Абай облысының полицейлері боран кезінде орманда жоғалған шаңғышыны құтқарды, – деп хабарлайды Aikyn.kz polisia.kz-ке сілтеме жасап.
22 қаңтар күні 102 пультіне әйел адам қоңырау шалып, Павлодар тас жолы маңында шаңғымен серуендеу кезінде күйеуі жоғалып кеткенін хабарлады.
Оның айтуынша, күтпеген жерден басталған боран салдарынан ер адам бағытынан адасып, орманда қалып қойған. Онымен байланыс үзілген және ол орманнан өз бетімен шыға алмаған.
Шақырту бойынша оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері жіберілді.
Ауа райының қолайсыздығын ескере отырып, олар қар жамылған орманда іздестіру жұмыстарын бастады. Қалың боран мен жүріп өтуге қиын аумақтарға қарамастан, полицейлер 10 шақырымнан астам жолды жүріп өтті. Қардың үстінен шаңғы іздерін байқаған полиция қызметкерлері сол іздерді бойлай, іздестіру жұмыстарын сәтті аяқтап, семейлік ер адамды тапты.
Ер адамның жағдайы қанағаттанарлық болды, оған медициналық көмек қажет болған жоқ. Ол өзін қиын жағдайдан құтқарғаны үшін полицейлерге шын жүректен алғыс айтты.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.