Биыл Парламент газды үнемді тұтыну жөнінде ел тарихында болмаған жаңа заң қабылдамақ. Құжат Мәжілісте талқыланып жатыр.
Газы жоқтың назы көп
коллаж: Елдар ҚАБА
416
оқылды

Депутаттардың ашық айтуынша, ол газ бағасының көтерілуіне әкеледі. Себебі газды тұтыну көлемі қарқынды өсті. Ал геобарлау жұмыстарының жете қаржыландырылмауы, белсенді жүргізілмеуі, жаңа газ өңдеу зауыттарының салынбауы, басқа да факторлар салдарынан газ тапшылығы күшейді. Сондықтан мемлекет оны үнемді тұтынуға ынталандыруды мәжбүрлеу тетіктері арқылы жүзеге асырмақ. 

Парламенттің дерегінше, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фрак­ция­сының мүшелері Е.Жаңбыр­шин, Е.Смы­шляева, С.Мұсабаев әзір­леген «Кейбір заңнамалық акті­лерге газбен жабдық­тау және та­уар­лық газды үнемді тұтыну мә­селелері бо­йынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жо­­басын Мәжіліс 2024 жылғы 19 мау­сымда жұмысқа қабыл­дап алыпты. Заң сол жылы ма­құлда­на­ды деп күтілген. Алайда заңды қа­был­­дау 2025 жылдың жел­­тоқсанына ысырылға­ны бел­гі­лі болды. 

– Аталған заң жобасына Парламент депутаттары бастамашы болды. Құжат Үкіметте қаралды. Ұсынылған түзетулер Конституция ережелеріне және қол­даныстағы заңнамалық актілерге қайшы келмейді. Жеке кәсіпкерлік субъек­тілерін реттеуді қатаңдатуды көз­демейді. Мәжіліс депутаттары 32 тү­­­зетуге бастама жасады. Соның ішінде Үкімет 14 түзетуді қолдайды, 13 түзету­ді ішінара қолдайды, 4 түзетуді қол­дамайды және 1 түзету бойынша Үкі­меттің ұстанымы реттеу­шілік әсерге тал­дау жүргізілгеннен кейін берілетін болады», – деді Премьер-Министр Олжас Бектенов. 

Бұл ретте Үкімет пен Мәжіліс ара­сында «ішінара келісім» орнаған, ендеше заңмен бірге қолданысқа енгізілу мүмкіндігі жоғары баптарды ғана сараптаған ләзім. 

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, депутат Еділ Жаңбыршин бұл жобаны «Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау үшін» жазғандарын айтады. 

– Заң жобасында газ саласының келесі мәселелері бойынша түзетулер қарастырылған: біріншіден, тұтыну­шыларды газды ұқыпты тұтынуға ын­таландырады. Екіншіден, газды іш­кі нарықта сату кезінде оны есепке алудың ашықтығын қамтамасыз етеді және автоматтандырады. Үшіншіден, жеке газ тарату ұйымдарының қызметін мемлекеттік реттеу ұсынылады. Төр­тіншіден, тариф қалыптастырудың жаңа әдістері енгізілмек, – деді Еділ Терекбайұлы.

Бесіншіден, газ саласы бойынша ұлттық оператор QazaqGaz компа­ниясына жаңа құзырлар берілуі мүмкін. Мысалы, ол тауарлық газбен жаб­дық­таудың бірыңғай жүйесінің объек­тіле­рін салуды жобалауға арналған ­тапсыр­­ма­ларды және олардың жо­­ба­лық-сме­талық құжаттамасын келі­суге, сон­дай-ақ мемлекеттік бюд­жеттен қар­жы­­лан­ды­рылатын тауарлық газбен жаб­дық­таудың бірыңғай жүйесінің объек­тілерін салу жобаларын техникалық қолдауға ие болуы ықтимал. 

