Әнші Димаш Құдайберген қатерлі ісікке шалдыққан жанкүйерінің соңғы арманын орындады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл туралы марқұмның жұбайы әлеуметтік желіде жазба жариялады.
«Бұл біз үшін күтпеген жағдай болды. Мұхан Димаштың өнерін қатты ұнататын. 2024 жылдың ақпан айында Алматыдағы Абай даңғылының бойындағы онкологиялық ауруханада оны операцияға дайындап жатқанбыз. Жиеніміз Салтанат Димашқа хат жазып, ағасының жағдайын баяндап, оның әншінің шығармашылығына деген ерекше сүйіспеншілігін жеткізген. Димаштың өзі айтқандай, ол әдетте электронды хаттарды оқуға уақыты болмайды және әлеуметтік желілерді сирек бақылайды. Бірақ сол күні жазылған хабарлама көзіне түсіп қалған. Сол уақытта ол Алматыдан Ыстамбұлға гала-концертке ұшуы керек болған екен. Дегенмен, әуежайға бара жатқан жолда Мұханның жағдайынан хабардар болып, оған соғып өтуді шешіпті. Біз оның келетінін естігенде сенбедік. Тіпті ол келгенше қатты қобалжыдық, не айтарымызды білмедік. Димаш келіп, Мұханды өзінің жеке концертіне шақырды. Өкінішке қарай, денсаулығы нашарлағандықтан, ол концертке қатыса алмады. Екі айдан кейін Мұхан өмірден өтті», – деп еске алды марқұмның жұбайы.
Желі қолданушылары Димаштың адамгершілік танытып, қамқорлық көрсеткеніне алғыс айтып, пікір жазған.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.