Әзірбайжан Мәмбетов феномені

2025 жылдың 16 қаңтарында ҚР ҰҚК Шекара академиясының акт залында бүкіл саналы ғұмырын театр және кино өнеріне арнаған тума талант, Кеңес Одағының Халық әртісі, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов туралы қазақ тілінде жазылып, орыс тіліне аударылған «Феномен режиссера Азербайжана Мамбетова» атты кітаптың тұсау кесері өтті.

Оған Ә.Мәмбетовтің көзін көрген аға буын өкілдері мен автордың әріптестері және Шекара академиясының бастығы генерал-майор Павел Поливанов пен ҰҚК Академиясының бастығы саясаттану ғылымдарының докторы генерал-майор Ахат Мұқашев қатысты.

 Іс-шараны 1 факультетке қарасты 5 арнайы кафедрасының ұжымы ұйым­дас­тырды. Айта кету керек, кітап авторы – аталмыш кафедраның профессоры, фи­лософия ғылымдарының докторы, про­фес­сор Күмісбала Молтобарова.

Салтанатты кешке қатысқан қонақтар шара басталмас бұрын тақырыпқа қатысты режиссер Ә.Мәмбетов жайлы түсірілген видеороликті тамашалады. Шекара ака­демиясының бастығы, генерал Павел Константинович: 

«Философия ғылымдарының докторы, профессор Күмісбала Молтобарованың Халық қаһарманы, КСРО-ның, Қазақ КСР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреты профессор Әзірбайжан Мәмбетовтың тұлғасы мен шығармашылығына арналған атты кітаптың тұсаукесерін өткізіп жатырмыз. Бұл кітап Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрілігінің «Мәдениет және өнер саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақтың мәдени мұрасын сақтау, зерделеу және насихаттау» бағдарламасы аясында жарық көрген. Бүгінде кітап елі­міз­дің барлық мемлекеттік кітапханалары мен мемлекеттік мекемелеріне таратылған. Бұл кездейсоқтық емес, өйткені қазіргі жағ­­дайда гуманизм идеяларының терең дағ­­дарысымен сипатталатын жағдайды тү­сіну ерекше маңызды. Қазіргі қоғамда барған сайын жойылып бара жатқан кейбір жеке дәстүрлер немесе әлеуметтік тұтастық эле­менттері дүниедегі сана мен өзіндік сана тәжі­рибесін білдіретін гуманистік дәстүрдің тіліне айналды. Өйткені ол клас­сикалық мәдени формациялардағы «Меннің» онто­логиялық сабақтастығын қамтамасыз етті. Мұндай жағдайды бірінші болып шығар­машылық адамдары ғана түсінеді. Мәдени ортада мұндай тұлға қазақ режис­сурасының хас шебері атанған Әзірбайжан Мәмбетов болды. Оның талантының жұл­дызы баяғыда-ақ көтеріліп, театр көкжиегінде берік орын алып, еліміздің аумағынан тыс­қары жерлерге де жетті. Ол атағы жағы­нан ғана емес, өз ұлтын шынайы сүйгендіктен де халық әртісі атанды. Оның бар мұрасы режиссерлік қол­таңбасы саханада ғана емес, көрермен жү­регінде де өшпес із қал­дыр­ғаны ақиқат», – деді.

Иә, елінің ықылас-пейіліне бөленген Әзекеңнің өнер саласындағы атақ-даңқы қандай биік болса, елі үшін отқа түсуге даяр тұрған қайраткерлік тұлғасы да санамызда жаңғырады.

Сол бір жылдары Қазақстанда театр біткеннің аузында жүретін, күні бүгінге дейін үлкендердің жастарға аңыз ертегі айтқандай майын тамызып, болмыс, бітімін, шығармашылық әлеуетін жыр ғып айтып отыратын екі тұлғасы болса соның бірі – Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов. Ол қойған спектакльдер бұл күнде қазақ театр өнерінің тарихына алтын әріптермен жазылып қалды.

Өз кезегінде Қазақстан журналистика академиясының академигі, мәдениеттанушы, «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, сыншы Әлия Бөпежанова:

«Мен кітапты қуана-қуана оқып шық­тым. Кітап өте объективті, әсерлі болып шығыпты. Бәлкім автордың өзінің осы адамға деген әсерлі көзқарасы болғандықтан шығар. Расында, Әзірбайжан Мәмбетовтің көрнекті шығармашылығы еліміздің режиссура деңгейін бұрын-соңды болмаған жетістікке, биіктікке жеткізді. Әрбір көрер­меннің жүрегіне ұмытылмас әсер қалдыратын оның театрландырылған қойылымдары аншлагпен өтетін. Оның кино саласындағы еңбектері Қазақстан кинемотографиясының алтын қорына кіреді. Ол керемет талантты жұмыс істегенде қажымас қайратты бол­ғанымен, қиын тағдырлы адам еді», – деді.

Иә, қазақ театр өнері – Әзірбайжан Мәмбетовтің үлкен еңбегі. Ол өзінің бар ғұмырын театр саласына қызмет етуге сарп етті. Өз ісінің шебері, кемеңгер режиссердің талантынан шабыттанатын өскелең ұрпақ оны әрдайым есіне алып бағалайтын болады. 

Жанат ЖАБЫРБЕКОВ,

ҚР ҰҚК Шекара академиясының 

баспасөз хатшысы