Санаттар бірігеді, құзырлар бөлінеді

Қарапайым халықты алаңдататы­­ны – «тұтынушыларды газды ұқыпты тұтынуға ынталандыру» шаралары болса керек. Заң жоба авторлары Президенттің өз Жолдауында мо­нополистер жайлаған нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» атты жаңа тарифтік саясатқа көшуді тапсырғанына назар аудартты. Сон­дықтан бір тұтынушыларға арналған баға басқалар үшін бағаны көтеру есебінен тежеп ұсталатын «тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан» бірте-бірте бас тартылмақ. Мұның сыртында, газ үшін тарифі көтерілетін санаттардың саны артады.

– Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 1 ақпандағы №36 бұй­ры­ғымен бекітілген «Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағи­даларына» сәйкес, тауарлық газды тұтынушылардың 11 тобы бар. Ұлттық экономика министрлігі осы 11 тұтынушы тобы үшін тауарлық газдың бөлшек бағасын газдың өзіндік құнынан да төмен етіп бекітті. Бұл газ саласын дамытуды, оның ресурстық базасын ұлғайтуды, газ тасымалдау жүйесін, яғни құбырлар жүйесін өрістетуді ынталандыруға мүмкіндік бермейді, – деді депутат Еділ Жаңбыршин.

Бұған қоса, заң авторлары газ тұты­нушылардың жекелеген санаттары үшін бағаны ұстап тұру мақсатында Үкіметтің тоғыспалы субсидиялауды жалғас­­тырғанына екпін түсірді. Яғни, бір топ, мысалы, бизнес басқа топты, тұрғын­­дарды субсидиялайды. Депутаттар мұны әлеуметтік әділеттілік емес, на­рықтағы олқылық санап, оны «түзетуге» ниетті. 

– Жаңа заң жобасында ұсынылып отырған норма тұтынушылардың 5 санатын жалғыз, бірыңғай санатқа біріктіруді және ол үшін газдың ақырғы бағасын бекітуді қарастырады. Ол баға газдың өзіндік құны деңгейінде болады, одан төмен болмайды. Сондай-ақ осы біріктірілген санат үшін баға белгілеу өкілеттілігін Энергетика министрлігіне беру ұсынылады. Сөйтіп, тұрмыстық тұтынушылар, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар, сондай-ақ тауарлық газды халыққа арнап жылу энергиясын өндіруге пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылар үшін көтерме және бөлшек бағаларды бекіту өкілеттігі Ұлттық экономика министрлігінің құзырында қалады. Ал бұл тұтыну­шылардың нормативтен тыс тұтынысына шекті бөлшек бағаны бекіту құзыры Энергетика министрлігіне көшеді, – деп түсіндірді жоба авторлары.

Экономика министрлігінің құра­мында монополистер мен қоғамдық маңызы бар нарықтар саласына жатқызылған қызметті бақылап, реттейтін, яғни бизнес пен бұқараның құқықтарын қорғайтын Табиғи монополияларды реттеу комитеті барын еске сала кеткен жөн. Мына заң оның салмақты өкілеттігін көбіне моно­по­листердің сойылын соғатын Энергетика министрлігіне алып бермек. 

Баға неге көтеріледі?

«AMANAT» партиясы фрак­ция­сының мүшесі, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов сала бәрібір жаңғыруға зәру екенін айтады. 

– Бұл проблема кеше не бүгін емес, кемі 25 жыл бұрын басталған жағдай. Өкінішке қарай, қазіргі Үкімет бұрынғы үкіметтердің қате саяси-экономикалық шешімдерінің салдарын тартып отыр. Ұзақ жыл бойы бағасы қымбат мұнайдан түскен ақшаның буын көтере алмаған секілдіміз. Сол мол қаражат бюджетті балағынан кері тартатын сән-салтанатты жобаларға, неше түрлі шараға жұмсалды, одан қалса ұрланып-жырланды. Осылай жүріп уақытты босқа өткізгеннің ке­сірінен еліміздің жартысына жуығы бүгінгі күні газбен қамтылмады. Мұнай мен газ үстінде отырып, бірде-бір жаңа газ өңдеу зауыты салынбады. Қолда­ныстағы инфрақұрылымның тозығы жетті, – деді Ә.Жұбанов.

