Елімізде биылдан бастап жылыжайлар санын көбейту жұмыстары қолға алынбақ. «Қарапайым заттар экономикасы» аясындағы жоба Ұлттық банк, Аграрлық несие корпорациясы және инвестициялар есебінен қаржыландырылады. Жылыжай салуды көздеген шаруаларға арнайы субсидиялар да қарастырылған. Бірақ осы миллиардтаған теңгені қажет ететін жоба ертеңгі күні өз нәтижесін бере ме?
Шаруашылық жылыжайлар тиімсіз
Статистика комитеті ел аумағында жылыжайлар 12 мың гектардан астам жерді алып жатыр деп жазды. Ал «Аграрлық несие корпорациясының» ақпаратына сай қазір елімізде 31 жылыжай кешені жұмыс істеп тұр. Дегенмен жылыжай ашу бар да, оны ұстап тұру, керегінше өнім алып тұру екінің бірінің қолынан келмейді. Сонымен бірге бізде агрономдар тапшы деген әңгімелер жиі айтылады. Осы салада жүрген Қазақстанның жылыжайлар қауымдастығының өкілдері де шаруашылық жылыжайлар тиімсіз бизнес деген пікірде. Қауымдастықтың атқарушы директоры Маржан Қанатова: «Бұл өте қымбат жоба. Сондықтан субсидияларды қайтаруға көп уақыт кетеді. Қазақстанда жылыжай кешенінің құрылысына жылдық ставкасы 15% несие беріледі. Оның 10%-і мемлекет есебінен субсидияланады. Осылайша, қарыз алушы жылдық мөлшерлемесі 5% несиені төлейді. Жылыжай кешенінің құрылысына және оны жабдықтауға да арнайы уақыт беріледі. Әсіресе, шыны нысандардың құрылысына көп қаржы кетеді» дейді. Электр энергиясының қымбаттауынан да субсидиялар ақталмайды екен. «Жеңілдетілген несиені алғанның өзінде, оны қайтаруға ондаған жыл уақыт кетеді. Сондықтан шаруашылық жылыжайлар тиімсіз бизнес. Бұған қарамастан, Қазақстанда саланы дамытуға ден қойылған» деп қынжылады мамандар.
Иә, бизнесті дүрілдетіп, кәсіптен нәсіп көріп отырған жылыжайлар негізінен миллиардтаған қаржы салып, еліміз ғана емес шетел нарығына шыққан, «Аделя», «BRB APK» сынды кәсіпорындар. Олардың өзі біраз қиындық көрді. Мысалы, бір ғана «Аделя» компаниясына «ҚазАгро» Ұлттық холдингі 2 млрд 187,7 млн теңге инвестиция құйды. Мұнда жүзден астам маман жабық топырақта көкөніс өсірумен айналысады, олардың көбі жылыжай технологиясы бойынша оқытылған. Алғашқы уақытта Голландиядан агрономдарды шақыру қажеттілігі де болған.
Шетелге жүгіну, солардан маман іздеу тығырыққа тіреуде. Ал бізде оқыған мамандар ауылдық жерден қашады да, ірі бизнес орындарын сағалайды. Оған да себеп бар, өз жанын әзер бағып отырған, табысының жартысы ток, суға, несиесін төлеуге кетіп жатқан жеке шаруашылық иесі тәжірибелі агрономға жалақыны қалай тауып бере алады? Осыдан барып ашылып, кейін шашылып қалған жылыжайлар да жетерлік. 2017 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында Шымкенттің іргесіндегі ірі жылыжай шаруашылығы құлдыраудың алдында тұр деген жарияланым желдей есті.
