Дәлдеп тұрып сәбидің аяғынан тепкен әйелдің бейнежазбасы қоғамда резонанс тудырып отыр. Оқыс оқиға Атыраудағы «Зейнеп-Әмина» балабақшасында тіркелді. Қазіргі уақытта тәрбиешінің жұмыстан қуылғаны белгілі болды.
«Зейнеп-Әмина» жекеменшік балабақшалар желісінің директоры Гүлмайда Калханованың айтуынша, тәрбиеші М.Ө. балабақшаға 2018 жылы жұмысқа тұрған. Соңғы алты жылда оның тарапынан ешқандай өрескен қылықтар байқалмаған.
«Шынымды айтсам, өзіміз таңғалып отырмыз. Біз камераларды ата-ананың шағымы негізінде қарап шықтық. Бала аяғының ауырып тұрғанын және оны тәрбиешінің ұрғаны туралы анасына 15 қаңтар күні шағымданған. Камераларды қараған кезде жағдайды көріп, сұмдық оқиғаның қалай болғанына куә болдық. Қазіргі уақытта тәрбиеші М.Ө. жұмыстан босатылды», – деді балабақша директоры Гүлмайда Калханова.
Белгілі болғанындай, тәрбиеші – 28 жаста. Тұрмыс құрмаған. Баласы жоқ. Бұрын сотталмаған. Балабақшаға дейін колледжде жұмыс істеген. Директордың айтуынша, тәрбиешінің өзі жағдайдың қалай болғанын түсіндіре алмай отырған көрінеді. «Мен балалардан қатар-қатар бойынша шығуын сұрадым. Ал әлгі бала екінші қатардан жүгіріп шықты. Реакциямның не себепті олай болғанын өзім де білмей қалдым», – депті тәрбиеші.
Тағы бір айта кетерлігі, тәрбиешіден таяқ жеген сәбидің сол балабақшада тағы екі бауыры тәрбиеленіп жатыр екен. Балабақша директоры баланың ата-анасынан кешірім сұрап, сол отбасының үш сәбиіне тегін қызмет көрсетуге дайын болған. Бірақ қазіргі уақытта зардап шеккен сәбидің ата-анасы барлық баласын әлгі балабақшадан шығарып алуға тырысып жатқаны белгілі болды.
Атырау облысы Полиция департаменті қазіргі уақытта тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалып жатқанын хабарлады.
«Зейнеп-Әмина» балабақшасының бірнеше филиалы бар және 700-ге жуық балаға қызмет көрсетеді, олардың 155-і мемлекеттік тапсырыс бойынша балабақшаға барады. Бір топта 25 бала тәрбиеленуде. Бірақ, шынын айту керек, аталмыш балабақшаға қатысты бұл бірінші шығып отырған шу емес. Былтыр атыраулық жас ана сөйлеу қабілеті дамымаған ерекше сәбиінің денесінде түрлі жарақат пайда болғанын айтып, құзырлы органдарға шағымданған болатын. Сәбидің анасы жариялаған фото-видеолардан баланың денесінде соққыдан көгерген жарақаттардың болғаны анық көрініп тұрған еді. Даулы мәселенің соңы қалай шешілгені белгісіз. Дегенмен Атырау облысы Полиция департаменті былтыр Атырауда балабақшаларға қатысты 12 қылмыстық істің тіркелгенін растады. Ал баланың қуығынан бар күшімен тепкен «Зейнеп-Әмина» балабақшасындағы сұмдық оқиға жыл басталмай жатып, балабақшаларға қатысты қылмыстық істер папкасын толықтырып отыр.
Жоғары санатты отбасылық психолог Айгерім Жүнісованың айтуынша, қазіргі уақытта адамдардың көбінде психологиялық ауытқулар бар және бұл – назар аударарлық күрделі мәселе.
«Өйткені адамдар өзінің ішкі жай-күйіне үңіле бермейді. Мысалға, адам үнемі ашуланып жүреді делік. Ол жай ғана көңіл күйдің өзгеруі емес. Адам өмірі қазір бәсекелестіктен тұрады. Әсіресе, әлеуметтік желілерде ішкен тамағынан бастап, киген киімі, алған сыйлықтарын жарнамалап жататын блогер, әншілердің өміріне қызығып, өзіне риза болмай жүрген қарапайым азаматтар өте көп. Яғни, осындай жұрттың қызылды-жасылды өмірін көріп, адамда бейсаналы түрде өзінің өмірін құнсыздандыру басталады. Психологтардың болжамынша, 2050 жылға қарай әлемде кез келген әр екінші адамда психикалық ауытқу болады. Сондықтан әр адам өзінің ішкі жағдайымен жұмыс істеуді үйренуі керек. Ал тура балабақшадағы жағдайға келетін болсақ, бұл оқиға маман таңдауға үлкен маңыз беру керектігін көрсетті.
Балабақша, мектептерге, тіпті, білім орталықтарына маманды жұмысқа аларда арнайы психологиялық, психиатриялық тексерістер өткізіп барып, шешім қабылдауды ұсынар едім», – дейді Айгерім Жүнісова.
Шынын айту керек, бауыр еті баласын балабақшаға сеніп тапсырып, осындай тосын жағдайлардың құрбаны болып жатқан ата-аналар аз емес. Былтыр Атырауда «Чебурашка» жекеменшік балабақшасында бір сәби көз жұмған болатын. Қараусыз қалған балдырған балабақша ауласында құдыққа түсіп кетіп, мерт болған еді. Қайғылы оқиғадан соң, балабақша директоры мен міндетіне салғырт қараған тәрбиеші істі болып, сотталған-ды.
Бүлдіршін сәбилерге қатысты оқыс оқиғалардың көбеюі – білім саласына және жекеменшік балабақша секторына темірдей тәртіп жетпей жатқанын көрсетіп отыр.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы