Соңғы кезде қоғамда ұмра сапарын ұйымдастырушы кейбір турфирмалардың күмәнді іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар көбейген.
ҚМДБ 180 адамды қажылыққа апарамын деп алдаған «наиб имамға» қатысты мәлімдеме жасады
Видеодан скриншот
760
оқылды

 Jazera travel  компаниясының басшысы  Мейіржан Бауырұлы Ырыскелді еліміздің бірнеше аймағынан 100-ден аса азаматты ұмраға алып барамын деп ақша жинап, уәдесін орындамаған. ҚМДБ Мейіржан Бауырұлы ешқандай діни қызмет атқармағанын және мешітте наиб имам болып жұмыс істемейтінін мәлімдеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz

Мүфтияттың мәліметінше, Алматы облысының Іле ауданындағы «Сәбденұлы Өтеген батыр» мешітінің наиб имамы  Марсель Тамашбековке  Jazеra travel  компаниясының басшысы Мейіржан Бауырұлы ұмра сапарына ниет еткен жандарға дәріс өтіп беру жөнінде өтініш жасаған. Наиб имам діни құлшылықты түсіндіру мақсатында өтініштерін қабыл алып, екі рет сабақ өткізген. Дәріс соңы сұрақ-жауап негізінде жалғасып, наиб имам  Jazеra travel  компаниясының қызметі жайлы білген ақпараттарымен де бөліскен.

 Jazеra travel компаниясына қатысты даулы мәселе құқық қорғау органдары тарапынан тексерілуде. Наиб имамның аталмыш мәселеге қатысы бар-жоғы анықталу үстінде. Осы ретте ҚМДБ өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарынан тексерілмеген мәліметтерді таратпауын сұрайды.

Айта кетейік, соңғы кезде қоғамда ұмра сапарын ұйымдастырушы кейбір турфирмалардың күмәнді іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар көбейген.

Осы орайда ұмраға баратын азаматтарға қызмет көрсету, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету аталмыш турфирмалар жауапкершілігінде екенін еске саламыз. ҚР сыртқы туризмді реттейтін тиісті заңнамасына сай ұмра сапарын топпен ұйымдастыру үшін міндетті түрде мемлекеттік лицензиясы болуы тиіс және әр ұмра жасаушыға туроператор тарапынан туркод берілуі қажет. Мұндай талаптар орындалмаған жағдайда ұмраны топпен ұйымдастыру ҚР заңдарына қайшы.

Осы ретте ұмраға апарушы турфирмалардың қызметін қадағалауға Діни басқарманың заңды құзіреті жоқ екенін жеткіземіз.

Сонымен қатар отандастарымызды ресми туроператорлық лицензиясы жоқ туркомпаниялармен ұмра сапарына бармауға шақырамыз,  деп мәлімдеді ҚМДБ.