Ізгі шара игілігін берсе жақсы
Бұл жоба шетелдің емес, дастарқанда өзіміздің отандық көкөніс, жеміс-жидекті көру үшін жасалып жатқан игі шара екені түсінікті. Дегенмен білікті маман тапшылығы, электр энергиясының қымбаттығы, жылыту жүйесінің дұрыс қамтамасыз етілмеуі жеке шаруашылық иелеріне жылыжайды табыс көзіне айналдыруға қолбайлау болып тұр. Мысалы, 2019 жылы несие алып, Ақтөбе облысы Ойыл ауданында жылыжай салған жеке кәсіпкер Сапура Мырзағалиева:
– Жылыжайды ашқанымызға көп болмады. Қияр, қызанақ өсірдік. Кейін құлпынайға көштік, алғашқы өнімді де алдық. Бізде қыс ұзақ қой. Қазіргі табысымыз жан бағуға ғана жетіп тұр. Газбен жылытамыз. Жарықтандыру үшін электр компаниясымен шартқа отырғанбыз, енді соның балама жолын іздеуіміз керек. Өйткені токқа да біраз қаржы кетеді. Бізде қазір білікті агрономдар жоқ. Сол жағы жұмысымызды алға жылжытпай тұр. Үлкен шаруашылықтар шетелден арнайы мамандарды шақырып мәселесін шешеді. Олардың құны қымбат. Сол жағын да ескеру керек, – дейді.
Мамандар тапшы
Шетелге жүгіну, солардан маман іздеу тығырыққа тіреуде. Ал бізде оқыған мамандар ауылдық жерден қашады да, ірі бизнес орындарын сағалайды. Оған да себеп бар, өз жанын әзер бағып отырған, табысының жартысы тоқ, суға, несиесін төлеуге кетіп жатқан жеке шаруашылық иесі тәжірибелі агрономға жалақыны қалай тауып бере алады? Осыдан барып ашылып, кейін шашылып қалған жылыжайлар да жетерлік. 2017 жылы бұқаралық ақпарат құралдарында Шымкенттің іргесіндегі ірі жылыжай шаруашылығы құлдыраудың алдында тұр деген жарияланым желдей есті. 2009 жылы мемлекеттен 300 миллион теңге қолдау алған кәсіпкер жылыжайды салып, оны агроталаптарға сәйкес жабдықтаған да болатын. Бірақ екі-үш жыл өнім алып келген серіктестік жұмысты жүргізе алмай, шығынға батыпты. Кейін бұл ірі жылыжай сатылуға қойылды. Міне, осындай ірі кәсіпорын жабылып жатқанда шаруашылық жылыжайға ақша бөлу, миллиардтарды желге шашу емес пе?
– Ауыл шаруашалығы саласы бүгінгі таңда бұрынғыдай дәстүрлі егіншілік немесе дәстүрлі мал шаруашылығын құру ұғымынан өтті. Ендігі кезде ауылшаруашылық саласына білім мен ғылым көмекке келуі керек. Себебі білімсіз саланың алға жылжуы мүмкін емес. Осыған сай біздің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтары болашақта нәтижелі жұмыс істеуге ынталы болса, білім мен білікке назар аударуы қажет. Осылайша, ғылым мен білім біліктілікпен ұштасқан уақытта ғана мол өнім аламыз. Оған біздің елде де мысалдар жеткілікті. Енді жылыжай шаруашылығы да дәл осындай әлеуетті талап етеді. Себебі ол жылыжай біздің елде соңғы жылдары ғана қолға алына бастаған жаңа технология. Бізге шетелдік тәжірибені пайдалануға болады. Бірақ ол жақтағы климаттық және топырақ жағдайлары біздікіне мүлде ұқсамайды. Сондықтан көп жағдайда шетелдік тәжірибе біздің елге келгенде кейбір тұстары жағынан кемшілік туындап жатады. Сол себепті отандық ғылымды қолданбайынша жылыжай кешенін толықтай жұмыс істету мүмкін емес. Қазіргі кезде жылыжай шаруашылығын дамыту үшін алдымен жер таңдалады және топырақ жағдайын бүге-шүгесіне дейін зерттеп барып істі бастау абзал, – дейді С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің баспасөз орталығының жетекшісі Бердібек Хабай.
Әрине, Қытай мен Өзбекстаннан келген емес, Қазақстанда өсірілген көкөністі жеуі керек. Ол үшін шетелдік мамандарды тарта бермей, өзіміздің жергілікті жастарды, ғылымды ұштастыра отыра оқытқан жөн. Сонда ғана жетістікке жетеріміз хақ.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