Өткен жылы 293 мыңнан астам адам жұмысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан қаржы алған.
Жұмыссыз қалған жағдайда берілетін төлемдер туралы білесіз бе?
Фото: istockphoto.com
439
оқылды

Әлеуметтік қорғау міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан жағдайда «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының» қаражаты есебінен жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер төленеді,  деп хабарлайды Aikyn.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдемесіне сүйеніп.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алуға болады. Төлем жоғалған кірістің 45%-на дейінгі мөлшерде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:

- eGov.kz порталында авторизациялану;

- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).

Бұл қызметті онлайн режимінде Электронды  еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының  қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 293,6 мың адамды құраса, 2023 жылы 258,6 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалған. Жұмыссыз қалған азаматтарға берілген төлемдердің жалпы сомасы 88,3 млрд теңгені құраған.