Ақтауда бір топ ата-ана алаяққа алданып қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Kazinform тілшісінің жазуынша, ата-аналар балаларын ұлттық бірыңғай тестіге дайындайтын қаладағы білім беру орталығында қосымша оқытып келген. Ол үшін оқу ақысын бір жылға толық төлеген. Айтуларынша, орталық басшысы қаражатты иемденіп, ізін суытқан. Ал айлық жалақыларын ала алмаған мұғалімдер жұмыстан шығып кеткен.
– Балаларымыз далада қалып отыр. Бұл – таза алаяқтық. Біздің әрқайсымызға кезінде келісімшарт берілді. Енді қарап отырсақ, келісімшарттарда басшылары әртүрлі. Директорлардың фамилиясы ауыса берген, – дейді ақтаулық тұрғын Баян Тұрғанбаева.
Ата-аналардың айтуынша, қосымша білім беру орталығында бір айдың оқу ақысы – 55 мың теңге тұрады. Ал егер бір жылдың ақысын алдын ала төлесе, 38 мың теңгеден жеңілдік жасалады. Сондықтан тұрғындар жеңілдікпен бір жылдың оқу ақысын түгел төлеп қойған.
Балалары алғашқы кезде жақсы оқып, көзге түскен. Алайда кейін оқу сапасы төмендеп кетіпті. Сондықтан ата-аналар орталық басшысынан ақысына сай қызмет талап етіп, болмаса ақшаны кері қайтаруды сұраған. Осыдан кейін кәсіпкер телефон қоңырауына да жауап бермей, қаладан қашып кетіпті. Алаяққа алданған тұрғындар Ақтау қаласының прокурорына барып, арыз жазды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.