Былтыр депутаттар бюджеттің шығыстарын қайта қарау есебінен 2025 жылы халықты газбен қамту мәселесін шешуге, ауыл шаруашылығын қаржыландыруды үш есе ұлғайтуға, тұрғын үй салуға қосымша жалпы сомасы 100 миллиард теңге бөлгізе алды. Бірақ салада жылдап қордаланған мәселелерді шешуге бұл да жұқ болмайтын көрінеді. 

– Таяу жылдары QazaqGaz-дың шетелге сататын көгілдір отынының экспорты минимумға дейін құлдырайды. Өйткені ішкі нарықта тұтыныс өсіп барады. Бұл оған ары қарай газ бағасын ұстап тұруға мүмкіндік бермейді. Себебі компания шетелге жоғары бағаға газ экспорттаудан түскен табысы есебінен сол газды еліміздегі тұтынушыларға өзіндік құнымен жеткізу шығындарын өтейді. Елді тұрақты газбен қамтуды сақтап қалу үшін қолданыстағы көтерме бағалар мен өзіндік құн арасындағы айтарлықтай айырмашылықты 3 жыл ішінде қысқартуымыз қажет, – деді Энергетика министрлігінің сарап­шылары.

Заң қабылданғанда газдың көтерме бағасының бір мезгілде күрт жоғары­лауын болдырмау үшін тауарлық газдың шекті көтерме бағаларын жылына 2 рет, бөліп көтеруге рұқсат етілмек. Сонда «бағаның күрт емес, кезең-кезеңмен көтерілуі қамтамасыз етіледі».

Ал «баға көтерілісінен» тұрмысы онсыз да төмен бұқара қатты зардап шекпеуі үшін «халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған тауарлық газдың төмендетілген бағасының айырмашылығын атаулы-адресті субсидиялау» туралы жаңа норма ұсынылды. Ал қолданыстағы тәжірибе бойынша тек кедейлерге емес, бүкіл халық үшін газ бағасы оператордың табысы есебінен арзандатылатын.    

Алпауыт та субсидия сұрайды

Депутаттар QazaqGaz-ды да субси­диялауды сұрап отыр. Бұл оның кре­диторлары мен контрагенттері ал­дын­дағы қарыздарын «сөндіру» үшін қажет көрінеді. Министрліктің дерегінше, QazaqGaz Aimaq АҚ халықты газбен үздіксіз қамту мақсатында оларға тауарлық газды жеңілдікті бағамен сатады. Бұдан бөлек, жаңа пилоттық жоба аясында Шымкент қаласы мен Батыс Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік көмекті және тұрғын үй көмегін алуға мәртебесі бар азаматтарға «Әлеуметтік әмиян» арқылы тауарлық газға тағы да қосымша жеңілдік беріле бастады. Жеңілдік мөлшері газға есеп­телген соманың 24%-ына дейін жетуі мүмкін. 

Сонымен бірге ұлттық компанияның өзі газды өндірушілерден нарықтық бағамен сатып алатын көрінеді. Жер қойнауын пайдаланушылар мұнайға ілесіп шығатын көгілдір отынның үлкен бөлігін алауларда босқа жағып жатады. Алайда олар соны тұтыну­шы­лардың барлық топтары үшін жеңілдікті көтерме бағамен сатуға міндеттелмеген болып шықты.    

– Осыған байланысты QazaqGaz Aimaq тауарлық газды өткізуден алын­баған табыс айырмашылығы көлемінде шығын шегіп жатыр. Алынбаған та­бысты ол тұрақты, үздіксіз және апатсыз өндірістік циклды ұстап тұруға бағыттай алатын еді. Мысалға, 2023 жыл қоры­тындысында атаулы әлеуметтік көмекті және тұрғын үй көмегін алатын 177 764 азамат тауарлық газды субси­дия­ланған баға бойынша алды. Тұтыну көлемі жылына 32,3 миллион текше метрді, шығыны 174,6 миллион теңгені құрады», – деп хабарлады Энергетика министрлігі. 

