығы мәртебесі берілгеннен кейін, қалада инженерлік, энергетикалық, әлеуметтік және әкімшілік нысандардың құрылысына қаржы қажеттігі сезіле бастады. Алайда, сенатор Сұлтан Дүйсембиновтың айтуынша, бұл жұмыстарды іске асыру мақсатына қаржы қаралмаған.
«Бүгінде стратегиялық маңызы бар «Арна» қосалқы электр стансасының құрылысы маңызды жоба болып саналады. Бұл жобаны іске асыру өңірдің экономикалық және өнеркәсіптік дамуы үшін қуатты серпін болатыны анық. Ол дегеніміз, жаңа жұмыс орындарын құруға, өндірістік және әлеуметтік объектілерді энергиямен қамтамасыз етуді күшейтуге, сондай-ақ облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті депутат.
Өңірдегі жұмыстар басталғанына қарамастан, 2023-2025 жылдарға арналған бюджетте бірнеше жобаны қаржыландыру назардан тыс қалған. Бұл қаланы дамытуға бағытталған шаралардың уақытылы орындалуын қиындатуда. Атап айтқанда, әкімшілік ғимараттар, энергетика және көлік коммуникациялары, сондай-ақ білім беру және мәдениет мекемелері сияқты стратегиялық нысандар туралы сөз болып отыр.
«Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Қонаев қаласының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды іске асыру қажеттілігіне байланысты осы жобаларға арналған шығыстар 2023-2025 жылдарға жалпы трансферттер көлемінде ескерілмегенін ескере отырып, бюджетті нақтылау, түзету кезінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлу жолымен қалыптасқан жағдайдың оңды шешілуі және 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары тиісінше әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажет», – деді сенатор.