Туындылар қатарында кескіндеме, графика, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер жауһарлары ұсынылған. Олардың ішінде Қазақстан өнерінің алтын қорына енген түпнұсқа жауһарлар бар. Айтулы оқиғалардың бірі – «Қазақстанның заманауи өнері» атты жаңа залдың ашылуы. Бұл экспозиция еліміздің жетекші суретшілерінің шығармаларын қамтиды. Сондай-ақ музей тарихы мен өркендеуіне арналған ретроспективті фотокөрме өткізу жоспарлануда. Көрмеде бірегей мұрағаттық құжаттар көшірмесі, фотосуреттер ұсынылады. Бұл көрме музейдің бүгінге дейінгі тарихы мен өркендеу жолына арналған.
Тағы бір көрме Қазақстанның бейнелеу өнері тарихында есімдері қалған суретшілердің мерейтойларына арналады. «Жанданған жауһарлар» көрмесінде 100-ге жуық реставрацияланған туынды ұсынылады. Кескіндеме, графика, мүсін және қолөнер, тоқу, зергерлік, киізден жасалған бұйымдар және басқа да реставрация жұмыстары сипатталған төлқұжаттарымен, «дейін» және «кейін» фотосуреттерімен бірге жүреді. Көрмеге көптеген жұмысқа экспозициялық көрініс беріп, көп күш жұмсаған, елеулі еңбек сіңірген аға буын реставраторлары шақырылады.
Маңызды ғылыми оқиға – жыл сайынғы «Қастеев оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы. Дәстүрлі іс-шарада музей ісін зерттеушілер мен өнертанушылар бас қосады.