Ведомство жылу-энергетикалық кешендердің жеткізілген газ ақысын уақытылы төлемеуі жыл сайын қайта­ланатынына назар аудартты. Тұтынылған газдың төлемін 2-3 ай кешіктіріп ау­дарады. Салдарынан газ жеткізушіде салықтарды төлеуге, контрагенттермен, өнім жеткізушілермен есептесуге, сондай-ақ газ беру жүйесіне техникалық қызмет көрсетуге ақшасы жетпей қа­ла­тын кездер болады екен. Сол се­бепті депутаттар QazaqGaz компания­сына да субсидия сұрап отыр.

Бір жыл ішінде апаттық-диспетчерлік қызметтерге газ құбырларында, жаб­дықтарында, абонентте апатты жағдай туындағаны туралы 71 230 шағым түсіпті. 428 апат болған. 

Жаңа заң қабылданған соң бұқара мен бизнес газ есептегіштерін өз ақша­сына ауыстыруға мәжбүрленуі мүмкін. Себебі заң жобасында ұсынылғандай, бұдан былай есептегіштер деректерді қашықтықтан беруді қамтамасыз етуге және Еуразиялық одақтың техникалық регламенттері мен ұлттық стандарттарға сай келуге тиіс. Осы орайда жеке тұл­ғалардың үйінде 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін орнатылған және деректерді қашықтықтан беруді қамтамасыз етпейтін есепке алу аспаптарының пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін тұратыны айтылды. Ал заңды тұлға­лардан 2025 жылғы желтоқсаннан ке­шіктірмей жаңа есептегіш орнату талап етілуі мүмкін. Мұның да газды ысырап етпей, үнемді пайдалануға ықпал ететіні айтылды.

Бұдан бөлек, Үкімет біріншіден, газ тасымалдау және газ тарату жүйелерін цифрландыру үшін өнеркәсіптік тұтынушылардың да «газды есепке алудың механикалық аспаптарын» «телеметрия функциясы бар газды есепке алу аспаптарына» ауыстырады. Екіншіден, газбен жабдықтаудың технологиялық объектілерінде газ шы­ғынының, босқа ағып кетуінің санын, сипатын анықтау үшін жаппай тексеру жүргізбек. Үшіншіден, халықтың газ тұтынуын анықтайтын талдамалық жүйе, портал іске қосылады. Сонымен қатар халық арасында газды барынша аз, ұтымды пайдалануға үндейтін түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінде елдің ішкі тұтынуы мен ұлттық энергетикалық балансының құрылымында газ екінші орынға шықты, оның үлесі 24%-ға жетті. Көмір және басқа органикалық отынмен салыс­тыр­ғанда, газ экологиялық таза са­налады. Сондықтан декарбонизация саясаты, өңірлерді газдандыру, ел экономикасының өсуі аясында алда оның тұтыну құрылымындағы рөлі мен үлесі тек артады.

Алайда ОПЕК-тің OPEC Annual statistical bulletin есебінде айтылғандай, соңғы онжылдықта Қазақстанда газдың минералдық-шикізат базасы нашарлады, қоры азайды. Газ қорларын ұлғайту, өндірілген қорын жаңа ашылған кен орындарымен өтеу үшін жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлау бағдарламасын іске асырады, әйткенмен, Энергетика министрлігі инвесторлардың орындаған жұмыстарының көлемі тым жеткіліксіз болып қалуда дейді. 

Сондықтан жер қойнауын пайда­ланушыларды геологиялық барлауды қаржыландыруға көндіре алмаған шенеуніктер тұйықтан шығар жолды тұтынушыларды газды неғұрлым аз және үнемді қолдануға иліктіруден көріп отырғанға ұқсайды.

Елдос СЕНБАЙ